Главная » Руханият » Қарттар үйі қайдан келген?

Қарттар үйі қайдан келген?

      Қарттар үйіне келсем жаным жабырқайды. Өйткені, мұндағы ата-әжелер де кезінде бала-шағасын өсіріп, жеткізген аяулы ата-аналар. Кейбірінен бала-шағасы бас тартса, бірі бауыр еті – баласының көрсеткен қорлығынан қашып келген. Бұл жерде асқар тау әкенің үміті, қаншама ананың арманы жатыр…

Жаңа жылда сауда орталығында жеті жасар баланың әкесін жұлқылап, жылап отырғанын көрдім. Бағасы – 70 000 теңге тұратын ойын құрылғысын сұрап отыр. Талабы – әпермесең үйге қайтпаймын.

Менің есіме бес жасымда үйге келген теледидар түсті. 1997 жылы ауылда тұратынбыз. Қалта телефоны атымен жоқ. Кейбір үйлерде теледидар да болмайтын. Санаулы отбасыларда тек ақ-қара түсте көрсететін көк жәшік бар.

Неге бізде түрлі-түсті теледидар жоқ?, – деп әкемді жиі мазалайтынмын. «Бізде де болады, күтуің керек» деп құтылатын. Әлбетте, әкемнің оны алуға жағдайы жетіп тұрды. Қалаға да жиі шығатын. Мәселе қаражатта емес еді.

Әке мектебінің тәлімі басқаша болды. Әр затын бүгін көп жұмыс істедім, сол үшін маған сыйлық жасады деп үйге әкелетін. Мен мәз боламын. Әлгі теледидар да солай келген ғой. Ол бұзылса әкем бастап, көршілер жабылып жөндеп қоятын. Кешке бәрі бірігіп үнді фильмдерін көреді. Сөйтіп, бізге ескірген затты бірден қоқысқа тастауға болмайтынын үйретті. Сондай-ақ, еңбекпен келген нанның қашанда тәтті болатынын. Қалтаңда қаражатың артылып тұрса да, сатып алуға келмейтін дүниенің бар екенін…

Осы оқиғаның кері көрінісі көз алдымда, сауда үйінде орын алды. Әкесі несие кезегіне тұрды. Әрбір қазақстандықтың бір айлық жалақысын ойын құрылғысына жұмсады. Ал, мұндайды тек түсінде көретін балалар қаншама…

Ата-ана баладан шаршаса жаңағы құрылғыны қолына ұстатады. Жұмысбастылықтың кесірінен балабақшаға тапсырады. Содан бала әке-шешенің махаббатын сезінбей өседі. Ер жетеді. Әке тәлімін, ана тәрбиесін алмай өскен сол бала ертең туғанын дәл солай қарттар үйіне өткізеді. Зейнетақысын алып кетеді. Ойын құрылғысына оңай қол жеткізіп, қоқысқа тастап үлгерген бала ата-ананың қадіріне қалай жетсін?!

Бұрын ауылда қариялар болмаса, ағайын арасы араздасып кете беретін. Сол аталар жер аударылып, ашаршылыққа ұрынып, соғысты көрді. Кер заманның қиыншылығында Алла берген он бала бір әкеге жүк болмады. Қазір асырап жеткізген сол он баланың жалғыз әкесін жүк көретіні бар. «Уа, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер» дейтіні осыдан шығар.

Жалпы, бұл үрдіс әуел баста батыстан бастау алған екен. Өткен ғасырдың 50-60-жылдары еңбекке жарамсыз, жақындарының қамқорлығынсыз қалған жандарға арналып үйлер салынған. Жыл өте келе бұл үйлерге бала-шағасына керексіз болып қалған қариялар алына бастапты. «Өзгенің қаңсығы, біреуге таңсық» болған. Қазіргі таңда елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған 87 интернат үйлері бар.

Қарттық кімге болсын аяңдап бір жетерін білген қазақ, «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» депті. Ал, хақ дініміз исламда «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу», – дейді. Құдай сақтасын!

Сурет ғаламтордан

алынды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*