Главная » Рухани жаңғыру » Ұстазға құрмет

Ұстазға құрмет

    Облыстық оқу әдістемелік орталығында КСРО оқу ісінің үздігі Рашит ХАСЕНОВ атындағы мұражай ашылды. Мұражай Қарағанды өңірінің білім беру жүйесінің даму барысынан сыр шертеді.

Жалпы, облыста білім беруге қатысты тарихи мұражай ашуды алғаш 2017 жылы облыстық білім басқармасы ұсынған. Бұл бастаманы педагогикалық еңбек ардагерлері мақұлдап, мұражай ісі, білім беру саласы, ақпараттық технологиялар мамандары қолдау білдірген. Облыстың білім саласының дамуына еңбегі сіңген азаматтар өмір жолының тарихынан бастап, ғылымдағы жетістіктері көрсетілген мұражай үш бөлімді қамтиды. Сондай-ақ, оқу-ағарту саласына үлес қосқан ғалымдардың 150-ден астам кітаптары бар. Алдағы уақытта мұражай мамандары білім саласындағы үздіктердің құнды құжаттарын электрондық жүйеге көшіруді жоспарлап отыр.

Ал, мұражай аты берілген Рашит Шайзаратұлы – Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Қарағанды қаласындағы №№1, 8 мектепті үздік оқып, білім алған. 1948 жылы Орал қаласының педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша тәмамдайды. Жиырма бір жасында Қарағандыға жолдамамен келіп, еңбек жолын Ақтоғай ауданынан бастайды. Сөйтіп, өңірдің білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқандығымен қарағандылықтардың есінде мәңгі қалды. Жиында сөз алған Р. Хасеновтың әріптесі, профессор Сәбит Қонтаев «Елімізде алғашқы тарих пәні оқулықтарына сараптама жасаған бірден-бір адам», – деп еске алды.

Сондай-ақ, шара барысында көрермендер назарына «Құрмет белгісі» орденің иегері Рашит Хасенов жөнінде деректі фильм ұсынылды.

Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ,

облыстық білім басқармасының басшысы:

Келер ұрпақ үшін еңбек еткен тұлғаларымызды ұмытпауымыз керек. Алдағы уақытта мұражайды ардагерлер ақылдасатын ашық пікір алаңына айналдырамыз. Аудан, қалаларда да музей ашуды ойластырудамыз. Игі бастамалар жалғасын табады.

Аймақтың ажарын ашатын ғылымға бағытталған алғашқы мұражай – өңірдегі білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңдерін қамтып отырғанымен ерекше. Педагогикалық еңбек ардагерлері солай дейді. Сондай-ақ, заманауи Қазақстанның жас азаматын тәрбиелеп, оқыту міндетін арқалаған педагогтің ауыр әрі игі ісіне көрсетілген құрмет.

Аяулым СОВЕТ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*