Главная » Саясат » Әлеумет » Өндіріс өңірді дамытуға мүдделі

Өндіріс өңірді дамытуға мүдделі

     Аймақтағы іргелі өндіріс орындары ынтымақтастық аясындағы өз міндеттемелерін орындауда. Нақтыласақ, Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ Жаңаарқа ауданындағы Қызылжар кентінің әкімдігіне жол талғамайтын автокөлік тарту етті. «Жаңа көлік Қызылжар бекетіне тасымалданатын жүктердің сақталуын және кенттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етпек» деп хабарлайды «Шұбаркөл көмір» АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметі. Бұл 2017-2018 жылдарға арналған әлеуметтік маңызды жобаларға қатысты өзара ынтымақтастық туралы ERG мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында жасалған Меморандум негізінде жүзеге асып отыр.

Меморандум бойынша ERG өңір­дің әлеуметтік саласын қолдап, да­мытуға 2017 жылы 182,6 млн. теңге бағыттаған көрінеді. Соның 41 млн. теңгесі Шұбаркөл кенті қазандығының жабдықтарын жөндеу мен оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалыпты. Ал, 51 млн. теңгесі Шахтинск қаласы мен Шахан кентіндегі тұрғын үйлердің қазандықтарын жеке шығаруға бөлінген. Сонымен қатар, «Шұбаркөл көмір» АҚ тегін 3 000 тонна көмір бөліп, Қызылжар кентінің тұрғындарын көмірмен қамтыды.

Биылдан бастап Еуразиялық топ активтері орналасқан өңірлердің кешенді дамуын қамтамасыз етуге ықы­ласты. Таратылған мәліметтерге сүйенсек, ERG әкімдіктермен бірлесіп, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағ­дарлама Еуразиялық топ өткізген кешенді әлеуметтік зерттеулер негізінде әзірленген. Өңірлердегі нақты қажет­тіліктерді анықтау қорытындысы бойынша қаражат ендігі жерде, тек жергілікті тұрғындарға қажетті жобаларға бағытталады. Бағдарлама мақсаттарының бірі – жас мамандарды туған қалаларында өмір сүруге және жұмыс істеуге ынталандыру.

«Меморандум өңірлерді дамытуға ба­ғытталған ERG бастамаларымен шек­телмей, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, Қарағанды облысы әкімдігінің әлеуметтік маңызды жобаларын да қамтиды. Бұл – ERG қызметкерлері үшін ерекше маңызы бар жобалар. Атап айтсақ, «Қызылжар-Шұбаркөл-Баршын-Қорғалжын-Астана» автожолдарын жөндеу, Шұбаркөл және Баршын кенттерінің инфрақұрылымын дамыту және көркейту, Абай қаласында 320 орындық жабық бассейн құрылысы, Қарағанды қаласында 250 орындық көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысын аяқтау және тағы да басқа жобалар» дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметі.

13 жыл бойы Еуразиялық топ жыл сайын топ кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру жөнінде Меморандумдар жасап келеді.

Соңғы бес жылда (2012-2016 жылдарда) Еуразиялық топтың Қазақстандағы барлық кәсіпорындары қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік саланы қаржыландыруға, аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытуға, демеушілік пен қайырымдылыққа 103 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Сонымен қатар, Меморандумдар аясында Қарағанды облысының дамуына осы жылдар аралығында ERG 2,4 млрд. теңгеден астам қаражат құйыпты. Қаржы Қарағанды қаласындағы «Шапағат» тұрғын үйінің құрылысы және оған тиесілі аумақты көркейту, Нұра ауданы Шұбаркөл кентіндегі қазандықтың қызметін қамтамасыз ету, Қызылжар-Шұбаркөл облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды әлеуметтік жобаларға бағытталған. Жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қарқаралы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын, Түгіскен және Ынтымақ ауылдарындағы мектептерді, Киевка кентіндегі балабақшаны күрделі жөндеуді атап айтуға болады. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы «Қарағанды Арена» мұз айдыны және теннис орталығы, Теміртаудағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы, Атасу кентіндегі, Баршын, Жараспай және Кертінді ауылдарындағы спорт және ойын алаңдары құрылысына демеушілік көрсеткен.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*