Главная » Жаңғырық » Ойды ой қозғайды

Ойды ой қозғайды

2018 жылдың 28 қаңтарында «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған Қызғалдақ Айтжанованың «Не артық: қой баққан, әлде ой баққан?» деген  мақаласын оқыдым. Ойды ой қозғайды. Материалды оқып отырып,  ауылдағы фермерлердің  жағдайларын көз алдыма елестетіп,  менің де жүрегім езілді. Бұрын да бұл мәселе көңіліміздің түкпірінде жүретін.

Американдық Эндрю Хиггинстің қазақ фермерлері туралы  материалы жақында  теледидардан да көріп едік. Алматы облысының маңайындағы фермерлердің жағдайы суреттеліпті. Аңғал-саңғал қора, жалғыз қыстақ. Дастарқан  ас та төк  болмаса, оның несі байлық? Мұны көріп өскен балалар қайдан төрт түлікке жуысын?! «Фермерлердің осынау тіршілігіне өз басым жаным ашып, жүрегім езіліп қоя берді» дейді автор. Бұған әр қазақтың жаны ашитыны рас. Ауылдан шығып, көп нәрсені саралап, өзі көрген соң  осындай қорытынды жасаған автор. Біз де әр аудандағы, шеткі, қатынасы қиын жердегі көзбен көрген жағдайларға уайым кешетінбіз.

Қарағанды облысындағы бірталай фермерлердің де тұрмысын көріп, кейде қуанып, кейде қамығатын кезіміз көп. Қайсыбірінің көмек жоқтығынан емделе де алмай, малға ие таппай, басшы әке кеткен соң тарыдай тарағандарының да куәсі болдық. Оған көмек беретін, сұрау салған  басшылық болмағаны да рас. Бұл – енді баршаға ой тастайтын мәселе.

Президент биылғы Жолдауында бағыт-бағдарымызды айқындады. Оның ішінде, осы аграрлық салаға да басымдық берілді. Сондықтан, мал шаруашылығымен шұғылдану үшін ол шаруа қожалықтың басшысы  алдымен, білікті, заман талабына сай, білгір, ақпаратты, технологияны да терең меңгеруі тиіс. Ал, біз бұл жағына келгенде әлсізбіз. Біздің фермерлерге осындай алғырлық қажет.

Қолдағы малдың басына мәз болмай, фермерлік қожалықтардың  өркениетке сай қанат жаюына жағдай жасалса дейміз. Өйткені, фермерлер – әлеуметтік-экономикалық дамудың мықты әлеуеті. Олардың ел өркендеуіне қосар үлесі де қомақты.

Жалпы, аталған мақалада көп­тің көкейіндегі тақырып қоз­ғалған. Алла риза болсын!

Енді сала біліктілері осы жайтты ойлануы тиіс. Заманның тың жаңалықтары, қоғамның сұранысынан туған қажеттіліктерге фермер қожалықтары қол жеткізуі керек. Шынында да, өркениет онда ұя салмайынша, олардың тұрмыс-тіршілігі өндемейді.

Манат ӘБЕНОВА,

ардагер ұстаз.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*