Главная » Аймақ » Қарағанды » Маңызды мәселелер көтерілді

Маңызды мәселелер көтерілді

          ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сенатордың сапары Қарағанды қалалық әкімдігінің қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаудан басталды.

Рысқали Қалиақбарұлының қабылдауына он бір тұрғын келді. Екі азаматтың өтініші дереу оң шешімін тауып, бес өтініштің келешекте қаралуы бақылауға алынды. Сонымен қатар, төрт өтініш бойынша тиісті түсіндірулер берілді. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары А.Молдабековке олардың өтініштерін мұқият зерделеп, жауабын беру ұсынылды. Қабылдауда Қарағанды қаласының тұрғыны Т.Шутова ажырасқан және алимент ала алмай жүрген отбасылар мәселесін қозғады. Аталған жағдайға душар болған отбасылардың кәмелетке толмаған балаларының құқықтарын қорғау үшін арнайы қор ашу қажеттігін жеткізді.

Қарағанды қаласының тұрғыны О.Гарницкий қаланың жекелеген аудандарында орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету, ыстық сумен, газбен жабдықтау мәселелерінің шешілмей жатқанын ортаға салды.

Қарағанды қаласындағы «Қорғау» ардагерлер кеңесінің мүшесі В.Чайка ардагерлердің қаланың, облыстың дамуына, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан елеулі үлестері туралы баяндады. Осы орайда, қала ардагерлерінің атынан «Ардагерлер туралы» Заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасады.

Сенат депутаты келесі күні Ақтоғай ауданына барды. Жидебай ауылдық округінің Жалаңаш елді мекеніндегі «Тәттібек» шаруа қожалығында болып, 150 орындық мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Ірі қара етін экспорттауды жолға қойған шаруашылық жетекшісі Г.Мейрмановамен жүздесті. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Үкімет тарапынан беріліп жатқан мол мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануға кеңес берді.

Сенатор Сәуле елдімекеніндегі отбасылық емхананы аралап, аудан орталығындағы К.Байсейітова атындағы мектептің жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ, Рысқали Әбдікеров аудандық мәслихатта жергілікті атқарушы орган өкілдері, білім саласы, құқық қорғау саласы қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі С.Әбеуова, аудандық  мәслихат хатшысы Р.Әбеуов қатысты.

Жиын барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сәтеков сенаторға аудандағы электр тарифін төмендетуге ықпал жасауын сұрады.

– Аудандарыңызда біршама өрлеу мен даму бар. Алыс ауылдарға жаңадан отбасылық емханалар салынып, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында үйлерге ауыз су тартылып, ауылдағы ағайын ұялы байланысқа қол жеткізіп жатыр. Мұның бәрі ауылдың, ауданның келешегінің кемел екендігін аңғартады, – деп жиында көтерілген түйінді мәселелердің назарда болатындығын жеткізді кездесуді қорытындылаған Р.Әбдікеров.

Сенат депутатының жұмыс сапары Шет ауданына жалғасты. Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы мектепте тұрғындармен кездесті. Заңнамалардағы өзгерістер толықтырулар туралы кеңінен түсіндірді.

Кенттік ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Алпысбаев шаруа қожалықтарының жағдайы, электрмен қамту мәселесін қозғады. Шет ауданының Құрметті азаматы, кент ақсақалы Иманжан Жекебаев тері мен жүн өткізу проблемасын көтерді. Шет аудандық мәслихатының хатшысы Бәкен Төлеуқұлов Мойынты кентіндегі су құбыры жобасын енгізуде атқарған жұмысы үшін сенаторға аудан тұрғындары атынан ризашылық білдірді.

Дүйсенбі күні Рысқали Қалиақбарұлы Бұқар жырау ауданына барды. Білім және денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесіп, жаңадан бой көтерген білім ошағы мен аурухананың жай-күйімен танысты.

Дәрігерлермен өткен кездесуде аудандық мәслихат хатшысы А.Әли шалғай ауылдық жерлерде дәрігердің жоқтығын тілге тиек етті.

Кездесу аудан әкімі Ш.Мамалинов, аудандық мәслихат хатшысы А.Әли, аудан прокуроры Ж.Накишев, аудандық сот төрағасы Р.Дурдыев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Арбабаев, жергілікті мәслихат депутаттары, атқарушы органдар өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқан дөңгелек үстелмен жалғасты. Р.Әбдікеров заң жүйесіне енгізіліп отырған бірқатар жаңартуларға тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Қарқаралы ауданындағы сапарда мүгедектерді оңалту орталығына барды. Жұмыс барысымен танысып, аудан әкімдігінде активпен кездесу өткізді.

Кіріспе сөзінде аудан әкімі Халел Мақсұтов Сенат депутатының жұмыс сапарының мақсатына тоқталды. Сенат депутаты Елбасының стратегиялық құжаттарда алға қойған міндеттерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі депутаттар атқарып жатқан ауқымды істер жайлы әңгімеледі.

Келесі күні Рысқали Әбдікеров «KEGOC» акционерлік қоғамының Қарағандыдағы филиалы ұжымымен кездесіп, электр қуатын тасымалдау жөніндегі оператор болып саналатын кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Кездесуде сенатор тұрғындар тарапынан электр тарифтері туралы сауалдар жиі көтерілгендігін айтты. Филиал директоры Төлеу Тұяқов энергетика саласындығы жүргізіліп отырған жұмыстардың бағыттарына тоқталып, компанияның алдында тұрған жоспарлар туралы баяндады. Одан кейін Сенат депутаты филиалдың «Диспетчерлік орталығы» қызметімен танысты.

Рысқали Қалиақбарұлы кездесу барысында Сенатта қабылданған Заңдардың маңыздылығын айтып, ҚР Президентінің бастамасымен әзірленген «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жаңа бағдарламалық мақаласын, жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын негізге алуын және оларда көрсетілген басымдылықтардың еліміздің дамуындағы қажеттілігін атап өтті.

Ж.ТОМПИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*