Главная » Жаңалықтар » Тәуелсіздік жылнамасы

Тәуелсіздік жылнамасы

                 ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ жасампаз халқына арнаған «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа еңбегінде егемен еліміздің негізі қаланғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму, өсіп-өркендеу ерекшеліктері, 26 жылдық Тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің, атқарылған мемлекеттік, қоғамдық іс-шаралардың мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баршаға түсінікті тілде, қазақша-орысша  баяндалады.

Кітаптың алғысөзінде Көшбасшымыз еліміздің батыстық та емес, шығыстық та емес, өз жолымен, қазақстандық ерекше даму жолымен жүретініне айрықша назар аударып, былай дейді: «Деректерді талдап, оқиғаларға обьективті баға беріп үйрену ғана емес, тарихи үрдістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала беруге тиіспіз».

Кітап еліміздің жаңа тарихын, тәуелсіздік дәуірін тұтас қамтыған 4 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің өз атауы бар. Мәселен: 1. Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар), 2. Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар), 3. Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар), 4. Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы, (2010 жылдар).

Әр бөлімде жаңа тарихымыз бен Қазақстанның дәуірлеу эволюциясы, айтулы құнды тарихи оқиғалар бөлімдерге жіктеліп, нақты, әрі дәл суреттелген. «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясаты: тыңға түрен салғандай…», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала», «Саяси тұрақтылық желісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер» сынды бөлімдерде еліміздің бүгінге дейінгі қол жеткізген толағай жетістіктері, саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени, рухани дамуы жан-жақты дәйектеледі.

Мемлекет басшысы бұл кітабында негіздеп берген тағы бір өзекті мәселе – халықаралық дипломатия мәселесі. Тәуелсіздік дәуірі халықаралық қатынастардың алғы сахнасына қазақстандық дипломатия феноменін ұсынды. Ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау саласында, өңірлік өткір дағдарыстарды реттеуде, қауіпсіздікті нығайтуда, өзара тығыз экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда және ірі халықаралық ұйымдарды басқаруда өзін-өзі айқын көрсеткен жаһандық дипломатия туралы әңгімелейді.

Президент сыртқы саясатты жаңа кезеңге прагматикалық, әрі белсенді, яғни дәйекті түрде ұлттық мүддеге бағдарланған және ілгерінді, барлық  елге пайдалы саясат ретінде ұсынады. Мұндай белсенді, бастамашыл саясат «Қазақстан – 2050» Стратегиясын сәтті іске асыру және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін аса  маңызды шарты, қолайлы ортасы болды. Бұл – Тәуелсіздік дәуірінің нағыз өміршең, шынайы дипломатиясы, еліміздің халықаралық беделін асқақтатқан саяси абыройлы көзқарасы, берік ұстанымы еді.

Кітапта 1991 жылы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, қазіргі таңға дейінгі тарихи кезеңдегі мемлекетімізде қиыншылықтарды қажырлылықпен, жасампаздықпен, төзімділікпен жеңе отырып, өмірдің барлық саласында жүзеге асырылған жетістіктер хронологиялық, фактологиялық мазмұны терең, тұжырымды сипатта баяндалады.

«Тәуелсіздік дәуірі» – еліміздің алдағы  күндеріне жүктелетін міндеттерді саралап, дәйектеп берумен де құнды кітап. «Әр буын өзі өмір сүрген уақытты өзекті кезең санайтыны бар. Бірақ, мыңжылдықтар тоғысындағы бетбұрысты дәуірде өмір сүру мәртебесін біздің буынның ғана маңдайына жазып отыр. Бұл қазіргі толқынға тағдырдың сыйы ғана емес, сонымен қатар уақыттың зілбатпан жүгі, тек мүмкіндік қана емес, тәуекелі мол қауіп-қатер екенін де айтқым келеді», – дейді Елбасы. Мұндағы «Зілбатпан уақыт жүгі» дегеніміздің жаһандық ең озық технологияны игеру арқылы экономикамызды әлемдік даму үрдісінен қалдырмау, барынша ілгерілете беру.

Ал, «тәуекелі мол қауіп-қатер» дегеніміз жалпы қауіпсіздікпен қатар, болмай қоймайтын жаһандық экономикалық дағдарыстар. Оған төтеп беру үшін де ғылым мен технологияның барлық саласында зор ынтамен алға қарыштай ұмтыла беруіміз керек. Мұндай үрдіске ілесе алмау – жұртта қалумен бірдей. Оның соңының қандай болатыны айтпаса да түсінікті.

Кемеңгер де дана, көреген Елбасымыздың данышпандықпен жүргізген ішкі-сыртқы сындарлы саясатының нәтижесінде экономикасы тұлдыр мемлекеттен экономикасы қарыштаған, дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алған, әлемдік саяси картада жоқ  мемлекеттен саяси абыройлы беделін әлем танып мойындаған, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіндегі бүкіл жер шарының тағдырын шешетін аз елдің қатарына қосылып, Президенті осы кеңеске төрағалық еткен танымал мемлекетке айналды.

Ел келешегі, халқымыздың болашағы, ұрпақтарымыздың өмірі бұдан да жарқын. Президентіміз бұл кітабын былай деп аяқтайды: «Бүгінде болашақ үшін жұмыла іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді». Елбасының бұл сөзінен еліміздің алға қойған даму стратегиясының негізгі мақсатын айқын аңғарамыз.

Елбасының жаңа кітабы – Тәуелсіздігіміздің жылнамасы, аса құнды тарихи еңбек, құнды тәлім-тәрбие құралы.

Ғазым ЖАРЫЛҒАПҰЛЫ,

«Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет-спорт қызметкері,

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жаңаарқа ауданының

Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*