Главная » Рухани жаңғыру » Кызыл кенiш сарайы

Кызыл кенiш сарайы

               Қызыл кеніш сарайы – Орталық Қазақстандағы белгілі тарихи архитектуралық ескерткіш. Қарқаралы ауданының Кент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырымдық Кент тауының шығыс бөлігіндегі Қызылсу өзенінің жағалауында орналасқан. Қарағандыдан оңтүстік-шығысқа қарай 260 шақырым жерде орын тепкен.

Ескі Кент қаласының орнындағы сарай кішігірім жазықта. Барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған. Сарай – XVIІ-XVIІI ғасырдан, жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған архитектуралық жәдігер. Өз уақытында екі қабат етіп салынған, айқыш тәріздес ерекше архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына осы өңірдің қызыл тасы қашалып пайдаланылған.

Ғалымдарды қызықтырған «Қызыл Кент», Қызыл кеніш сарайы 1832 жыл­дан белгілі. Алғашқы мәліметтерді А.Левшин, Г.Броневский, Н.Коншин, Ә.Мар­ғұлан, В.Никитин, А.Чулошников, Д.Байжұмыров өз еңбектерінде жаз­ған. Сарайдың жанында алғашқы археологиялық қазба жұмыстары сонау 1825 жылы генерал С.Броневскийдің басшылығымен жүргізілген болатын. Қазба жұмыстары нәтижесінде алтын, күміс және бағалы тастардан жасалған көптеген заттар табылған. Н.Коншин «Павлодардан Қарқаралыға дейін» атты мақаласында: «Сарайдың қираған жерлерінде ақ балшықтан жоғарғы жағы кеңейтіліп жасалған құмыралар табылды және олардың ішінен бидай дәні әрдайым кездеседі», – деп жазады. Қы­зыл кеніш сарайының қирандысынан табылған заттардың біреуі бұрын Семей музейінің археологиялық коллекциясында сақталған екен. И.Чеканинский оны «цаца» (әшекей-бұйым) деп санап, суретін Қызылкеніш сарайына арнаған еңбегінде берген. «Мұндай «цацалар», ғұрыптық маңызға ие және олар монастырлардағы құлпытастарға қойылады», – деп жазған.

ХХ ғ. 50-ші жылдарында сарайды археологиялық карта құрастыру барысында Қазақ КСР Ғылым Академиясы экспедициясы зерттеді. Кеңес заманында бұл өңірге бірнеше мәрте зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Кент сарайына байланысты археологиялық қазба жұмыстары 1985 жылы «Казпроектреставрация» институтының археологиялық бөлімдері арқылы басталды. Әрі қарайғы ескерткіштің зерттелуін, 1986-1987 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің (профессор А.Әбілевтің бастамасы бо­й­ынша құрылған «Эврика» студенттік тобы) археологиялық экспедициясы жал­ғастырды. Кешенді зерттеуді 1987 жылдан бүгінге дейін белгілі археологтар – В.Евдокимов, С.Жауымбаев, В.Варфоломеев, Е.Смаилов және А.Бейсенов басқарған экспедициялар жүргізіп, үлкен істер атқарды.

Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуші М.Чеканинский 1929 жылы «Қазақстанды зерттеу қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялан­ған Қызылкент қиратындылары» атты мақаласында Қарқаралы өңірі қазақтарының қоныстану тарихын жазғанда бірқатар қызықты мәліметтер береді. Ол Кент сарайының кішігірім ғимаратының Будда храмына ұқсатып салынғанын айтады. Халық арасында ол Кент сарайы, Қызыл кеніш сарайы, Қыз-Әулие деген атаумен белгілі. Бұл нысан туралы бірнеше нұсқадағы аңыз-әңгімелер жиі кездеседі.

Қызыл кеніш сарайы туралы аңыздың бірі: «…Бағзы бір заманда Еділ бойында қалмақ ханы Әуке және шығыста жоңғар ханы Қонтажы деген екі хан өмір сүріпті. Әукенің Нежде деген сұлу қызы болған. Қонтажы соған ғашық. Көп кешікпей олар құда түсуге қам жасайды. Базарлықтарын артып алып, керуен жолға шығады. Қонтажы өте бай болған. Әуке хан онымен құда болатынына қатты қуанады. Көп кешікпей Нежде өзінің туған үйінен бірінші рет алыс сапарға 40 қыз, 40 нөкерімен жолға шығыпты. Бас-ая­ғы елу түйеге жүк артылып, сексен адам керуен құрамына енді. Олармен қоса, жол көрсетуші бір қазақ, бір қалмақ батырын жібереді.

Кент тауының бауырына келгенде күн суытып, боран соғады. Батырлар тоңғаннан кейін бір-бірімен күресуге бел байлайды. Олар ұзақ алысып, ақырында қазақ батыры қалмақтың белін сындырады. Мұны көрген хан қызы ашуға мінеді. Бірақ, ол көп кешікпей, қазақ батырына көңілін білдіреді. Хан қызы «Бұдан әрі бармаймыз, осы жерде қыстаймыз», – дейді. Оның сөзін екі етпейтін керуен мүшелері сарай салу қамына кіріседі. Сарай құрылысы басталып, оны қызыл граниттен салған. Сондықтан, оны «Қызыл кеніш» деп атау ұйғарылады…». Бұдан да басқа Қызыл кеніш жайлы аңыздың бірнеше түрлері бар. Аңыз-әңгімелерде, әсіресе, В.Ни­китин, Н.Коншин сияқты зерттеушілердің жазбаларында кездеседі. Аңыздардың жазбаға түсуі әртүрлі деңгейде болғанымен, олардың ортақ желісі – бір. Еділ бойындағы қалмақ қонтайшысының қызы шығыстағы жоңғар ханына ұзатылыпты-мыс. Сол жылы қыс ерте түсіп, жолшыбай Кент тауына тура келеді. Арқаның алты ай қысында хан қызы қазақ батырымен танысып, көңіл қосады. Аңыз-әңгімелерде қалмақ ханы Қалдан Серен, қалмақ батырлары – Айда, Тілеуке, хан қызы – Ләуке, Елеуке болып айтыла береді.

Ал, «Кент сарайы» – Ойрат архитектуралық ескерткіштеріне тән. Будда сәулет өнерінің ғибадатханасының кешендеріне ұқсас болып келеді. Кешен құрамына 4 ғимараттың қалдықтары кі­реді: 2 храм, шаруашылық ғимарат және тұрғын үй. Биіктігі 1,5-2 метрге жететін бас храмның қалдықтары бүгінге дейін сақталған. Оның үш жақтан жалғас салынған қосымша бөлмелерінің сыртқы шығатын есіктері байқалмайды. Бас храмға ішкі есіктер арқылы өткен. Терезелердің қай жерде орналасқаны туралы да дәл айту қиын. Оның жоғарғы жағында балкон тәріздес 6 діңгекпен тірелген қалқан бар. ХІХ ғасырдың соңына қарай ғимаратқа үлкен зақым келген. Бүгінде бас храмның крест тәрізді етіп тастан қаланған екі қабатты құрылыс болғандығы анықталды. Бұл жергілікті тұрғындардың әңгімесі арқылы және оңтүстік қабырғаның биіктігі, екінші қабаттағы биіктікте терезенің болуы негізінде дәлелденді. Бүкіл сарай жапсырма құрылыстарымен бірге тас тақталардан салынып, ішкі және сыртқы жағы әк қосылған балшықпен сыланған. Қабырғалардың қалыңдығы 1 ар­шин 2 вершок (ежелгі орыс ұзындық өлшемі, 1 аршинде – 71 см, 1 вершокта – 4,445 см бар). Сарай маңында түрлі құрылыстардың үйінділері және бірнеше қабір бар. Сыртынан қарағанда олар қазақтардыкі емес. Бұл сарайдың Жоңғар хандығы тұсында пайда болған ескеркіш екендігін тағы дәлелдейді. Қызыл Кент үйіндісінің маңынан бидай тұқымы бар бірнеше қыш құмыра, яғни, будда дінінің заттары табылды.

Ғалымдардың сөзіне сенер болсақ, қаз­ба жұмыстары барысында сол заманға жататын, табылған жәдігерлердің көпшілігі жергілікті жердің жағдайына сай келмейді. Олардағы ою-өрнектер Моңғол елінің лама храмдарындағы дүниелерді әшекейлеу үшін қолданылатын өрнектермен ұқсас. Соған байланысты зерттеушілер «Бұл – будда ді­нінің лама тармағын ұстанушылардың ғибадатханасы болған» деген қорытындыға келіп отыр. Бас храмның ғұмыры ұзақ болмаған. Қазба жұмыстары барысында сол заманға жататын жануарлар сүйектерінің аздығы және соған тән жәдігерлердің аз болуы осыны дәлелдейді.

Археологтар 30 гектардан астам жерді алып жатқан бұл өңірде қола кезеңінен бері қарай үлкен елді мекеннің, қала болғандығын айтады. Бір мезгілде, тіпті, шамамен мыңдаған адам мекен еткендігін дәлелдейді. Қалада сауда ісі жақсы дамыған. Оған себеп  – археологиялық қазба жұмыстары аясында сарайдан сауда орындары, сырт мемлекеттерден келген сауда бұйымдары табылған. Бұдан бөлек, бұл жерде мекендеген халық­тың ғибадатханалары қаншама?! Қай заманда болса да жергілікті халық, осы жерге келіп тәу етіп, қасиетті жер деп қас­терлеп жүрген болса керек.

Қызыл кеніштің құпиясы әлі түпкілікті ашылмаған. Бас ғимараттың, тек, шағын бө­лігі ғана зерттелген. Қазіргі міндет – табыл­ған жәдігерлерді тексеріп, сараптамалар жүр­гізу, болашақ сапалы қазба жұмыстарына дайындалу.  Қазір бұл орын – зиярат етуге арналған діни-ғұрыптық нысан.

Қ.ӨСКЕМБАЕВ,

ҚарМУ-дың археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының

меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*