Главная » Руханият » Рухани жаңғыру » Қайда кетті баяғы бауырмалдық?

Қайда кетті баяғы бауырмалдық?

        Біз жанды жатырқамайтын бауырмал, мейірімді, дархан даламыздай кеңпейіл, жанымыз жомарт, қайырымды, қиындыққа шыдамды халық едік. Кешегі адам төзгісіз жоқшылық, таршылық, қисапсыз қиын заманда бір-біріне қамқорлық жасап, көмектесіп, бір үзім нанын бөліп жеген, жесірін тентіретпеген, жетімін жылатпаған, әлсізін қолтықтап құлатпаған жұртпыз. Қыста екі-үш үй бір бөлмеге қыстап, бір отқа жылынып, бір қазанға ас пісіріп, бір дастарханнан ас ішіп, бір үйдің адамдарындай барды бөліп ішіп, қанағатқа қарын тойғызып жүре беретін едік. Өздері аш құрсақ болып жүріп, тамағының дәмдісін, сүбелісін жемей, қонаққа сақтайтын. Ал, ауыл ақсақалдары «Сыбағамыз, омыртқамыз бар» деп, әр үйге шақырмай-ақ баратын…

Үй иелері қуана қарсы алып, барын дастарханға қойып, жаны қалмай күтетін. Ақсақалдар отырған жерінде өнегелі әңгімелерді, тарихи оқиғаларды, діни шариғаттар айтып отыратын. Естіп отырған жастар тәрбие мектебінен сабақ алғандай көп нәрсені үйреніп, естеріне сақтап, өміріне үлгі ететін. Қарттардың барған үйіне жастар да баратын. Олар тек үлкендердің әңгімесін тыңдау үшін баратын еді. Сол қарттар нағыз қазына ақсақалдар, тәрбие мектебінің ұлағатты ұстаздары болатын. Ал, қазіргі қарттарымыздың бас қосқан жерде айтатын әңгімелерін тыңдағың келмейді.

Кешегі қазыналы қарттарымызды сағынышпен еске аламыз. Сол бір азапқа толы, ауыр заманда адамдар бір анадан туғандай бауырмал, қайырымды, бір-біріне жандары ашып тұратын. Бірінің қолы тимей жатса, оның жұмысын келесі біреу тындыра салатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағаты» атты еңбегінде айтқандай, өздері бір жаққа баратын болса, үйінің шаруасын көршісіне тапсырып, алаңсыз кете беретін. Ал, көршісі оның сиырын сауып, сүтін тартып, қаймағын былғап, майын қарынға салып қоятын. Барлық шаруасын өз шаруасындай тындырып қоятын еді. Үйдің есігі күні-түні ашық тұрады. Құлып, тиек дегендер салынбайды. Қонақ қай уақытта келсе де есікті қақпай кіріп келеді. Біреудің мүлкін ұрлау деген, біреуге қиянат жасау деген болмайтын. Әлдеқалай біреу келеңсіздік жасаса, ақсақалдар оның сазайын беріп, сабасына түсіретін. Сол бір таршылық заман адамдардың кең пейілін тарылта алмаған еді.

Ал, бүгінде Аллаға шүкір, бәрі бар. Халықтың жағдайы жақсы. Жоқ үйде шетелдің қымбат бір машинасы, барында екеу-үшеу бар. Үйдің ас үйіне дейін теледидар қойылған. Компьютер адам басы сайын, тіпті, балаларда да қымбат ұялы телефон бар. Тойды, құдайы асты семіз жылқы сойып, қаладан қымбат дәмханаларда асаба жалдап өткізеді. Баланың туғанынан бастап, бір жасқа келгені, мектепке барғаны, мектеп бітіргені, өзінің жиырма бес, отыз, қырық, елу жасқа келгенін дүркіретіп тойханаларда тойлайды. Мұның бәрі – баршылық, тоқшылықтың белгісі.

Алайда, адамның пейілі тарылып бара жатыр. Бір-біріне қайырымды­лықтан, қамқорлықтан, бауырмалдықтан мүлдем алыстап бара жатырмыз. Бір анадан туғандар шақырмаса бірінің үйіне бірі кірмейді. Үлкенге – құрмет, кішігі – ізет шен мен шекпенге қарап жасалатын болды. Ақсақалдар үй жағалап жүріп жейтін «Сыбаға», «Омыртқа» сияқты жарасымды дәстүр ұмыт болды. Мал-мүлікті ұрлау етек алып, оған тосқауыл болмай тұр. Бұрын күні-түні ашық тұратын үйдің есігі түгілі, қораның есігіне құлып салынды. Ал, үйлерге екі жерден құлыпталатын темірден есік салдық. Біреу есік қақса, көздей тесігінен сығалап, кім екенін көрмей, есік ашпаймыз.

Байлығы сандығынан асып, сарайына сыймай, үйінің шатырына жинап жатқан сараң байлардан қайыр жоқ. Ондайлар өзгеге қайыр қылмақ былай тұрсын, өзіне де қимайды. Бұрын әйелдер үлкендерді көргенде алдын кесіп өтпей, қашан қариялар өтіп кеткенше екі қолдарын кеудесіне қойып иіліп сәлем етіп тұратын. Ақсақалдар оларға риза болып, баталарын беретін. Жеңгелері қайындарының атын атамай, әдемі есімдер қоятын. Тіпті, күйеулерінің де атын атамай, «біздің үйдің кісісі», «отағасы», «мырзаштың көкесі»  дейтін. Мұның бәрі бауырмалдық, ұлттың ғажайып мәдениеті еді. Бұл жастарды бауырмалдыққа, мейірімділікке, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейтін ұлттық мектеп, мәдени орталық сияқты еді. Мұнда адамдарды бірлікке, татулыққа бір-бірін сыйлап құрметтеуге баулитын көрінбейтін сиқырлы күш бар. Бұл ұлтымыздың ұлы мәдениеті еді. Ал, қазір ұлтымыздың ұлы құндылықтары көбі ұмыт болып бара жатыр. Кешегі қызыл империяның сайқал саясаты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық мәдениетіміздің ұмыттырудың бірыңғай орыстандырудың небір кесірлі, кесапат шараларын қолданды. Жастарға да, жасампаздарға да еліктеу сезімі пайда болды. Қыздарымыз арқасына түсіп тұратын қос бұрымды кесіп, ерлерше шаш қоятын егде әйелдердің өзі шашты қидырып, жалаңбас жүретін болды.

Иә, Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болғаннан бері ұлттық құндылықтарымызды қалыптастырып жа­тырмыз. Алайда, жетпіс жыл бойы уланған сананы жаңғыртуда әлі де көп жұмыстар атқаруда күрделі міндеттер тұр.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихымен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп атап көрсетті. Ұлттық құндылықтарымыздың арқауын үзбеу керектігін Елбасы қадап айтып отыр. Рас, дәстүрдің озығы бар тозығы бар. Озығын жандандырып, тозығын заман талабына сай жаңғырту міндеті тұр. Елбасымыз жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында «Ұлттың жаңғыруы деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» – деді.

Біз, қашанда даламыздай дархан, кеңпейіл, жанды жатсынбайтын бауырмал, мейірімді, әлсізді демеп, дем беретін қайырымды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін мәдениетті, біреудің ала жібін аттамайтын  адал, ешкімге қиянат жасамайтын, ақты – ақ деп, қараны – қара деп баға беретін әділ,  қиындыққа төзімді достықты бейбітшілікті қалайтын,  алдына бас иіп келсе, дұшпанына да жақсылық жасайтын жанымыз жомарт, ажалдың ауызында, дұшпанның алдында жанымызды сауға сұрамаған, тізе бүкпеген батыр халықпыз. Осы ға­жайып қасиеттерімізді, ұлттық ұлы ер­ек­шеліктерімізді ұмытпайық, ағайын. Қайта, ұмытқандарымызды еске түсіріп, қалпына келтірейік. Қазір бұған толық мүмкіндігіміз бар. Кемеңгер Елбасымыз бұған кең жол ашып отыр. Рухани жаңғыруымызға кері әсерін тигізетін кез келген әрекетпен көп болып ымырасыз күресейік.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті

журналисі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*