Главная » Аймақ » Қарқаралы » Азаматы жақсы ауыл азбайды

Азаматы жақсы ауыл азбайды

                   Ақылды, білімді, саналы, еңбекқор, талапшыл, ынсапшылдық. Адам баласының бойындағы бұл қасиеттер адамгершіліктің ең биік сатысынан орын алмақ.
Терең, өрелі ой қозғап, санаға салмақ салатын қазақтың нағыз айбынды азаматтарымен еліміз бірге жасап, өсіп-өркендеп келеді. Ананың ақ сүтімен дарыған кие, атаның қанымен сіңген қасиет адамның өмір жолында өсуге ықпал етері сөзсіз. Еңбегімен еңселі, еліне ардақты азаматтың бірі – Серік ІЛИЯШЕВ.

Артық сөзі жоқ, бірақ, шындықты бетке айтатын, өз ісінің білгірі, еңбекқор ел азаматы бүгінде аудан орталығынан шалғайда орналасқан Темірші ауылдық округінің әкімі. Оқыған, зиялы әкенің темірдей тәртібін, үйде отырып, жарының жағдайын жасап, балаларының бабын тауып, шаңырағының шырайын келтіріп отырған ананың тәрбиесін көрген Серік Смаханұлы әке мен шеше салып кеткен үрдістен айныған емес. Ауыл мектебінде қырық жыл мұғалім болған әкесі балаларының зейінді де, зерделі болуына жіті көңіл бөлді. Ағасы Берік екеуі сабақты бітіріп, жазғы демалысқа шығысымен әкесінің інісі Ағыбайдың жанында егістігіне қолғабыс етеді. Өзі де ұрпағын адалдыққа баулыды, шындыққа бейімдеп, төзімділікке үйретті.
С.Ілияшев 1958 жылдың 9 ақпанында Қарағаш ауылындағы Смахан ақсақал мен Төлеужан апаның отбасында дүниеге келді. Сегізжылдық мектепті бітіргеннен кейін 9 бен 10-шы сыныпты Киргизиядан оқыды. 1975 жылы Семейдің зоотехникалық мал дәрігерлік институтына түсіп, 1980 жылы арнайы жолдамамен Еңбек совхозында алғашқы еңбек жолын мал дәрігері болып бастады.
Серік Смаханұлы өзінің қызмет барысында тәжірибелі директорлармен қызмет жасағанын мақтанышпен еске алады. Жұмажан Қасымов, Сағат Түгелбаев, Серік Рымбаев, Ғазиз Мұсатаев, Байкен Мұқанұлы, Кәрім Ақбаев секілді білікті де білімді басшылармен тізе қоса еңбек етті. Алдыңғы толқын ағалардың өнегелі ізімен жүре, өзі де туған ауылы Қарағашта ауыл басшысы қызметіне дейін жоғарылады. Заман қожасы – нарықтық кезең келіп, ауыл тарап, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кездің өзінде Серік ағамыз ата кәсібінен қол үзбеді. Ағайындардың басын қосып шаруашылық құрып, 2009 жылға дейін шаруа қожалығының басшысы болады. Дәл осы жылы іргелес Томар ауылына әкім болып бекиді. Осы кездері кетеуі кете бастаған ауыл біраз қалпына келтірілді. Ауыл халқымен тіл табысып, елді мекеннің әлеуметтік тұрғыда дамуына есепсіз үлес қосты. Қақ-соқпен ісі жоқ, бар білері атқарып отырған жұмысы, халқы алдындағы жауапкершілігі, елі үшін жасаған еселі еңбегі өз нәтижесін берді. Табан аудармастан 2016 жылға дейін осы жерде әкім болды.
Темірші ауылдық округінің әкімі құрметті демалысқа шыққаннан кейін қазір туған жері Еңбекте әкім болып, жемісті қызмет жасауда. Табандылық пен еңбекті жанына серік еткен Серік Ілияшевтің туған жеріне сіңіріп жатқан еңбегі ерекше. Бір-біріне аға-бауыр болып сыйласқан ауылдың ажары күннен-күнге артып келеді. Экономикалық ілгерілеу, әлеуметтік әлеуеттің күш алуы ауыл тұрғындарының ұйым-берекесінің арқасы. Халқы басшысына бағынады. Басшысы халқын қадірлейді. Халық пен билік бірлесе отырып, еңбектеніп келе жатқан Темірші ауылында қай жағынан болсын өсім бар, өрлеу бар. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. 31 шаруа қожалығы бар. Ауыл басындағы орта мектепте 150 бала білім алса, 38 бала мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Өткен жылы 22 бала дүниеге келген. Екі клуб, екі кітапхана жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімшесі бар. 2017 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауданнан 1 млн. 255 мың теңге қаражат бөлініп, су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауыл ішінің тазалығы, абаттандыру жұмыстары ауыл әкімінің назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар, ауылда наубайхана мен дүкендер халық игілігіне қызмет жасауда. Ұялы байланыс қызметі үздіксіз жұмыс жасап тұрады. Аудан орталығына он бес орындық «Газель» автокөлігі аптасына екі рет қатынайды. Үкімет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламаларды орындауда алдыңғы қатарда жүретін ауыл адамдары өз кәсіптерін ашуда белсенді.
Темірші – берекесі тасыған әдепті ауыл. Жастардың ауылда тұрақтануы жақсы. Дәл бүгінгі қоғамда өзінің орнын білетін азаматтың басты қағидасы – халқына адалдық танытып, сенімінен шыға білу, ұрпағына саналы тәрбие мен сапалы білім беру.
Жары, ұстаз Ғалияш Қажығалиқызы екеуі төрт баласын оқытты, өз алдына жеке шаңырақ етті. Жалпы, Серік Смаханұлы қызметінде «Әдеп кодексін» қатаң ұстанады. «Әкімнің мінез-құлқы қай кезде де өзгермеуі керек. Өйткені, біз мемлекеттік қызметтеміз. Қазақстанның келбеті әкімдердің жұмысында» – дейді ол.
Серік Смаханұлы адамдық қалпынан айнымаған ардақты азамат, ауылының, жерлестерінің алаңсыз тіршілігі үшін тер төгіп жүрген әкім, отбасының алтын тірегі, ағайынның ардақтысы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарған еңбегінің өтеуі ретінде «Жылдың үздік әкімі» номинациясын иеленді. Еңбек түбі – береке деген осы.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*