Главная » Қарағанды ғалымдары » ҒАЛЫМ. ҰСТАЗ. ЭНЕРГЕТИК

ҒАЛЫМ. ҰСТАЗ. ЭНЕРГЕТИК

     Энергетика саласындағы қазақ қыздарының ішіндегі ғылым кандидаттарының алғашқы қарлығаштарының бірі, бірі емес бірегейі – Паруза Келмағамбетова.

1972 жылы Қарағанды политехникалық институтының «Жалпы электротехника және электротехниканың теориялық негіздері» кафедрасының меңгерушісі, доцент А.Яковлевтің шақыруымен, жарияланған конкурстан өтіп ассистент болып жұмысқа алындым. Тамыз айының соңғы декадасында әдетте кафедра оқытушылары жинала бастайды екен, бәрімен танысып шықтым. Құттықтап, сәттілік тілеген лебіздерін естіп, риза болдым. Тек бір ғана адамды көп уақыт көре алмадым. Ол – кафедра доценті Паруза Мәукебайқызы еді. Ол кісі 1 қыркүйек күні ғана жұмысқа шықты, демалыстан келген болса керек. Әдейі күтіп амандастым.

Жаңа жұмысқа алынған Сіз боласыз ба? — деді.

Иә.

Құттықтаймын, жұмысыңыз жемісті болсын, сәттілік тілеймін!, – деп ыстық ілтипат көрсетті.

Міне, сол ілтипатпен күні бүгінге дейін біргеміз, ойлап қарасам 45 жыл болады екен. Зымыраған уақыт.

Қарапайым, ешқашан мен деп кеуде қақпаған, осы бір қазақ қызы туралы «Мына жұрт Ескендірді біле ме екен» (Абай) дегендей, білмейді деуге аузым бармайды, себебі біздің кафедрадан политехтың барша студенттерінің дені өтеді ендеше, 50 жылда апамыздан дәріс алған жандардың санын елестете беріңіз! Десек те, бәрінің есінде қалмауы мүмкін, себебі ол кісі өте қарапайым жан, көрінбейді, ылғи көлеңкеде, бірақ, істеген ісі, тындырған шаруасы бойынша бағаласақ, қараңыз – техника ғылымдарының кандидаты, доцент, еңбек ардагері. Ерекше мақтан етіп айтуға болатын – қазақ қыздары арасынан шыққан энергетика саласындағы ғылым кандидаттарының алғашқы қарлығаштарының бірі, яғни, бірегейі, бар өмірін осы салаға ғана арнаған жан. Әрине, бұл сөйлемдерді жазу оңай, олардың астында қыруар еңбек, тамаша өмір сүрлеуі жатыр.

Паруза Мәукебайқызы тәрбиелі, елімізге танымал ортадан шыққан. Ұрпақ сабақтастығы аясында шежіре беттеріне үңілсек былай өрбиді екен: руы тоқа, бесім, барғана, осылай кете барады… Базаркелді аталарынан Кенже ақсақал туады. Осы ақсақалдан туған ұрпақтың Кеңес өкіметі орнағаннан бастап бүгінгі күнге дейін елімізге атқарған еңбектері елеулі. Кенжеден – Құлмағамбет, Келмағамбет, Балқоңыр, Ахмет туады. Ал, Келмағамбеттен – Әукебай, Мәукебай, Мәулит туады. Әукебайдан – Уәли, Қами, Еркін, Юра, Төлеш, Клара, Еза, Сәуле. Мәукебайдан – Ернес, Серік, Еркін, Паруза, Риза. Мәулиттен — Алшыкен, Қайрат, Болат, Гулнұр.

Бұл аяулы үш ақсақалдың уақытында өздері де, ұрпақтары да елеулі еңбектерімен көзге көрініп жүрген халқына қалаулы, еліне елеулі жандар.

Паруза Мәукебайқызы 1937 жылы Қарағанды облысы Тельман ауданында дүниеге келген. 1955-1956 жылдары Москваның энергетикалық институтының (МЭИ) Иваново қаласындағы филиалында бірінші курсқа түседі. 1956-1961 жылдары Москва қаласында осы институттың энергетикалық факультетінде оқиды, оны электр станциялары, торабы және жүйелері мамандығы бойынша бітіріп, инженер-электрик біліктілігі беріледі. 1961-1963 жылдары жолдамамен Теміртау қаласында ҚарГРЭС-1-де иженер-релейщик болып істейді. Ал, 1963-1966 жылдары Москвада өзі бітірген энергетикалық институтта электр машиналары кафедрасында аспирантурада оқып, бітіреді. 1966-1967 жылдары Қарағанды политехникалық институтының «Жалпы және тау-кен электротехникасы» кафедрасында ассистент болып істейді. 1967-1970 жылдары Москва қаласында Бүкілодақтық электроэнергетикалық ғылыми-зерттеу институтында электр машиналары зертханасында кіші ғылыми қызметкер болып істейді.

П.Келмағамбетова 1970 жылы, Москваның энергетикалық институтында «Расчет несимметричных режимов работы турбогенераторов» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Тақырыбының өзі айтып тұрғандай өте күрделі мәселе болатын, өте күрделі электр қондырғыларының бірі – турбогенератордың ауыр жағдайдағы симметриялы емес жұмыс жағдайын есептеу мәселелері жан-жақты зерттеледі. Бұл кез, сонау өткен ғасырлардың 60-шы жылдарының соңы, бүгінгі дүниені дүр сілкінткен компьютер – ғылыми зерттеу, тәжірибе жасауға енді ғана еніп жатқан заман болатын, барлық тәжірибе нақты жағдайда орындалатын.

Диссертациясын қорғағаннан кейін Қарағандыға оралады, 1970 жылдан бүгінгі күнге дейін, міне бір жерде, ҚарМТУ-дың бүгінгі «Энергетика жүйелері» кафедрасында доцент болып істейді.

Паруза Мәукебайқызы біздің кафедраға электротехниканың Москвалық мектебін алып келген алғашқы қарлығаш еді. Кейіннен МЭИ — дің аспирантурасын бітірген Саид-Кәрім Карманов, МЭИ-ді бітіріп келген Ғазиз Бөкіжанов және Москваның электротехникалық байланыс институтының түлегі Бітімбай Ақшолақов бұл үрдісті жалғастырды.

П.Келмағамбетова «Электротехника», «Электротехника және электроника негіздері». «Өндіріс кәсіпорындарының электр қауіпсіздігі» және тағы да басқа электротехникалдық пәндер бойынша дәрістер оқиды.

«Электротехника» техникалық пәндердің ішінде күрделі пәндер санатына жатады. Әртүрлі мамандықтарға оқу бағдарламалары бойынша оның әртүрлі бөлімдері ұсынылады. Паруза Мәукебайқызы оның күрделі бөлімдері: магнит тізбектері, қисық сызықты және синусоидалды емес тізбектер, өтпелі үрдістер, төртұшты элементтер, электрлік сүзгілер әсіресе, электр өрісі теорияларын толық меңгерген қаламыздағы санаулы электриктердің бірі, бірі емес бірегейі. Кәсіби шеберлікке не жетеді. Кәсіби шеберлік кімнің кім екенін көрсететін, анықтайтын, сый-құрметке бөленудің кепілі емес пе! Сол үшін де мен өз басым өз ісінің маманы, білікті Паруза Мәукебайқызын өте қатты сыйлаймын, пірімдей көремін.

Паруза Мәукебайқызы көп жылдар бойы ұстазы Г.Петров сияқты кафедрада, факультетте ғылыми-әдістемелік жұмыстарды басқарды, мәнді-мазмұнды қаншама семинарлар өткізді. Көптеген мамандықтар үшін үлгілік оқу бағдарламаларын, оқу-әдістемелік кешендерді, силлабустарды құрастырып, бірнеше оқу құралдарын, әдістемелік нұсқаулар жасаған. Паруза Маукебайқызының әріптестерімен бірігіп жазған оқу-құралдары өз құндылығымен бағаланады. Ол 100-ден астам ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы.

Бірде Қарағанды жол басқармасы өздерінің қиындық туғызып отырған мәселелерімен кафедраға келді. Жол құрылысына өте қажет битум, жиі қатып, жарамсыз бола береді екен. Қатқан битумды жібітетін және оны жібу күйінде ұзақ ұстаудың жолын табу керек екені көлденең тартылды. Бұл мәселені шешуге П.Келмағамбетова бастаған бір топ кафедра мүшелері кірісіп (Б.Ақшолақов, Ж.Иманов, т.б.). «Разработка методики и изучение процесса выпаривания битума» деген (1974) тақырып дүниеге келді. Мәселе белгілі дәрежеде шешілді де. Өздеріңізге белгілі, бұрын теміржолдың төсемдері ағаш шпалдарынан жасалатын, ол шпалдар ұзақ сақталуы үшін әуелі оны әбден кептіру керек, қалыпты жағдайда ол ұзақ уақыт кебеді, ал оларды жылдам кептіру үшін индукциондық әдіс қолданылатын, яғни, оларды жиілігі жоғары тоқ өрісінде ұстаса ағаш орналасқан ортаның температурасы өседі де шпал жылдам кебеді. Міне, көтерілген мәселе, яғни, битумды жібіту осы индукциондық әдісті пайдалану арқылы шешілді.

Бұл Паруза Мәукебайқызының басшылығымен орындалған көптеген ғылыми-шаруашылық шарт саласында орындалған жұмыстардың бірі ғана. Бірнеше ғылыми жұмыстардың орындаушысы, мемлекеттік бюджеттік және шаруашылық шарттық ғылыми жұмыстардың ғылыми жетекшісі және орындаушысы болған, электротехникалық жабдықтарды жөндеу, жобалау, жасау, құрастыруды лицензиялауға қатысқан.

П.Келмағамбетова қоғамдық жұмыстарға беріле, белсене қатысады: электромехника факультетінің мемлекеттік тілде оқитын студенттермен жұмыс бойынша деканның орынбасары студенттік топтардың кураторы, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, ҰБТ жұмысын ұйымдастырушысы, әдістемелік семинарлар жұмысының жетекшісі, т.б.

П.Келмағамбетова Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен наградталған, Қарағанды қаласының 70 жылдығы құрметіне байланысты қала әкімінің және қалалық мәслихат хатшысының Алғыс хатымен марапатталған, Университет алдындағы көрнекті еңбегі үшін «ҚарМТУ-дың еңбек сіңірген қызметкері» атағы тағайындалған және осы аттас төсбелгісімен марапатталған, Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтар одағы білім беру жүйесінде, сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда атқарған көп жылғы мүлтіксіз белсенді еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған, ҚарМТУ-дың 50 жылдығына байланысты ректордың Құрмет грамотасымен, ал, 60 жылдығына байланысты ректордың Алғыс хатымен марапатталған, Университеттің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Академик Ә.Сағыновтың туғанына – 100 жыл» мерейтой медалімен марапатталған.

Таяуда, көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін Паруза Келмағамбетоваға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Алғыс білдірді, Министр Е.Сағадиев қол қойған бұл марапатты ҚарМТУ ректоры техника ғылымдарының докторы, профессор М.Ибатов сексенге келген торқалы тойына орай табыс етті. Бұл Паруза Келмағамбетова еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет, әділ баға! Бұл күні Паруза Мәукебайқызы апамызға арнап айтылған әріптестерінің жылы жүрекжарды марапат сөздері легінде шек болған жоқ!

Сексеннің сеңгіріне шыққан Паруза Мәукебайқызы әлі де тың, алдына қойған мақсат-мұраты мол, кезекті сүйікті шәкірттерін қарсы алып, олардың бойына өзінің өмірлік мол тәжірибесін сіңіріп, энергетиканың сыры мен қырын ашып, біліммен сусындатуға әлі де дайын.

Жеңіс ИМАНОВ,

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Энергетикалық жүйелер» кафедрасының доценті,

техника ғалымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі (академигі).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*