Главная » Мезгіл мәселесі » Қамданған қапы қалмайды

Қамданған қапы қалмайды

     Қарағанды облысы қарғын суға сақадай сай. «Қазгидрометтің» айтуынша, ақпан айында қардың түсуі қалыпты нормадан аспайды. Десек те, өзен арналарын қалыпқа келтіру үшін 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып, Бұқар жырау, Қарқаралы және Осакаров аудандарында 4 су қоймасының құрылысын салу қарастырылуда.

Қазірдің өзінде облыс бойынша су тасқынына қарсы бірқатар іс-шаралар басталып та кеткен. Мысалы, жыл сайын су тасқынынан зардап шегетін Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарын бірінші кезекте қорғау қамтамасыз етіліп, су келетін жерлер ұзындығы 25 шақырымды құрайтын топырақ үйінділерімен жабылған.

Сонымен қатар, Ғабиден Мұстафин кентін Теміртау қаласымен жалғайтын жолға демонтаж жасау жоспарланып отыр. Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ТЖ мәселелері бойынша орынбасары Анатолий Шкарупаның айтуынша, аталмыш жолда жыл сайын қар көбесі сөгілгенде ауылды шайып кетпес үшін әр жерінен суға арналған өткелдер жасалып, кейін су қайтқан кезде қайтадан қалпына келтіріледі. «Ал, биыл Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданымен бірлесе отырып, суды бір жерге жинап, кейін ауыл шаруашылығы жұмыстарына қолдану жоспарлануда. Жолды бұзу ақпан аяғында басталмақ. Яғни, қар ерігенге дейін кент тұрғындары жолды пайдалана береді, жұмысты екі апта шамасында аяқтау жоспарда» – дейді А.Шкарупа. Сонымен қатар, жыл сайын жолды бұзып, әуре-сарсаңға салынбас үшін жолдың осы бөлігіне болашақта көпір салу да жоспарда бар екен.

Сонымен қатар, Анатолий Шкарупа Көкпекті елді мекеніндегі бөгет қайта қалпына келтірілмесе де су қоймасы транзитті режимде жұмыс жасап тұрғанын айтты. Жалпы, облыс бойынша 262 гидротехникалық құрылғы болса, олардың барлығы әр түрлі қауіп-қатер деңгейінде. Бірақ, олардан келетін қауіп жоқ. Самарқан, Топар, Ынтымақ, Шерубай-Нұра, Теңіз су қоймаларындағы жағдай жергілікті атқару органдарының қатаң бақылауында.

Айта кету керек, былтыр еріген қар суын тоқтату үшін мемлекеттік, облыстық және жергілікті бюджеттен 296 млн. теңге қаражат бөлінген. Павлодар облысына шекаралас Ақжар плотинасына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*