Главная » Аймақ » Абай » Үш ауыл ауызсумен қамтылды

Үш ауыл ауызсумен қамтылды

  Абай ауданында ауыз су мәселесі жыл санап оңтайлы шешімін тауып келеді. Бұл орайда «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының септігі зор. Бағдарламаның айқын жемісін ауданда жүзеге асып жатқан жобалардан көруге болады. Мәселен, Агрогородок және Самарка ауылдарындағы су желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Вольный ауылына су құбыры тартылды.

Агрогородок ауылындағы құры­лыс жұмыстарын мердігер «АСПАП» компаниясы сапалы және кестеге сай атқарып шықты. Жазда екі ұңғыма бұрғыланды. 12,6 шақырым құбыр салынып, 132 құдық жөнделді. Жаңа су мұнарасы мен сорғы станциясы орнатылды.

Таза суға қолдары жеткен ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – еңбек ардагері, жергілікті қауымдастық төрағасы Василий Михальченко.

Ауылымызға су тартылды. Су – өте таза. Үйге қостырып алу мүмкіндігі бар. Зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Үйге кіргізіп алдық. Жуынатын бөлме жабдықтадық. Қала пәтерінен еш кем емес. Жұрттың бәрі қалаға ұмтылады. Егер, ауылда осындай жағдай бұрыннан болса, ешкім ешқайда кетпес еді. Келер жылдарда кәріз жүйесі де тартыларына сенімім мол. Туған жеріңнің көркейе бергенін қалайсың, әрине, – дейді ақсақал.

Ауыл тұрғыны Надежда Бай­маған­бетова да өз қуанышымен бөлісіп, алғысын білдірді.

«Мен осы ауылда 1986 жылдан бері тұрамын. Су құбырлары өте ескі болатын. Биыл барлығын қайта жөндеп берді. Қазір рахатын көріп жатырмыз. Есептегіш құралын да орнатты. Тұрмыстық жағдайымыз түзелгені қандай жақсы. Ауылымыз дамып келеді. Көшелерге де жарық шамдары орнатылуда», – деп ауыл тұрғыны ағынан жарылды.

Самарка ауылындағы су желі­лерін жөндеу жұмыстары сәтті аяқ­талды. Бұл жұмыстарды «Жаңа-Арқа 2006» ЖШС жүзеге асырды. 21 шақырым құбыр тартылып, 225 темірбетон ұңғымаларын орнатылды. Су мұнарасы бой көтеріп, су сорғы станциясына жөндеу жүргізілді.

Елімізде суға тапшылығын көріп отырған елді мекендер бар. Өзі­міздің басымыздан өтті ғой. Бұл мемлекеттік бағдарламаның арқасы. Осының аясында да көптеген елді мекендерге, әсіресе шалғайдағы ауылдарға да су тартылып, халық сапалы ауыз судың игілігін көре бастады. Су – тіршілік көзі. Мұндай игі істер су тапшылығын көріп отырған әр ауылда атқарылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Самарка ауылының тұрғыны Әліби Жүкенов.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*