Главная » Руханият » Поэзия » «Тұлпармын талмау тұстан қастық көрген»

«Тұлпармын талмау тұстан қастық көрген»

АРҚАР

( Қазақтың қабырғалы қаламгері

шетел асты)

 

Арқада қысың жайлырақ болса,

Арқардың ауып несі бар?

Мұнарға батып ай құлақтанса,

Сан арқар әлі жосылар.

 

Ақсақ ойылып, асықты қиған

Көкшегір мұзды қысың бұл.

Асылды алып, жасықты құрбан

ететін жұттың ісін біл.

Халқына бейне қалқандай еді

Қаламы – қару-жарағы.

Арқарды қойшы,

Арқардай, әне,

Азамат ауып барады.

 

Ысқырған қыстың ызғырығы

                                              өтті ме,

Ызғары өтті ме сүйектен;

Не үркітті екен ізгі жүректі

Қауымның қамын күй еткен?!

 

Арқардай ауды,

Желмен жарысқан

тәрк етіп тарпаң ғұмырын.

Секем алды ма сергелдең кыстан

кететін созып сіңірін?

 

Шет жұртты асты, батысты

                                              ап бетке,

Прага барып бекінді.

Атамекеннен алыстап кеткен

Ораз Мұхаммед секілді…

 

Тамсары анда,

Аңсары мұнда…

Жүрекке жеңіл жүк пе екен?

Аралас өскен аршалы қырда

Сексеуіл сынды мықты екен.

 

Арқаның қысы гүл, кұрақ болса,

Арқарың ауып не керек?

Шыңылтыр қыста

Күн құлақтанса,

кешігер көктем-көбелек.

 

Селеуін күзде желге бүктемес

Сары дала салқын күй ақты.

Құлазыр көңіл,

Ер көшіп емес,

Ел көшіп кеткен сияқты.

 

Мандытпайтұғын мехнаты көп

Тірліктің жүгі — тартарым.

Алматысы бар,

Чехиясы жоқ

Мен де бір жалғыз арқарың.

 

СУЫҚ

 

Мен де бір суық адам, суық адам,

«Суықты» әуре болған туып анам.

 Болыппын шешеме сыз, әкеме мұз,

Тірек боп тірлігіне жуымаған.

 

Болғанда әке сондай, ана сондай,

Бауырға бүйрек аға жанасар ма-ай.

Сылтаурап күле бердім уақыт аз, –

                                                             деп,

Бір тауда жүре бердім,

Ара шалғай…

 

Кенелтіп тәтті үмітке әз жүректі,

Кездіктің сабындай боп аз күн өтті.

Кісі едім заманында,

Амал қанша,

Болуға кісікиік мәжбүр етті.

 

Мен де бір суық кісі.

Жанына адам

жоласын, жоламасын налымаған.

Жылу боп не біреуге дарымаған,

Не өзі жылу көріп жарымаған.

 

Көңіл пәс,

Тұнжыр көзде аунаған мұң,

Сол мұңға мен пақырды баураған кім?

Шаша алмай маңайыма бір шапағат,

Өзім де әлгі ызғардан жаурағанмын.

 

Қалған соң қайран кеудем

                                          қаңырап шын,

Шуағын қай бір жылу жамыратсын?

Тұлпармын талмау тұстан

                                       қастық көрген,

Кім қастық еткен болса,

                                         Тәңір атсын.

 

Кетік ой, кетік қағаз, кетік қалам,

Өмірден кетік жан боп өтіп барам.

Осылай тұйық күйі,

Суық күйі

Бір күні суық жерге кетіп қалам.

 

ҚҰМАН ҚАЙТҚАНДА

(Актер Тастанбековке)

 

Өмірден сен де кеттің, Құман  аға,

Көңілім көңіл айтса жұбана ма,

Сүрдің де аз-кем дәурен,

Суыт түрде

сырғыдың қара жердей түп анаға.

 

Тірлікте қадіріңді қанша білді,

Өліп ең өліп өшіп ал, сабылды.

Төрт қырлы «төсегіңе »

                                        сыйып кеттің,

Барша кең болмысыңмен,

                                             барша қырлы.

 

Айтайын қай «бесіңді», қай

                                             «төртіңді»,

Арқаңа қатты батып қайқы

                                                ер тұрды.

Қолынан Бекежанның бір өліп ең,

Жолы лаң тағдыр сені қайта өлтірді.

 

Қош, Көке!

Өрісіңмен, өнегеңмен

өнерде жеміс едің бөлек өнген.

Асығыс жүріп кеттің,

Қауышуға

Мақшарда түпнұсқалы Төлегенмен.

 

КІШКЕНЕ ҚЫЗ

 

Киіктің асығындай кішкене қыз,

Кеудеңде қос алмаң бар піскен егіз.

Ақбоз үй,

Кең жайлаудан кете алмадық,

Ендеше, сол жайлауда түстенеміз.

 

Киіктің асығындай кішкене қыз,

Кеудеңде қос алмаң бар піскен егіз.

Арт жаққа үш қайырылдық

                                             аттанарда,

Айналып аз дегенде үш келеміз.

 

Киіктің шүкейтіндей кішкене қыз,

Кеудеңде қос алмаң бар піскен егіз.

Қасың бір қарлығаштың қанатындай,

Қыр мұрын қызығамыз «пістеңе» біз.

 

Киіктің шүкейтіндей кішкене қыз,

Кеудеңде қос алмаң бар піскен егіз.

Көз көргіш болғанымен,

Көңіл жасық,

Айта алмай арыз-мұңды, тістенеміз.

 

Киіктің асығындай кішкене қыз,

Кеудеңде қос алмаң бар піскен егіз.

Жүрекке қадалған сен алтын ине,

Инеге қосар түк жоқ үстемеміз.

 

Киіктің асығындай кішкене қыз,

Кеудеңде қос алмаң бар піскен егіз.

Қос достың көздегені бір құралай,

Достықтан қалмай барад

                                              ештеңеміз…

Не дейсің, кішкене қыз?!

 

БАЙҚАДЫҢ БА?

 

Қара шашым ағарды,

Байқадың ба сен соны?

Қоңыр жүзім қабарды,

Байқадың ба сен соны?

 

Маржан тісім мұқалды,

 Байқадың ба сен соны?

 Маңдай құйқам жұқарды,

 Байқадың ба сен соны?

 

Көздің нұры көмескі,

Байқадың ба сен соны?

Сен – жаңа да, мен – ескі,

Байқадың ба сен соны?

 

Әлі талай байқарсың,

Болам дәнсіз сабандай.

Дәнсізге бас шайқарсың,

Қалам сені таба алмай…

 

ӨТЕДІ

 

Қайғы түссе басыңа,

«Күйзелме», – деп айта салу оп-оңай.

Ақ түседі шашыңа,

Дақ  түседі көңіліңе, ботам-ай.

 

Амал қанша,

Төзесің,

Еңбегің еш, тұз орнына сор тұнып,

Көңіліңнің көзесін

Көз жасыңмен шүпілдете толтырып.

 

Бірақ, бәрі өтеді,

Қайғы өтеді көңіліңді қаусатқан.

Қуаныш та кетеді

Сусып түскен сақинадай саусақтан.

 

Не бар дейсің мәңгілік,

Мәңгі бақыт, мәңгі қайғы деген жоқ.

Бірі жүректі ән қылып,

Бірі оған қадалады тебен боп.

 

Тасырқайды тарлан да,

Тұтқыр деген тағалың да таяды.

От пен суға салғандай

Солқылдайтын жүрек сорлы баяғы.

 

«Бәрі өтеді, бұл да өтеді»,

Осы сөз –

Сүлейменнің жүзігінде мөрленген.

Керқұла да кешегі

Кісінемес қиқу тілеп кермеңнен.

 

Тәңір иең құп көрсе,

«Бәрі өтеді», түк етпейді төте сын.

 Бәрі өтеді, – деп жүріп,

 Өкініші – өзің де өтіп кетесің.

 

СҰРАҚ 

  Экспромт

 

Кешірілетін күнә бар,

Кешірілмейтін күнә бар.

Көшірілетін күнә бар,

Көшірілмейтін күнә бар.

Өшірілетін күнә бар,

Өшірілмейтін күнә бар.

 

Сіздікі қайсы, пірәдар?

 

ҰРАН 

Экспромт

 

Туа ақын болған бар,

Қуа ақын болған бар.

Қуа ақын болғандар,   

Ақын болмаңдар!

ТӨРГЕ ӨТУ

 

Көңіл шіркін өрде еді,

Төбені енді тау дедім.

Күткен бақыт келмеді,

Ал, мен іздеп әуремін.

 

Жұрт өтірік мақтайды

(Мақтамаса өлем бе?)

Шабыт шіркін шаппайды

Өзге түгіл …  өлеңге.

 

Жалын қайда баяғы

Жан-жаппама уды үйдім.

Бықсып-қоқсып жанамын

Әдетімен су қидың.

 

Екіндіге ауса күн

Еңкеюге тұр халім.

Қазан ұрып қаусады

Қара ормандай жылдарым.

 

Ауыздығын кемірген

жастық өтіп, жасыппын.

Қудым десем…

Өмірден

қу далаға қашыппын.

 

Жасағандай ғасырды

Жүрек лықсып қапылдым.

Сорға қалған  басымды

Борға малған пақырмын.

 

Кеніш қарттан есіткен

Кеңесті айтсам келелі –

Тоқсан жасын

«Есіктен

төрге өткендей», – деп еді.

 

Ер майысса, ел бөтен,

Бөтен емес құтты елім.

Мен де бір күн «төрге өтем»,

Төрге өткенім – біткенім.

 

ПЕЙІЛ

 

Елге барам, – дейді жұрт,

Елге барам,

Ел  туралы басылған мендегі алаң.

Ауылым бар болғанмен,

                                      бауырым жоқ,

Не бітірем бауырсыз иен даладан?!

 

Тұлпарыма жем салып тұсамастан,

Туысым жоқ татаусыз  құшақ ашқан.

Сыныптасым сырт беріп

                                         сырғақтаса,

Ғұрыптасым сонадан ұша қашқан.

 

Қасиетін қараулық қырқып алған

Іші кетіп қазақтың, сырты қалған.

Атымтайын аластап,

Аранына

Шығайбайдың шық бермес 

                                      жұртын алған.

Ауыл барам,– дейді жұрт, –

                                           ауыл барам,

Ауыл жақсы,

Бар болса бауыр, балаң.

Көру үшін барам ба ағайынды

Сәлеміңді алуға ауырлаған.

 

Жамиғатқа жақсысын ық санаған,

Ата салтым еді ғой түп сағанам.

Ауыл қапты ауылға арзымайтын,

Қауым қапты қауымға ұқсамаған.

 

Берекенің бесігі десек те қыр,

Бәтуасы қалмапты кесек бекір.

Бүгінгінің байында торпақ түгіл

Тышқақ лақ маңырап есепте тұр.

 

Жоқты жасқап,

Қылатын барды жақын

Тақыстардың танимыз арғы затын.

Жомарт жігіт жоқ енді,

Дос дегенде

тастайтұғын жайратып

                                           жалғыз атын.

 

Кісің едім қымыз бен айранға жақ,

Бәрі қалды басымнан тайғанда бақ.

Ақ пейілің суалып,

Ақырында

Қазақтықтан қалдың-ау,

                                           қайран қазақ.

 

РАҚМЕТ

 

Бәріне рақмет,

Рақмет,

Жалғанның желіп жүрміз құр

                                                 аты боп.

Жайлауға разымын жан семірткен,

Қойнауға разымын, шұраты көк.

 

Аллаға рақмет тірлік берген,

Адамға рақмет бірлікке ерген.

Шағылға рақмет,

Лағылға да,

Сағымға рақмет сырғып берген.

Бәріне рақмет.

Айдын ана

Аққудай қос қанатын жайды мана.

Азапқа рақмет, тозаққа да,

Бақ түгіл, рақмет қайғыма да.

 

 

Тағдырға рақмет қырын келген

Бал емес, у жалатқан шырын көлден.

Рақмет күн-айға да, Құдайға да,

Бір кем қып,

Бір теңеген құнымды елмен.

 

Барлыққа, жоқтыққа да рақмет,

Аштыққа, тоқтыққа да рақмет.

Тағдырға тағзым еттім.

Тас түгілі,

төбемнен жатса-дағы құлатып оқ.

 

 

Жалғанға сән емеспін дари қалған,

Жұмаққа жан емеспін және иланған.

Ғажабың қандай тәтті,

                                             тірлік, сенің,

Азабың қандай рақат, фәни жалған?!        

АҚЫЛ

 

Маған ақыл айтпайтұғын кісі жоқ,

Аңғал көріп ақылменен ісі жоқ.

Сиыр-адам кетеді бір мөңіреп,

Жылқы-адам кетеді бір кісінеп.

 

Милы бол, –  деп маңырады қой-адам,

Қос езуін күйіс шөбі бояған.

Бүгін оның айтқанына тойып ап,

Ертең қайта ақымақ боп оянам.

 

Шошқа келіп қосып кетті бір ақыл,

Дос та келіп қосып кетті бір ақыл.

Ал, тышқанның, ал, тышқанның,

Тұра тұр,

айтқандары – арыстаннан сұрапыл.

 

Трактатын оқып берді түлкі-інім,

Ішін қайдам,

Тұнып тұрған сырты ілім.

Ілім түгіл білім қонбас басымның

Ол да осылай жамамақшы жыртығын.

 

«Қу бол», –  деді,

Оны да алдым есепке,

«Зу бол», –  деді,

Зулап ұштым өсекке.

Қодық берген қағиданы қағып ап,

«Не айтасыз?» –  деп мойын

                                       бұрдым есекке.

 

Биік таққа бастаймын, –

                                        деп саты мәз,

Бола алмадым саты қуған шаһыбаз.

Арғымақтан дәметіп ем бір дәріс

Түк айтпады,

Болғаны ма ақылы аз?

 

Жанап қонса, жай құрдан да

                                              сый күттім,

Қажет болса, маймылдан да

                                               ми күттім.

Қашар айтқан қисындарды қақпалап

Қожанасыр көшесінде құйғыттым.

 

Анаған бір ақыл айтқан елеңдеп,

Мынаған бір батып айтқан

                                                көнем деп.

Ел ақылы шыққан сайын төбеме

Төл ақылым кетті менің төмендеп.

Келе қалар бақыт қай күн,

                                               сор қай күн

Болжай алмай үгітілген бордаймын.

Өз ойыма болымы жоқ басымның

                            кісі ойына орыны көп…

Сол – қайғым.

 

ҚАҚЖАРЫЛУ

 

Жас кезде астым демес сенен ешкім,

Сол жастық – менмін және

                                              мен емеспін.

Егер де мен болмасам,

Мосқал тартқан

Бұл күнге қайдан келіп, неден өстім?

 

Көңілдің күні еңкейіп аспанымнан

Шығам деп кім ойлаған 

                                        басқа қырдан?!

Басқа адам – сол бір бала, сол бозбала,

Солардан шыққан мен де

                                           басқа бір жан.

 

Албырт шақ алаулаған аспаны нұр,

Кеткен соң, қайта айналып

                                             баспады қыр.

Ауламда басқа дәуір, басқа бауыр,

Аурамда басқа дауыл, басқа дүбір.

 

Жетелеп қосушы еді жаста биге

Шалсың – деп кетеді енді

                                             тастап үйге.

Айналдым айлар ырғып басқа адамға,

Байландым жылдар жылжып

                                            басқа күйге.

 

Түр басқа,

Талап басқа,

Тілек басқа

болса да «солмын», – дейді

                                          жүрек қасқа.

Сол болсам деген кімдер:

«Демде оны

қарттықтың ауласына

                                       күреп таста».

 

«Өзгерген түрім жоқ», – деп

                                           өрекпіп тым

Өткеннен келмейді енді

                                         дерек күткім.

Бүтін ем жаралғанда,

Бүйректеніп

Баяғы бастауымнан бөлек шықтым.

 

Талаурап көкжиекке құлаған күн,

Көңілге әлем-жәлем құраған мұң.

Өзге өмір – өткен өмір,

Өзге бір жан,

Өзіме-өзім өгей бір адаммын.

Абзал БӨКЕН

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*