Главная » Саясат » Экономика » Биылғы мәре – 8 жоба

Биылғы мәре – 8 жоба

    Тауық жылының кеншілерге берген несібесін жыл он екі айдың соңы – желтоқсанда таразыға тартар дәстүр бар. Сол дәстүрді жалғастырсақ, биыл Қарағанды аймағының кәсіпорындары қатарын 8 тың жоба толықтырыпты. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 301 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 7,7 млрд. теңге сомасында 8 жоба жүзеге асырылды.

«Волынка» ЖШС-нің «Шұжық цехінің құрылысын салу» жобасы. Жобаның құны – 320 млн. теңге. Жоба арқылы 40 жұмыс орны ашылды. Бұл кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – 3,6 мың тонна деп жоспарланып отыр. Абай ауданында ашылған өнеркәсіп 115 түрлі шұжық, жартылай фабрикат өнімдерін шығарады. Мұнда басты атап өтерлік жаңалық – өнеркәсіп қуат үнемдеу құрылғыларын кеңінен пайдалануда.

Ал, «Seven Refractories Asia» ЖШС-нің «Отқа төзімді материалдар өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу» жобасының құны –1,7 млрд. теңге. Зауыт 51 адамның нәпақысын айыруға қуатты. Жоба бар қуатына көшкенде 38 мың тонна өнім өндіретін болады. Арнаулы экономикалық аймақта орналасқан зауыт өнімі әлемдік стандарттарға сай. Жобаның құны – 1,9 млрд. теңге. Жалпы, «Seven Refractories» холдингінің тәжірибесі аса зор. Халық­аралық компания өз бөлімшелерін әр елде ашып үлгерген. Соның бірі – Қазақстан.

Жаңа жобаларды іске қосуда қанаттас қалалар да қалыс қалып отырған жоқ. Теміртау қаласында жүзеге асырылған «КазГазоБлок» ЖШС-нің «Жылу блоктарының өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу» жобасының құны – 1,4 млрд. теңге. 68 теміртаулық екі қолға бір күрек тапқан зауыттың қуаттылығы 150 000 м³ екен.

Жезқазғанның «Самға» ЖШС те­мір-бетон құрылымдар зауытын жаңғырту жобасының құны – 240 млн.теңге. Жұмыс орындар саны – 30 болса, жобалық қуаттылығы – 1940 тонна көрінеді.

Жеңіл өнеркәсіпке келсек, Сәтбаев қаласындағы «Эберман А.В.» ЖК «TRIKSAT» тоқыма цехін кеңейту және жаңғырту жобасы осы жылы есігін айқара ашқан жобаның бірі. Құны 46 млн. теңге болатын цехта 15 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаттылығы – 7200 дана.

Мысты өлке – Балқаштың “Эдванс Майнинг Технолоджи” ЖШС-нің SX EW әдісімен мысты шоғырлы сілтісіздендіру үшін тәжірибелі зауыт құрылысын салу» жобасын атап өту абзал. Жаңа 17 жұмыс орнының пайда болуына ықпал еткен зауыт 513 млн. теңгеге бой көтерген.

Арнаулы экономикалық аймақта орналасқан бірегей жоба ретінде танылған – «Recycling Company» ЖШС-нің істен шыққан көлік құралдарының, арнайы техниканың және ауыл шаруашылығының қалдықтарынан шойын, болат, алюминий, түсті металдар қорытпаларының өндірісі де өңірдің экономикасына әсер етпек. Жобаның құны – 3400 млн. теңге, 70 жұмыс орны құрылды. Тарқатсақ, жобалық қуаттылығы синтез-газ – 2100 тонна, пеш отыны – 16 000 тонна, балқыту пеші – 22740 тонна, резеңке ұнтағы – 3300 тонна.

Теміртаудағы «Инкар-I» ЖШС-нің жинау цехінің құрылысының құны – 100,7 млн. теңге. Мұнда 10 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаттылығы – 1000 тонна.

Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, жаңа жылда да жобалар жалғасты болмақ.

Кәсіпкерлікті қолдау картасына Қарағанды облысынан жалпы сомасы 759,5 млрд. теңге болатын, 11508 жаңа жұмыс орындарын құратын 103 жоба бар. Солардың ішінде, республикалық Картаға «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС 2 жобасы енгізілген.

***

Облыстың барлық 18 өңірі Кәсіпкерлікті қолдау картасына ұсынылған.

Өңірлік картада 542,3 млрд. теңге болатын, 9 329 жаңа жұмыс орнын құрумен 101 жоба бар.

Карта аясында 81 жоба іске асырылды, жалпы инвестиция сомасы – 248,1 млрд. теңге. Кәсіпорындарда 6330 жаңа жұмыс орны құрылды.

***

Бірінші бесжылдықта 2010-2014 жылдары – 58 жоба, жаңа жұмыс орындар саны – 4596, инвестициялар көлемі – 123 млрд. теңге;

Екінші бесжылдықта 2015-2019 жылдары – 45 жоба, инвестициялар көлемі – 125,1 млрд. теңге, жұмыс орындар саны – 1734.

***

Бүгінгі таңда 2015-2019 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті қолдау картасына Қарағанды облысынан жалпы сомасы 636,5 млрд. теңге болатын, 6912 жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ететін 45 жоба жоспарланған.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*