Главная » Аймақ » Абай » Ширек ғасыр сахнада

Ширек ғасыр сахнада

   Абай аудандық Мәдениет үйінде белгілі әнші, бірнеше республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Боташ НОҒАЕВАНЫҢ шығармашылық кеші өтті. Биыл – әншінің сахнада өнер көрсетіп жүргеніне ширек ғасыр.

Боташ Ноғаеваның қазақ сахнасында орны бөлек. Оның орындауындағы әндер өз тыңдарманын тапқан. Әнші жиырма бес жылдан бері ән өнерінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Әншінің әнін сағынған жұрт Мәдениет үйінің кең залына жиналды. «Сүйемін сені, туған жер!» тақырыбындағы ән кешін танымал айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов жүргізді.

Өнер иесі бұл кеште қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен, жеке домбырамен халық әндерін және эстрада жанрындағы әсем әндерді орындады. Абай аудандық Мәдениет үйінің «Алау» тобының әншілері – Е.Мейірбеков, А.Манабаев, дәстүрлі әнші Ә.Адамбаев кеш иесінің әндерін орындаса, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, шәкірті А.Әділбекова жүрек тебірентер әндерін айтып, халықтың қошеметіне бөленді. Республикалық «Астана жұлдыздары» байқауының бас жүлдегері, көркемсөз оқу шебері Аруза Әбдірахманова «Тәуелсіздік – тәу етер киелі жол» атты авторлық өлеңін оқыды.

Мерейтойлық концерттің құрметті қонақтары сахна төріне шығып, ыстық лебіздерін білдірді. Абай ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мағзин аудан әкімінің құттықтауын жеткізсе, жазушы Төрехан Майбас, аудандық орталық мешіттің бас имамы Аманбол қажы жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, шығармашылық кешпен құттықтады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Зағыпар Шәкентаев пен Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Құзайра Әбдіхалықұлы өз қаламдарынан туындаған арнауларын тарту етті.

Сазгер Боташтың алға қойған жоспарлары мен мақсаттары өте көп. Төрімізге енген 2018 жылы да шығармашылығындағы біраз жаңалықтарымен қуантпақ.

Шығармашылық кешіме келген тыңдармандарыма үлкен алғысымды білдіремін. Халқы өнерін қолдап, тілекші болып жатса, өнер адамы үшін одан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі қолдауларыңыз мен үшін ерекше құрмет болды. Алла бұйыртса, алдағы уақытта шығармашылық кештерімді Қарағанды қаласында үлкен сахнада беруді жоспарлап отырмын. Әлі де болса тыңдармандарымды жаңа туындылармен қуантпақпын, – деді әсем кештің иесі.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*