Главная » Аймақ » Қарқаралы » Халық алдында есеп берді

Халық алдында есеп берді

    Қарқаралы ауданының әкімі Халел МАҚСҰТОВ аудан тұрғындары алдында жылдың есебін беріп, биыл атқарылар жұмыстар мен міндеттерді баяндады. Өткен жылы шешімін тапқан өзекті мәселелерді түгендеп, өңірді дамытуға қатысты жоспармен таныстыру ауқымында өткен жиынға облыстың дін істері басқармасының басшысы Нұрлан БИКЕНОВ, жергілікті мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, ауыл әкімдері мен еңбек ардагерлері, қала тұрғындары қатысты.

Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Айталық, өңірде өткен жылы бюджеттің 96,8%-ы игерілді. Жалпы, экономика көлемі 98,5%-ға өсіп, жоспар артығымен орындалған. Мемлекеттік бюджетке жалпы 1274,7 млн. теңге, аудандық бюджетке 758,9 млн. теңге қаражат түскен. Аграрлық салада да өсім бар. Ауданда өндірілген өнім көлемі 24871,8 млн. теңгені құрады. Егін шаруашылығынан өзге, мал азығына қажет көпжылдық шөп егу де дұрыс жолға қойылған. Мал басының өсуі де жылдан-жылға артып келеді. Жыл қорытындысында аудан бойынша жылқы – 47354, ірі қара мал – 84226, қой және ешкі – 157636, құс – 55737 басты құрады. Сәйкесінше, одан өндірілген өнім көлемі де бірнеше пайызға өскен.

Ата кәсіптен қол үзбеген ауданда мал өсіру және оны асылдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оның ішінде ірі қара мал басын асылдандыруға ерекше ден қойылған. Облыс көлемінде асылтұқымды мал басын өсіруде «Ынта», «Құт», «Нұр», «Қамбар Ата», «Шоқпартас», «Свиридов» шаруа қожалықтары белсенді түрде жұмыс жасап жатыр. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 61-қадамындағы «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту, шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» туралы тапсырмасына сәйкес, ауданда экспортқа 299 бас ірі қара мал тірідей Ақмола облысындағы «АгроЭкспорт ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылған. Шалғайдағы мал жайылымдарын суландыру бағдарламасына сәйкес, өткен жылы 5 құдық қазылып, жоспар артығымен орындалды. Ауданда ауыл шаруашылық кооперативтерін ашу қарқын алуда. Жалпы, шаруа қожалықтары Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер мен берілетін субсидиялардың пайдасын көруде. Аудан бойынша барлығы 505 млн. теңгеге субсидия берілді. Жаңа технологияларды пайдалануды да қолға алған. Бірқатар шаруашылықтар күн сәулесінен қуат алатын электр қондырғыларын, малдарын алыстан бақылайтын чиптер, заманауи құрылғылармен жабдықталған мал сою және бордақылау алаңдарын пайдалануда. Сонымен қатар,  М.Мамыраев ауылдық округінде, Көктас ауылында, Қарағайлы кентінде жылыжай шаруашылығы қолға алынып, халықты таза экологиялық өніммен  қамтамасыз ету жолға қойылған.

Еліміздегі жұмыссыздықты жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның шарапатын аудан халқы көруде.  Жыл көлемінде шағын және орта бизнес саласында 300-ден астам жұмыс орны ашылып,  1054 адам жұмыспен қамтылды. Жаңадан 11 нысан іске қосылып, бөлшек тауар айналымының көлемі 110,1%-ға орындалған. Яғни, кәсіпкерлерді несиелендіру мақсатында 111 кәсіпкерге 424,1 млн.теңге қаражат қаржы институттары арқылы берілген.

Жиында аудан әкімі білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында тындырылған істерді баяндап, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жасалған жұмыстардан да хабардар етті.

Жалпы, ауданның географиялық жағдайы туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Бұл – кәсіп ашуға да зор мүмкіндік. Осы бағыттағы үздік жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тартуда бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр. Бүгінде туристерге арналған рекреациялық зоналар мен қала басында барлығы 2,5 мыңға жуық жатын орны бар 26 нысан қызмет көрсетуде. Туристік нысандар тарапынан барлығы 209,7 млн. теңгеге қызмет көрсетіліп, өсім 105,1%-ға орындалған.

Ауданның экономикалық өсімі мен халықтың әлеуметтік әлеуетінің жақсаруына бірден-бір ықпал етіп отырған – өнеркәсіп саласы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 8755,6 млн. теңгені құраған. Өңірдегі «Өркен-Кентөбе», Қарағайлы байыту фабрикасы, «Абыз» кеніші, Теректі тау-кен байыту комбинатында аудан халқының басым бөлігі еңбек етеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі –10379,1 млн. теңге.

Аудан әкімінің есебінен байқағанымыз, тұрақты экономикалық ахуалды сақтау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, өнеркәсіп саласындағы инвестиция көлемі көрсеткішінің орындалмай қалуы. Бұған себеп – «Алтай полиметаллы» кәсіпорнында өткен жылға қатысты растаушы құжаттардың болмауына байланысты есептер статистика басқармасында қабылданбаған.

Осы жыл еншісінде тұрған басты міндет – Елбасы Жолдауын негізге ала отырып, үкімет тарапынан қабылданған салалық бағдарламаларды жүзеге асыру. Аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, өтініш тілектерін білдіріп, жылдық есепке бағаларын берді. Сұрақтың басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты болды. Өз кезегінде, аудан басшысы қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақытылы жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатынын, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*