Главная » Басты тақырып » КӨМІР – ӨМІР

КӨМІР – ӨМІР

                        Бұл – бүгінде аксиомаға айналған теңеу. Әсіресе, биыл: жылу беру маусымы басталған бетте белгі берген “көмір жыры” әзір басылатын түрі байқалмайды. Кезінде “қымбат!” деп қиғылықты салған кейбіреу, енді ақшасына таппай жүр…

Елдің Энергетика министрлігі аймақтағы көмір өндіру мен жөнелтуде қалыптасқан жағдайды жан-жақты көрсету мақсатында үш облыста қолына қалам ұстағандар үшін саяхат (пресс-тур) ұйымдастыратынын естігенде елең ете қалғанымыз сондықтан. Балқашта бұрқасын болып тұрғанына қарамастан, жексенбіде таңмен таласа Қарағандыға қарай жолға шықтық.

Жол шеті – “Шұбаркөл”.

 Меже мықты – 12 200 000!

Бұл – биыл “Шұбаркөл Көмір” АҚ өндіргелі отырған көмірдің көлемі.

Кәсіпорын тарихында бұрын-соңды мұндай меже белгіленбеген. Өткен ғасырдың соңғы жылында 991 000 тонна көмір өндірген компания былтыр бұл көрсеткішті 10 450 000  тоннаға жеткізді. Осының үштен бір бөлігіне жуығы (3 285 000 тоннасы – авт.) коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке жұмсалды.

Отарбадан түскен бетте арнаулы жұмыс киімін ауыстырып (ғарышқа ұшыратындай алдын ала киім-кешек өлшемін неге сұратқанын сонда түсіндік – авт.), қауіпсіздік техникасымен “қаруланып”, энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов, облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған топ қайтадан автокөлікке отырдық.

Компанияның көмір шаруашы­лығын аралаған үш сағатта көп нәрсеге қанықтық. Мәселен, Энергетика министрлігінің дерегіне қарағанда, былтыр Қазақстанда 106,7 миллион тонна көмір өндірілген (бұл – бұрнағы жылғыдан 8,3 % немесе 8,2 миллион тоннаға артық). 29,3 миллион тоннасы шетелге шығарылған, 56,3 миллион тоннасы елдің электр стансасына жөнелтілген.

Ал, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халықтың тұтынуына 12,5 миллион тоннаға жұмсалған. Бұл – 2016 жылғыдан 18 % немесе 1,9 миллион тоннаға көп.

– Қазақстанда көмір өндіретін барлық кәсіпорын қазір толық қуатында және ырғақты жұмыс істеп тұр. Көмірге зәрулік жоқ. Бәлкім, оны тұтынушыға жеткізу жағы ақсап жатқан шығар,– дейді вице-министр Ғани Сәдібеков. Әбден мүмкін! Оның үстіне делдал да діңкелетіп барады.

“Шұбаркөл” — коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікті көмірмен қамтамасыз ететін жетекші жабдықтаушының бірі. Өнімінің үштен бір бөлігіне жуығы осы мақсатқа жұмсалады. Өкінішке орай, қытымыр қыс биыл қырын қабақ танытып тұр. Әсіресе, қаңтарда қаңтарылып қала жаздады.

– Өткен ай оңдырмады. Алғашқы онкүндікте қалың қардың астында қалдық. Теміржолды тазалаумен күн өтті. Екінші онкүндіктегі қатты аяз техниканы тұралатып тастады. Енді-енді ес жиып, есе қайтарып жатқан. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктің тәуліктік жоспары 109 вагон болса, біз 123-127 вагон жөнелтіп жатырмыз, – дейді “Шұбаркөл Көмір” АҚ-ның өндіріс жөніндегі вице-президенті Андрей Сафонов.

Көмірдің ірісі өтімді, майдасын мандытып алатын тұтынушы шамалы. Сондықтан, соңғысын кәсіпорын ішкі қажетіне жаратады, сондай-ақ, елдің жылу-электр орталығына жөнелтеді. Шынтуайтында, өндірілген көмірдің үштен екі бөлігі майдасын кәдеге жарату мүмкіндігі мол технологияны меңгерген таяудағы және шалғайдағы шетелге шығарылады.

“Шұбаркөл” көмірінен арнаулы кокс алатын зауыттың өнімін қазақстандық және ресейлік компаниялар: АрселорМитталТеміртау”, “ҚазХром”, “ҚазФосфат”, “ҚазМырыш” пен Серов ферроқорытпа зауыты тұтынады. Келешекте осындай жаңа зауыт салып, 2022 жылы жобалық қуатына жеткізу көзделіп отыр. Сонда елде өңделетін майда көмірдің үлесі артып, сыртқа қымбат бағамен шығаруға мүмкіндік туады.

Шатаққа шатылған “ШҰБАРкөл”

Бұл — қадасы сонау 1985 жылы қағылған “Шұбаркөлде” 1996 жылы құрылған ашық акционерлік қоғам (ААҚ) тарихында қалған “қара таңба”. Бәрі білуге тиіс!

Сол жылы 22 қаңтарда “Шұбаркөл разрезі” ААҚ мен “Глобал Минерал Резервс” фирмасы арасында жасалған лизингтік келісімшарт негізінде акцияның мемлекеттік пакетінің оннан тоғыз бөлігі (90%) сатылды. Ақысын бөліп төлеу көзделген бұл жобаны сол кездегі энергетика және көмір өнеркәсібі министрі В.Храпунов мақұлдады.

Сәуірде “ши” шықты. Қол қойылғанына тура үш ай толғанда Мемлекеттік мүлік комитеті сол кездегі Премьер-министр Әкежан Қажыкелдинге хат жолдап, жасалған келісімшартты бұзуды ұсынды. Себеп – уәделескен “БелАЗ” берілмеді, жұрттың жалақысына қатысты қарыздан разрез өзі құтылды.

Үш күннен кейін әлгі хат В.Храпунов пен Қарағанды облысының сол кездегі басшысы П.Нефедовтің алдында жатты: “Мән-жәй анықталсын!”.  8 мамырда министр В.Храпунов хатта көрсетілген деректің дұрыстығын дәйектеді. 4 маусымда Бас прокуратура: “Анықталған заң бұзушылықты жою, ол үшін лизинг келісімшартын бұзу мәселесін шешу…” туралы (№ 20-10-71-96) ұсыныс жасады.

13 маусымда Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Петр Нефедов Премьер-министрге мынандай хат жазды: “Глобал Минерал Резервс, Инк” компаниясының лизинг шартын орындау барысы Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі аумақтық комитеттің тұрақты бақылауында. Келісімшарт жасалғасын компания бір ай мұғдарында жалақы қарызын толық өтегені тексеру кезінде анықталды.

…Разрез жұмысын талдау “Глобал” компаниясына лизингке берілген сәттен бастап өндірістік көрсеткіш айтарлықтай жақсарғанын айғақтайды”.

Министр мен әкімнің жауабы арасындағы алшақтық айтпаса да анық. Оның үстіне, ҚР Әділет министрлігі нақты құжатқа сүйене отырып 10 шілдеде былай “шегелеп” тастады: “Шұбаркөл” разрезі сияқты нысанның бастапқы бағасы  30 миллион АҚШ доллары емес, одан әлдеқайда қымбат болуға тиіс”.

Мемлекеттік мүлікті басқару мен жекешелендіру департаменті сол жылы желтоқсанда “Глобал Минерал Резервс” компаниясының есебін тыңдауға қол жеткізді. Соның нәтижесінде, №63 қаулы қабылдап, лизинг келісімшартын заңда белгіленген тәртіппен бұзуды Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Қарағанды аумақтық комитетіне жүктеді.

Бір жылға созылған шатаққа шатылған “Шұбаркөл” содан осылай аман шықты.

 Алдыңғы қатарда — әлеуметтік ахуал

Бұл — 2000 жылы қыркүйекте Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кірген компанияның берік ұстанымы.

Разрез қатарға қосылған 1985 жылдан бері мұнда 120 миллион тоннаға жуық көмір өндірілді. Компания тізгінін ұстаған Еуразиялық топ бастапқыда негізгі қордың жартысынан астамын жаңартты, қалғанын кезең-кезеңмен жаңғыртуды қолға алды. Өндірісті өркендету мен технологиялық деңгейін көтеруге бағытталған инвестициялық бағдарлама жасап, жүйелі түрде жүзеге асыруда.

2002 жылы “Шұбаркөл разрезі” ААҚ және “Шұбаркөл тиеу-тасымалдау басқармасы” ААҚ базасында “Шұбаркөл Көмір” АҚ құрылды. 2008 жылы ол Қазақстан қор биржасына тіркелді. 2009 жылы 16 ақпанда ENRC холдингі Қазақстан қор биржасындағы ашық сауда-саттықта АҚ акциясының төрттен бір бөлігін қолма-қол 200 миллион АҚШ долларына сатып алды.

Облыс әкімдігімен жасаған өзара ынтымақтастық Меморандумына сәйкес “Шұбаркөл  көмір” әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асыруға атсалысуда. Былтыр ERG осы мақсатқа 182,6 миллион теңге бөлді. Оның 41 миллион  теңгесі  “Шұбаркөлдегі”  қазандықтың жабдығын жөндеу мен оның ырғақты жұмысын қамтамасыз етуге, 51 миллион теңгесі Шахтинск қаласы мен Шахан кентінде қазандықты жеке шығаруға жұмсалды. Қызылжар кентінің әкімдігіне жол талғамайтын автокөлік тарту етті және тұрғындарына тегін 3 000 тонна көмір бөлді.

“Қызылжар-Шұбаркөл-Баршын-Қорғалжын-Астана” автокөлік жолын жөндеу, “Шұбаркөл”  және “ Баршын” кенті инфрақұрылымын жетілдіру, Абай қаласында 320 адамға арналған жабық бассейн салу, Қарағандының өз басында көру қабілеті нашарлаған балаға арналған 250 орындық мектеп-интернаттың құрылысын аяқтау — амандық болса, алдағы уақытта Меморандум аясында атқарылатын ауқымды шараның бірпарасы. Жалпы, бұл топ өткен уақыт ішінде Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне ұзын-ырғасы 2,4 миллиард теңгеден астам қаржы құйды.

– Ауа райына аса тәуелді ашық әдіспен көмір өндірудің қиындығына қарамастан, жұртшылықтың коммуналдық-тұрмыстық қажетін қамтамасыз ету — алдыңғы қатарда тұрған міндет. Сондықтан, жаңа жабдық пен техника алуға биыл 16 миллиард теңгедей инвестиция құямыз. Бұл жаңғырту ірі көмір өндіру көлемін 3,6 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, — дейді Андрей Сафонов. Компания өндірісті дамыту мен әлеуметтік салада 2016 жылы — 3,3 миллиард, 2017 жылы 10,5 миллиард теңге инвестиция игергенін ескерсек, үкілі үміт еріксіз оянады.

Нұра ауданының аумағындағы “Шұбаркөл” — құбажонда жатқан жалғыз елді мекен. Соған қарамастан, елдегі әлеуметтік маңызы бар мәселені шешуге елеулі үлес қосып келеді. 121 шақырымдағы Қызылжар стансасы мен 214 шақырымдағы Арқалыққа шойынжол тартылған. Тұрғылықты халық — жарты мыңның о жақ-бұ жағында, ал компанияда еңбек ететін 2800-дей адамның басым бөлігі вахталық әдіспен қатынап жұмыс істейді. Әңгіме орайында айта кетейік, осы көмір көмбесін игергені үшін бір топ геолог пен кенші 1988 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

 Тобықтай түйін

Елдегі көмір өндіру мен оны тұтынушыға жеткізудің механизміне мониторинг пен талдау жасау үшін Үкімет тапсырмасымен құрылған мұндай топ сол күні Павлодар және Шығыс Қазақстан облысында да жұмыс жасады.

Кеше Екібастұзда бәрі бас қосып, кеңес өткізді. Тапшылықтың тамыры қайда жатқанын талқылап, Үкіметке халықты көмірмен жабдықтауды жақсартуға бағытталған ұсыныс әзірледі.

Суретті түсірген автор мен Д.Сатаев.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*