Главная » Аймақ » Қарағанды » Тілді білу – өмір талабы

Тілді білу – өмір талабы

«Білекке сенген заманда,

Ешкімге есе бермедік.

Білімге сенген заманда,

Қапы қалып жүрмелік».

Абылай хан.

   Көп тілді білу – заман талабы. Елбасы өзінің Жолдауында осы мәселені тағы қаузады. Шынымен де, ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ.

Үштілділік саясаты қазақ тілінің де мерейін үстем етеді. Қазақ баласына ағылшын тілін білуі қалай жү­ктелсе, Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкіліне де қазақ тілін білу солай міндеттеледі. Бұл өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуіне жол ашады. Бұған дәлел, мектебіміздегі ұлты өзге ұстаздар үшін жыл сайын «Қазақ тілі курсы» ұйымдастырылып, бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген топтар бойынша аптасына бір рет, әр сәрсенбі сайын қазақ тілінен дәрістер беріледі. Ал, мұғалімдер әр жартыжылдық сайын алған білімдерін қорытындылау мақсатында, сынақ тапсырады. Олардың осы сабақтарда алған білімдері қазақ тілінің мәртебесін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын.

Мәселен, бұрын ағылшын немесе қазақ тілін (өзге ұлт өкілдері) оқыту үшін ата-аналар репетитор жалдауға мәжбүр болатын. Ал, жаңа жүйенің тиімділігі сол, үштілділік жүйе мектептерге енгізілсе, барлық бала ағылшын тілін тегін оқи алады.
Сонымен бірге, мектебіміздегі химия пәні мұғалімі Н.Колчева өз пәні бойынша ағылшын тілі курсынан өтіп, сабақтарын ағылшын, орыс тілінде қатар жүргізіп жүр. Мұндай жаңашылдық оқушылар үшін өте қызық. Себебі, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артса, мұғалімнің өз пәніне деген жауапкершілігі мен білімі шыңдала түседі.

Қорытындылай келгенде, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса, ел ертеңін көркейте түсері сөзсіз.

Күмісай БҮРКІТБАЕВА,

33МБК қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*