Главная » Рухани жаңғыру » Қырық жыл сахна төрінде

Қырық жыл сахна төрінде

Сонау 70-ші жылдардың соңында аудан халқы өздерінің жаңадан құрылған  «Ақсу- Аюлы» ансамблін ыстық ықыласпен қабылдап, оның әрбір концертіне тайлы-таяғына дейін барып тамашалайтын. Аз уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерген ансамбль репертуары да жаңарып, жаңғырып отырды. Ансамбль шын мағынасында әр ауылдың асыға күтер сүйіктісіне айналған еді.

Жуырда аудандық мәдениет үйінде «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблінің 40 жылдығына орай, «Аюлым – ақ бесігім» атты мерекелік кеш өтті. 1977 жылы құрылған ансамбль аз ғана уақыт ішінде облысымызға, әрісі республикамызға танымал болып үлгерді.

Ансамбль сол кездегі мәдениет бөлімін басқарған марқұм Төлеубай Әбдіғалиевтің тұсында құрылған болса, 1977 жылы аталған бөлімге Зәрубай Сүйіндікұлы ағамыз тағайындалып, ансамбльге халық атағын алып беру үшін Алматыдан композитор Әсет Бейсеуов, ақын Саттар Сейтқазин шақырылып, дайындық жұмыстары жүргізілді.

Ансамбльге алғашқыда Амантай Рашитов жетекшілік етті. Құрамында ауданымызға белгілі сазгерлер Ермек Мұстафин, Төлеген Ыбыжанов, Сайран Түсіпбеков, Мұхаметқали Әбдуов, Қайыркелді Күлейменов, Төлеген Сапаров, Мекен Жәшкеев, Рыс Тәженова, Күләнда Биғарашева, Нәсіпкүл Мұқажанова, Қайрат Мұстафин, тағы басқа да әнші, бишілер барлығы 30-ға жуық өнерпаз болған.

Мерекелік кеште  аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин, аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің әр өңірінде тұрып жатқан, бүгінгі мерейтойға арнайы келген ансамбльдің бұрынғы мүшелеріне сый-сияпаттар жасады.

Мұнан соң ансамбльдің құрылуына өзіндік үлес қосқан жерлесіміз, ақын, сазгер, күйші Зәрубай Сүйіндікұлы, ансамбльдің алғашқы мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің филология факультетінің деканы  Мұхаметқали Әбдуов, Мекен Жәшкеев, ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі,  ақын-сазгер Амантай Рашитов ағаларымыз бен көп жылдар мәдениет саласын басқарған Гүлшара Ахметова апамыз сол жылдардағы ансамбль құрамы мен жұмысы, жетістіктері жөнінде, сол уақыттағы гастрольдік сапарға шыққандары жайлы жүрекжарды естеліктерін айтып, бүгінде өмірде жоқ, бақилық болған ансамбль мүшелерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мерекелік кеште ән мен жырдан шашу шашылып, мәдени-сауық орталығының әншілері ақын Саттар Сейтқазиннің сөзіне жазылған Ә.Бейсеуовтің әні «Ақсу-Аюлы» және З.Сүйіндікұлының «Ақсу-Аюлы – аңсарым», «Ақсу-Аюлы – жыр мекені» әндері мен оркестрдің орындауындағы күйлер көрермендер жүрегіне жол тауып жатты.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*