2018-2019 оқу жылы: үлгерім үмітті ақтай ма?

Дүниежүзі қауымдастығы алдында Қазақстанның абыройын асқақтатып, беделін биіктететін басты көрсеткіштердің бірі һәм бірегейі – елдегі білім деңгейі. Бұл ретте, әлем жұртшылығынан көшіміз кейін қалып тұрмағанын алға тарту керек. Оған дәлел – Ұлыбританиядағы «Vouchercloud» порталы әзірлеген тізім. Бұл тізім жаһандағы білім сапасы жоғары мемлекеттерді жіктейді. Швейцария, АҚШ, Финляндия елдерін кейінге қалдырған қазақстандық жастардың оқу үлгерімі үздік ондықтың тоғызыншы сатысына тұрақтап, мерейімізді өсірді. Елдегі білім саласында жүргізіліп жатқан оң бастамалардың орынды көрсеткіші бұл. Ол үрдіс осымен шектелмек емес. Себебі, елдегі білім саласы 2018-2019 оқу жылында бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды бастан өткерді. Әріден бастайық…

ОН ЕКІНШІ МИНИСТР

Білім саласындағы биылғы жетістіктерге тоқталар тұста елдегі бас мұғалімнің тағайындалуын айналып өту мүмкін емес. Осы жылы 25 ақпанда Қазақстанның жаңа Білім және ғылым министрі бекіді. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында бұл лауазымға Күләш Шәмшидинованың кандидатурасы мақұлданды. Бұл туралы жыл басында Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлаған болатын.
ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен кандидатураны ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов ұсынды. Талқылаудан кейін Күләш Шәмшидинованың кандидатурасын Білім және ғылым министрі лауазымына ұсынуға болатыны туралы Тұжырымдама бекітілді.
Айта кетейік, бұған дейін Күләш Шәмшидинова «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарып келген болатын.

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ КҮН ТӘРТІБІНДЕ

2018-2019 оқу жылында ұстаздар қауымы да назардан тыс қалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеу қажеттігін алға тартқан еді. Нәтижесінде, Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы», оқушы және мұғалім жүктемесін азайту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңдарының жобаларын әзірлеуде. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды.
Бұл ретте, аталған министрлік қызметкерлері мектеп, колледж, жоғары оқу орындары педагогтарын, мемлекеттік органдар өкілдерін, барлық мүдделі азаматтар мен заңды тұлғаларды, ата-аналарды әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылауға шақырған болатын. Ұсыныстарды bilimdiel.project@mail.ru, pressa.edu@ gmail.com электронды мекен-жайына жіберуге мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, www. bilimdinews.kz электронды ресурсының «Педагог мәртебесі туралы» Заңды талқылаудамыз» бөлімінде және республикалық «Білімді ел» газетінде жарық көрді.
Ел ұстаздарының құқықтық мәртебесін сапалы жақсартып, мұғалімдердің әлеуметтік-экономикалық қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң биылғы шілдеде бекітіледі деп күтілуде.

«ӘЛІППЕ» ҚАЙТА ОРАЛАДЫ

Наурыздың бел ортасында елді елең еткізген оқиға – елдегі жаңа бас мұғалімнің «Әліппені» оқушы сөмкесіне қайтару жөніндегі мәлімдемесі еді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Ақтөбедегі жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Айта кетейік, 2016 жылдың 1 қыркүйегінде «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарын «Сауат ашу» алмастырып, 100 жылдан астам уақыт қолданылып келген «Әліппе» алғаш рет оқушы сөмкесінен түсіп қалғанды. Бұл шешім отандастарымыз арасында түрлі сынға да ұшырағаны белгілі.
«Әліппені» биылғы оқу жылының бағдарламасына енгізіп үлгермейміз. Келесі оқу жылында «Әліппе» орнына қайтып келеді. Жаңа оқу жылы басталуына аз ғана уақыт қалды, кітаптарды басу басталып кетті, асығыстыққа жол бермей келесі жылы «Әліппені» орнына алып келеміз, – деді Күләш Шәмшидинова.
Сөйтіп, бұрынғы Білім министрі Ерлан Сағадиев осыдан екі жыл бұрын «Хабар» арнасына берген сұхбатында 2019 жылдан бастап, «Әліппе» мен «Ана тілі» қайта қалпына келетінін айтқан еді. Яғни, жаңа министрдің сөзі Е.Сағадиевтің пікірімен ұштасып жатыр десе де болады.

ТАЛАПКЕР – 2019

Соңғы қоңыраудың соғыларына санаулы сәттер қалғанда мектеп түлектерін толғандыратын ең басты мәселе – Ұлттық Бірыңғай Тестілеу. Биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз) өткізілуде. Әр ҰБТны тапсыру кезінде талапкер түрлі бейіндік пәндер комбинациясын таңдайды. Ал, мемлекеттік білім беру грантын иеленуге үміттенген талапкерлер маусым айында өтетін тестілеуді міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, наурыздағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Осылайша, наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеруге қосымша мүмкіндік береді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, білім беру гранттары маусым айында өткізілетін ҰБТ сертификатының балдарына қарай, конкурстық негізде бейіндік пәндер комбинациясына сәйкес бөлінеді. Білім беру бағдарламаларының тобына жоғары оқу орнының бір немесе бірнеше білім беру бағдарламасы кіреді. Барлығы 97 білім беру бағдарламасының тобы бар. Бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келген жағдайда, талапкерге білім беру грантын тағайындау конкурсында төртке дейін білім беру бағдарламаларының тобын таңдау мүмкіндігі беріледі. Мысалы, «Биология» + «Химия» бейіндік пәндер комбинациясымен талапкер: 1) «Химия пәнінің мұғалімдерін даярлау»; 2) «Биологиялық және сабақтас ғылымдар»; 3) «Ветеринария»; 4) «Жалпы медицина» сияқты білім беру бағдарламалары топтарын таңдау мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ, «Шығармашылық емтихан» + «Шығармашылық емтихан» комбинациясы арқылы «Бастапқы әскери даярлық пәні мұғалімдерін даярлау» сияқты бір білім беру бағдарламаларының тобын таңдай алады.
Мемлекеттік гранттар саны бекітілгеннен кейін Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланатын болады. Сондай-ақ, ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар талапкерлер «Шет тілі (ағылшын тілі)» пәні бойынша ҰБТ-дан босатылады.

МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАУДА – ЖАҢА ЖҮЙЕ

Осы жылғы оң бастамалардың бірі – алғашқы сынып оқушыларына қатысты болып отыр. Қарағандылық ата-аналар бұдан былай балаларын мектепке онлайн режимде орналастыра алады. Бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және ата-аналар мен ұстаздардың уақытын үнемдеуге септігін тигізбек. Онлайн өтінішті 1 маусымнан бастап school.kargoo.gov.kz порталы арқылы беруге болады.
Өтінішті рәсімдеу барысында баланың электронды фотосуреті, туу туралы куәлігі мен денсаулық паспортының сканерленген (1,17 және 18 беттері) көшірмесі қажет. Жіберілген өтініш SMS хабарлама арқылы расталады.
Қарағандыда өткен жалпы қалалық атааналар жиналысында онлайн өтінімді дұрыс толтырудың маңыздылығы айтылып, ата-аналар өтінішті дұрыс толтыруға машықтанды.
Бірінші кезекте тіркелген мекен-жайы бойынша таңдалған мектепке жататын балалар қабылданады. Ал, балаларын басқа ауданда орналасқан мектепке бергісі келетіндер үшін квоталық орындар қарастырылған. Ол орындар 1-ші тамыздан кейін бөлінеді. Бұл ретте гимназия мен лицейлердің баламен әңгімелесу және тестілеу өткізуге құқығы бар.
Жаңа жүйе бір сыныпқа 25 баладан артық қабылданбайтындай етіліп құрылған. Ал егер сынып инклюзивті болса, онда бір сыныптағы орын саны одан да аз болуы мүмкін.

«BALA QORGAÝ»

Бала құқығы аяқ-асты болмас үшін де жұдырықтай жұмыла жұмыс жасай білу қажет. Бұл ретте, Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық, сондай-ақ педагогтардың әдепке жатпайтын мінез-құлық фактілері туралы хабарламаларды анықтау мақсатында Telegram мессенджерінде «Bala QORGAÝ» (Бала Қорғау) чат-каналын әзірледі.
Егер Сіз жоғарыда көрсетілген фактілер туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, облыс, аудан, ауыл, білім беру ұйымының атауын көрсете отырып, аталған чатқа ақпаратты жіберуіңізге болады.
Аталған сілтемелер Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті тарапынан шұғыл шаралар қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілетін болады.
Чат-каналға қосылу үшін «Telegram» қосымшасының браузерінде «bala_qorgau» деген жолды жазу қажет.

ТҮЙІН

Апта соңында мектеп түлектері соңғы қоңырау сыңғырын естіп, алтын ұямен қош айтысады. Ал, маусым айында олар осыған дейін жиған білімдерін Ұлттық бірыңғай тестілеуде сынап, үлкен өмірге қанат жаймақ. Осымен тәмам ба? Жоқ. Алда – 2019- 2020 оқу жылы тұр. Оған дейін «Педагог мәртебесі туралы» Заң да қабылданып, алғаш мектеп табалдырығын аттайын бүлдіршіндер онлайн режимде білім ошағына орналасып үлгермек. Сондықтан, келер оқу жылындағы кемел білім желкені келешек жастар кемесін қайраңға соқтырмайды деп сенеміз.

Рауан ҚАБИДОЛДА