Главная » Тұлға » Жан сарайы – рухани қазына

Жан сарайы – рухани қазына

Кешегі ұстаз, бүгін қария! Бұл – менің көрген, көңіліммен түсінген, боямасыз шынайы ұстаз бейнесі. Өткен ғасырдың елуінші жылдары, біздің Калинин колхозында Жұмаш мұғалімнің беделі мықты болатын. Екі сөйлемейтін, өтірік айтпайтын, талапшыл мұғалімнен аздап сескенетінбіз. Өзі тарихшы болса да, мектептегі сан алуан жұмыстар сол кісінің қатысуымен шешілетін, әсіресе, математикадан емтихан тапсырарда конвертпен келген есептерді әуелі мұғалімдер өздері шешіп, сосын барып оқушыларға көрсетеді ғой, сондай жағдайда Жұмаш мұғалімді алдырып, есеп шығартып, көңілдері жайланатын.

Біз Жаңабет колхозы таратылғаннан кейін Калинин колхозына көшіп келдік. Сарышоқы тауының баурайын көкорай шалғын бітік өскен көк шөптің арасында көбелек қуып, ойнап өстік. Сылдырап ағып жатқан өзеннен балық аулап, өзен жағасында өсетін қымыздық шөптерді теріп жедік. Туған жерге деген ыстық сезім осы Жаңабеттен оянған.

Менің балалық шағымды айтсам, Жұмаш мұғалімді тілге тиек етпей кете алмаймын. Ол екеуі бірін-бірі толықтырып тұрады. Менің кітапқа деген сүйіспеншілігімді оятқан ұстаз. Кейін кітаптарды таңға дейін оқитын жағдайға жетсем, кейін ұстаздық мамандықты таңдасам, ұстаздық еңбектің марапаттарына ие болып, ел құрметтеп жатса, бұл да – сол кісінің мектебі. Мен де 40 жыл ұстаз болдым.

Менің бір түйгенім, ол кісі ешқашан мен көп білемін деп кеудесін соққан емес. Түріне қарап, басынан неше түрлі қиындықтар өтті деп айта алмайсың. 32-нің ашаршылығы балалық шағына дәл келсе, жас өспірім шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа тұс келді.

«Сенің әкең соғыстан жараланып келгенде мен 14 жастағы бала едім», – деп, не болғанын, қалай болғанын кешегі күнгі оқиғадай айтып береді.

Әскерден келген соң 1 жыл «Қызыл Ту» колхозында, 1955 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Калинин бөлімшесінде табан аудармастан еңбек етті. Мектептің де, ауылдың да қоғамдық қызметтеріне белсене араласты. Тіпті, жекешелендіру кезінде де ауыл азаматтарының ұжым болып бірігуіне бар күш жігерін жұмсаумен болды. Ол кезде 70 жаста еді, ат жеккен, шөп шабатын машинаға отырды. Осыларды ойлап отырсам, адамның шыңдалуына, өзінің жағдайын ғана ойламай, ақыл-есін, қадір-қасиетін сақтап қалуына ойлау мен еңбектің қатар болуының әсері күшті ме деймін.

Қазірдің өзінде мен кей тарихи фактілерді интернеттен емес, Жұмаш мұғалімнен сұрап аламын. 90 жасқа келген қарияның есте сақтау қабілеті ғажап! Кез келген фактілерді текшелеп, шашыратпай орын-орнына қойып береді.

Ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге жұмсаған мұғалімнің адамдық қасиетін көрсете алдым ба, білмедім. Өмірлік жары Нұрбану да өзіне сай. Әкесі де, үш апайы да – Махановалар, елге танымал ұстаздар еді.

Көргені мен түйгені көп, ақылшы ата, жан сарайы рухани қазынаға бай, көкірегі шежірелі сырға тұнған Жұмаш Ахметұлының шаңырағы – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере, шөбере сүйіп отырған, өмірлері елге үлгі шаңырақ. Ұстаздың жолын ұлы Думан мен келіні Айнұр жалғастыруда.

Майра ҚАСЫМҚЫЗЫ,

зейнеткер ұстаз,

ҚР білім беру ісінің

 үздік қызметкері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*