Главная » Руханият » Ғалымның ғаламат ғасыры

Ғалымның ғаламат ғасыры

   Кеше ҚарМТУ қабырғасында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар БАЗАРБАЕВ, аталған білім ордасының ректоры Марат ИБАТОВ қатысқан техника ғылымдарының докторы, профессор Николай ДРИЖДТІҢ 90 жасқа толған мерейтойына арналған салтанатты ғылыми кеңес отырысы өтті.

Кеңес жұмысына қатысқандар қатарында мемлекеттік органдардың, ұлттық және трансұлттық компаниялардың, ірі өндірістік кәсіпорындардың басшылары, облыс және қала жұртшылығының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Николай Дрижд – «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Достық», «Құрмет» және «Ахмет Байтұрсынов» ордендерінің кавалері, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері, «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кеншісі», «ҚР Құрметті кеншісі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» белгілерінің иегері, Қарағанды облысының, Қарағанды, Шахтинск, Саран қалаларының Құрметті азаматы, ҚарМТУ-дың Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы.

Аймақ басшысы торқалы тоқсан жасқа толған мерейтой иесін құттықтай келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғысын жеткізді. Президент пейілі ардагер ұстаздың көп жылғы жемісті еңбегін, өнеркәсібіміздің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, табандылығы мен төзімділігін, адамгершілігі мен ғалымға тән ғаламат қайсарлығын айшықтап берді. Бұдан кейін мінберге көтерілген Асқар Базарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Құттықтауын ала келген екен. Жерлесіміздің жүрекжарды лебізін жеткізген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ғалымға құрмет білдіріп, еңбегіне жеміс, шығармашылық табыс тіледі.

Осы тектес құттықтауды білім ордасының ректоры жалғастырып, салтанатты кеңес отырысы әрі қарай Николай Дриждтің өмір жолы туралы бейнебаянға, өзге де орынды лебіздерге ұласты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*