Главная » Аймақ » Қарағанды » «Жыр-жауһар»: жыл қорытындысы

«Жыр-жауһар»: жыл қорытындысы

Алау алып, алтын күннің

                                   нұрынан,

Сезім өріп самал желдің

                                  сырынан,

Сұлулықты, Кеңестікті,

                                     Өмірді,

Көретұғын басқаша

                             бір қырынан.

Армандарын ақындардан

                                     сұрама,

Ізде аңсарын ақындардың

                     жырынан, – деп ақын ағамыз Қадыр Әлімқұлов жырлағандай, ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жібек сөзден желкен көтеріп, сол желкенмен әдебиет айдынында жүзген «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшелері «Жанам деген жүрекке от берген – Жыр-Жауһар!» атты әдеби-сазды мерекелік кеште бас қосты. Клуб мүшелерінің биылғы жетістіктерін ашылу салтанатында «Қуаныш» би-ансамблі бимен көмкерді.

Әуелі «жыр-жауһарлықтардың» жарқын сәттерінен бейнеролик көрсетілді.

Клуб мүшелерінің әдебиет әлеміндегі биылғы жетістіктері жетерлік. Сүйінші хабардың сүбелісі – күні кеше ғана кітапхана атынан ұсынылған «Жыр-Жауһар» поэзия клубының ең алғашқы мүшесі әрі осы клубтың жетекшісі «Ханшайым», «Қала мозайкалары» кітаптарының авторы, жазушы Алмаз Мырзахметтің Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтуі. Бұл – мұқым Қарағандының жетістігі десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам  қайраткері Жұмабек Тәшенев атындағы облыстық жыр мүшәйрасының қорытындысы бойынша «Жылдың үздік ақыны» ретінде «Қағаз жүрек» жыр жинағы жарық көрген Жадыра Байбұланованың «Мен сені сүйем, Өмір» атты жыр кеші елді елең еткізді. Аталған клуб мүшесі, кітапхана қызметкері Еркебұлан Ақбергеновтің «Qasym.kz» сериясымен шыққан «Қайыңды көл» кітабы да биылғы қуаныштың бірі. Оның сыртында республикалық, аймақтық жыр додаларының жеңімпазы танылған клуб мүшелері баршылық.

Кеш барысында республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы Серік Сағынтай мен «Дауыс» жинағының авторы, ақын Қайрат Асқар да «жыр-жауһарлықтардың» қуанышты сәтімен бөлісті.

Клубтың алғашқы мүшелерінің бірі, қазіргі кезде «Кәусар» өнер мектебінің басшысы, талантты жастарға тәлім беретін ұстаз Элмира Орынбаева өз шәкірттерін ұшқан ұясының қатарына қосты.

Алмаз Мырзахмет, Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Дулат Аманжол, Рауан Қабидолдин, Жадыра Байбұланова, Элмира Орынбаева, Айзада Рахымжанова сияқты «Жыр-жауһар» поэзия клубының мүшелері кейінгі талапкер қауымға сенім артып, ресми түрде мүшелікке қабылдау рәсімін өткізді.

Әдеби-сазды кеште қарымды қалам иелерінің шығармалары оқылып, соңы ән мен күйге ұласты.

 

Бақыт ӘБЕУОВА,

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітапханашысы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*