Главная » Аймақ » Нұра » Балаларға – базарлық

Балаларға – базарлық

    Нұра ауданының орталығында аудан әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВТЫҢ қатысуымен бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық шырша мерекесі өтті.

Сән-салтанаты жарасқан жасыл шырша маңын мерекелік көңіл-күй кернеген. Әуезді ән мен сазды әуен, ерекше киінген бүлдіршіндер, ертегі кейіпкерлері бірден сезімді елтіп әкетеді. Бұған қоса, Жаңа жылдық жалт-жұлт етіп, көздің жауын алып тұрған әсем шамдар мен безендірулер тағы бар.

Алдымен бүлдіршіндер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеқұттықтауын тыңдады.

«Жаңа жыл – бәріміз асыға күтетін мейрам, жақсылық жаршысы. Ең алдымен, балалар, сендердің мерекелерің, кішкентайлардың қуанышы. Сендер тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз мақсатты ұрпақсыңдар», – деді құттықтау сөзінде ел Президенті.

Аудан әкімі Ниқанбай Омарxановтың құттықтауы ерекше сипатта өрбіді. Шырша мерекесіне жиналған егемен елдің ертеңі, бір-бір үйдің еркелеріне Жаңа жыл иесі – ит жайлы ертегі айтып, жұмбақ жасырды. Шырша қонақтары әкім аталарының жасырған жұмбақтарын шешіп, білімді, зерек екендіктерін танытты. Өз кезегінде аудан әкімі Ниқанбай Омарxанов бүлдіршіндерге Жаңа жылдық базарлықтар үлестірді. Сыйлық табысталғандағы балалар қуанышы мерекенің ажарын аша түсті.

Шырша тойын жүргізушілер жалғастырып алып кетті. Бірін-бірі ілестіре жүріп жатқан оқиғалар, шиеленіскен қиын жағдайлар шыршаның басты қонақтары – бүлдіршіндердің араласуымен шешімін тауып жатты. Би де биленді, ән де шырқалды, Жаңа жылдық тақпақтар да айтылды. Ескі Тауық жылын шығарып салып, жаңа Ит жылын қарсы алды. Ортаға Аяз ата мен Ақшақарды алып, ертегі кейіпкерлері шыршаның құрметті қонақтарының қуанышын еселеп, әсем шыршаның шамын да жарқыратты.

Мерекеге қатысқан 100 бүлдіршін қысқы киім-кешекпен толық қамтылып, Жаңа жылдық тәттіге толы дорбамен қоса, қолдарына бір-бір сенсорлы ұялы телефон алып, тарқасты.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*