Главная » Аймақ » Ақтоғай » Халық қалаулысы – ел ішінде

Халық қалаулысы – ел ішінде

    Ақтоғай ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ іссапармен келді. Депутат алғашқы кезекте ат басын аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратына бұрып, онда аудандық мәслихаттың депутаттарымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, дөңгелек стол басында емен-жарқын сұхбат құрды.

Нұрлан Орынбасарұлы келудегі мақсатын түсіндіріп, фракция мүшелірінің жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, оның маңыздылығын халыққа терең түсіндіру керектігіне тоқталды. Жерлесіміз рухани жаңғыруды өзінің кіндік қаны тамған жер Ақтоғай өнірінен, оның шағын ауылдарынан бастауды жөн көріпті. Келелі кездесуде қоғамдық ұйым өкілдері Парламент депутатының сапарына сәттілік тілеп, ауданымыздағы атқарылып жатқан, жоспарда тұрған жұмыстарды көлденең тартты. Сол секілді қоғамдық ұйым өкілдері «ауданымыз табиғи қорықтар мен тарихи ескерткіш-жәдігерлерге бай, ұлттық саябаққа сұранып тұрған өңір. Алдағы уақытты осы табиғи байлықтарымыз бен тарихи-мәдени құндылықтарымызды мемлекеттік қорғауға алу жолдары қарастырылса деген талап-тілектерін айтып, Н.Дулатбековтен ел өтінішін жоғарғы жаққа жеткізуін сұрады.

Аудан әкімінің орынбасары Қ.Нөкеш ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, үкімет тарапынан берілетін субсидияның, агросекторды одан әрмен жандандырып, жұмыс жасаудағы мүмкіндіктерге, кедергілер келтіріп жатқандығын тілге тиек етті. Жерді тиімді пайдалану мәселесі де әңгіме арқауына айналды. Кеңеске қатысушылар өзекті мәселер төңірегінде сөз өрбітіп, Парламент депутатына біраз ұсыныстарын айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты, фракция төрағасы Қ.Мұсаханов бүгінгі күнгі тендер өткізуге қатысты кездесетін қиындықтар мен кедергілерге қатысты, аудан орталығындағы кеңейтуді талап ететін, колледждің базасы жайлы ойларын ортаға салып, колледждің техникалық білім алу мамандықтары бөлімдерін ашу туралы, жастар ресурстық орталығының директоры М.Қасымхан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту турасындағы пікірлерін ортаға салды. Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі М.Сәрсенбеков қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысына штат мәселесі қаралса жұмыс жандана түсер еді, бүгінгі күннің өзінде осы кеңестің жұмысы өз нәтижесін жақсы көрсетіп келеді деген ойын жеткізді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков ауданымызда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, кеңес мүшелерінің ой-пікірлерінен жан-жақты толыққанды ақпар алды. Ауыл еңбеккерлерінің проблемалық мәселелерін жоғарғы жаққа жеткізуді өз міндетіне жүктеп, Парламент Мәжілісінің кеңесінде айтылған жайларды қозғайтынын айтып, уағдаласты. Жиынды аудан әкімі, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы С.Әбеуова қортындылап: «Елбасымыздың мақсат еткен «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің рухани өңіріне жан-жақты серпін берді. Бәсекеге қабілетті ұлт құру жолында атқарылуы тиіс талай міндеттер көрсетілген. Осы мақсатта Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков ауылымызға арнайы келіп, сіздермен жүздесіп отыр. Айтылған ұсыныс-пікір, талап тілектеріңізді Нұрлан Орынбасарұлы жоғарғы жаққа жеткізеді деп сенеміз» деген сөзімен түйіндеді.

Бұдан кейін Ақтоғай ауылындағы жеке кәсіпкер А.Абзалбековтің мал бордақылау алаңында болды. Сондай-ақ, Сарытерек ауылына ат басын бұрып, отбасылық емхана, мектеп, мәдениет үйі, «Жеңіс» саябағы, жаңадан жабдықталып жатқан мал сою пункті секілді бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жеке кәсіпкер А.Оралтайұлының жылыжайы және «Әлия» шаруа қожалығының, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты «Омар» шаруа қожалықтарының иелерімен кездесті.

Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков іс-сапар барысында Сарышыған кентінде болды. Кенттегі жаңадан бой көтеріп жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сапар соңында кенттегі ШЧ ғимаратында қоғамдық ұйым өкілдері және теміржол басшыларымен кездесу өткізіп, халық пікірін тыңдады. Жиналған көпшілік арнайы келіп халықпен жүздескен депутатқа алғыстарын айта отырып, ауыл ішінің жолдары ретке келтірілсе, орталыққа спорт кешені, стадион, сондай-ақ, жаңадан үйлер салу қолға алынса деген ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, Сарышыған сапарында мәжіліс депутатына аудан әкімі Қ.Қошантаев жолбасшы болып, кенттің тірлік-тынысы жайлы жан-жақты мағлұмат алуына ықпал етті.

Гүлнар МЕТАЙҚЫЗЫ

АҚТОҒАЙ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*