Главная » Спорт » Қарағанды спортының бәсі жоғары

Қарағанды спортының бәсі жоғары

   Тауық жылы да аяқталып келеді. Газетімізге спортшыларының әрбір жарыстан олжалы қайтқанын сүйіншілеп жазып отырдық. Биыл ел үмітін арқалаған спортшыларымыз да зор табысқа жетті. Үкілі үмітпен жарысқа аттанған саңлақтарымыз облыстың қоржынына уыстап алтын, күміс, қола салды.

Биылғы жылдың басты жаңалығы даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атанғандығы. Сонымен қатар, бокстан Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Ашляевтың да «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болғанын айта кеткеніміз абзал.

Генаға оралсақ. «Қарағанды – қабыланы» орта салмақта ешқашан жеңіліп көрмеген кәсіби боксшы. 38 кездесу өткізіп, оның 37-ін жеңіспен аяқтады. Тек біреуінде ғана қарсыласымен тең түсті. «WBC World Champion» (орта салмақ), «WBA Super World Champion» (орта салмақ), «IBF World Champion» орта салмақ), «IBO World Champion» (орта салмақ) атақтарының иегері. Осы жылғы Дэниел Джейкобс және Сауль Альвареспен өткен кездесуі әлемдік бокс тарихында алтын әріппен жазылды.

Толтыра кетсек Алматыда 29 қаң­тар — 8 ақпан аралығында өткен XXVIII Қысқы Универсиада ойындарында Қазақстан намысын қарағандылықтар сәтті қорғағандығы. Коньки спорты бойынша, Екатерина Айдова әлемнің таңдайын қақтырып, алтынды ел қоржынына қосақтап салды. Айта кетейік, қарағандылық конькимен жүгірушілер қысқы Олимпиадалық ойындарға төрт лицензия жеңіп алды.

Біздің жерлесіміз Екатерина Айдова 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін өткен әлем кубогындағы төрт кезең бойынша қорытындыда төртжылдық ойынға жолдаманы жеңіп алды. Сөйтіп, конькимен жүгіруші Оңтүстік Корея Республикасының Пхёнчхан қаласында 2018 жылдың 9-25 қаңтар аралығында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиадаға қатысып, 500, 1000 және 1500 метрлік қашықтыққа жүгіру құқығына ие болды. Олимпиадада конькимен жүгіруші 1000 метрлік қашықтықта озып шығарына сенімдіміз. Сәттілік серік болсын!

Басқа да спорт түрлерінен мәренің алдынан көріндік. Жансай Смағұлов Тбилисидағы «Grand Prix» турнирінде 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола медальді ожалады. Орал қаласында қазақ күресінен өткен жарыста облысымыздың командасы 9 салмақ дәрежесінде қатысты, оның 5-і жүлделі орынға ие болып, командалар арасынан II орынға табан тіредік.

Жылкелді Құдайбергенов (+ 90 келі) алтын алды, күмісті – Нұртілек Қаракесеков (55 келі), қоланы – Бекзат Ермеков, Марғұлан Алпысбай (82 келі) және Әділет Аманжол абсолютті салмақ санатында жеңіп алды.

Ақтөбе қаласында жалауы желбіреген 2000-2001, 2002-2003, 2004-2005 жылдары туған жас жеткіншектер мен қыздар арасында, қоян-қолтық ұрыстан ҚР Чемпионатында Қарағанды облысы жалпыкомандалық I орынды еншіледі. Жарысқа қатысқан 40 спортшының сегізі I орынды, үшеуі II орынды, он спортшы III орынды қанжығалады.

Қазақстан Республикасының бадминтоннан өткен чемпионатында облысымыз III орын тұғырынан көрінді.

Қарағанды облысының футбол мен хоккей командалары да ел есінде жарқын жеңістермен қалды.

Облыста өткен спорт додалары да аз емес. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Лепеханы еске алуға арналған турнир, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған грек-рим, еркін және әйелдер күрестерінен өткен Республикалық турнир, Қарағанды қаласында бокстан Қазақ КСР-еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирдің туы желбіреді. Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, оның ішінде «Тәрбие және білім» қосымша бағдарламасының «Саналы азамат» базалық бағытын жүзеге асыру аясында Абай ауданында «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің қатысуымен форум» жобасын жүзеге асырды.

Моншақтай тізіп айтсақ, жеткен жетістіктер аз емес. Қарағандылықтар еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді. Алдағы уақыттарда да біздің спортшылар халықаралық аренада спорттан елеулі жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап, талай-талай Қазақстан Әнұранын шырқатып, туын биікте желбіретеріне сенімдіміз.

Нұрдос КӘРІМ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*