Главная » Саясат » Әлеумет » Тәуелсіздіктің рухани негіздері

Тәуелсіздіктің рухани негіздері

      1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атты. Халқымыз айтулы күнді ғасырлар бойы аңсаған еді. Осы күні халықтың ерік-жігерін, өзін-өзі билеу құқығын білдіретін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданып, күшіне енді. Бұл заң толық беделге ие тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде Қазақстанның қазіргі әлемдегі орны мен рөлін растайтын шешім болды. Заң аясында халықтың ұлттық мүдделері қорғалды, ұлттардың өзін-өзі басқару құқығына және жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық берілді, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім салтанат құрды.

Еркін КӨБЕЕВ,

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры

Тәуелсіздік – тарихи сәт. Мемлекет Тәуелсіздігінің тарихи маңызын түсіну үшін халықтың және саяси элитаның ел тағдырына және оның даму келешегіне деген жауапкершілікті толығымен мойынына алуы және оның қажеттілігін ұғынуы маңызды.

Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамның жаңа кезеңінде бізді егеменді мемлекеттің ұлттық стратегиялық басымдықтарын әрі қарай толыққанды іске асыруға қатысты маңызды міндеттер күтіп тұр. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі ретінде қоғамның негізгі озық идеологиялық, рухани, аксиологиялық тұжырымдамаларын жетілдіру қажеттігін алға тартады. Бұл ретте, Елбасы қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алты ірі жобаны ұсынады.  Бұл міндеттерді шешу Қазақстанның академиялық қоғамдастығының жауапкершілік саласымен тікелей байланысты. Біртұтас ұлтты қалыптастыруға бағытталған елдегі мәдени және гуманитарлық дамудың маңызды мәселелерін шешуде білім беру мен ғылымның маңыздылығы артады.

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылатын қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жаңғырудың маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Объективті терең негізге ие мемлекеттік тіл әліпбиін реформалау Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-саяси өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі саналады. Ең алдымен, ол жаһандық әлемдегі экономикалық және технологиялық дамудың жеделдетілген шарттары ретінде негізгі алғышарттар — мәдениет ашықтығы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Коммуникативтік және ғылыми әлем кеңістігінде басты басымдық ретінде латын графикасын енгізу осы мәселелерді шешу тиімділігіне оң әсер етуі мүмкін, мемлекетіміздің әлемдік ғылыми ақпарат пен байланыс кеңістігіне біріктірілуін едәуір жеңілдетеді және жылдамдатады. Мемлекеттік тілді жаңғырту ұлттық өзіндік сәйкестік пен мемлекеттілікті дамыту мен нығайтуда, мемлекет пен қоғамның жасампаз эволюциялық дамуында маңызды факторлардың бірі болуы тиіс.

Сондықтан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы Қазақстан халқы үшін аса маңызды стратегиялық бастаманы толығымен қолдайды. Университет оқытушылары мен ғалымдары латын графикасын енгізу, талқылау және дайындау бойынша жобаны жүзеге асыру, латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу үрдістеріне белсенді түрде атсалысуда.

Университетте «Қазақ тілінен латын графикасына кезеңдік көшу» бағыты бойынша құрылған жобалық офиста ғалымдарымыз облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. «Қазақ тілін латын графикасына көшіру және дамыту орталығы» ашылды. Жетекші оқытушы-филологтардан шыққан спикерлер латын әліпбиі турасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік тілді латындандырудың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық пікірталастарға және латын әліпбиіне көшудің нақты міндеттерін, болашағын талқылап, тұжырымдауға қатысуда.

«Латын графикасы» пәні университет педагогтарымен әдістемелік тұрғыдан толық қамтамасыз етіліп, университеттің филология, тарих, химия, философия және психология факультеттерінің оқу үдерістеріне енгізілді. Бұл жаңа әліпбиді меңгерген білікті педагогикалық кадрлар мен мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Жаңа әліпбиді пайдалану мен бейімдеуге қатысты техникалық мәселелерді тиімді шешуді қамтамасыз ету аса маңызды перспективалы міндет болып табылады. Осы мақсатпен ҚарМУ математика факультетінің ғалымдары кирилше жазылатын қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыратын авторлық бағдарлама жасады.

Жақын арада мектептер мен жоғары оқу орындарында латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін эксперимент ретінде енгізу жоспарлануда. Осы үдерісті сапалы оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, сондай-ақ, білікті педагогикалық кадрларды дайындау аса қажет. Теориялық зерттемелер мен педагогикалық тәжірибеге ие ҚарМУ ғалымдары жаңа буынға оқулықтар құрастыруға және жаңа көзқарасқа ие білімді, білікті мамандар, бірінші кезекте мұғалімдерді даярлауға дайын.

Қарағанды мемлекеттік университетінің математик мамандары айтарлықтай жұмыстар атқарды, факультеттің 8 мамандығы үшін алгебра, математика, дифференциалдық теңдеулер бойынша латын графикасы негізінде үш оқулық жасады. Олар жақын арада жарияланатын болады. Біздің ғалымдарымыздың, тіл мамандарының біліктілігі, көп жылғы жұмыс тәжірибесі ел мүддесі үшін, жарқын болашақ үшін атқарылатын латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу үдерісіне игі әсер етеді деп сенеміз. Жоғары оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып тәжірибе алмасуға, латынша жазылатын қазақ тілінің орфографиясы мен графикасын оқытуға байланысты қашықтықтан үйрету курсын ұйымдастыруға, лингвистикалық және құқықтық сараптама өткізуге дайын. Теориялық зерттеулері бар және оқыту тәжірибесін жетік меңгерген университет ғалымдары жаңа ұрпаққа оқулықтар шығаруға, жаңа қоғамның мамандарын, ең алдымен, мұғалімдерді даярлауға тікелей атсалысады.

Бүгінгі таңда гуманитарлық білімнің маңыздылығы және оның сапасының артып келе жатқаны анық. Елбасымыз толыққанды гуманитарлық білім беру сапасын арттыруға жағдай жасау, гуманитарлық интеллигенцияны қолдауға көп көңіл бөледі. Осы мақсатта мемлекеттік тілде ең жаңа және ең құнды жаһандық гуманитарлық білімнің маңызды ресурстық базасын құру ұсынылды. Әлемдегі ең үздік 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылуы алдағы 5-6 жылда мультипликациялық нәтиже береді, білім саласында жаһандық бәсекелестікке бейімделген қызметкерлерді, студенттерді даярлауды қамтамасыз етеді. Аталған мәселені шешу аудармашы кадрлар мен профессорлық-оқытушылар құрамын тиімді пайдаланумен, авторлық құқық мәселелері, оқу-әдістемелік бағдарламаларды әзірлеу мәселелерімен байланысты. Бұл филологтардың, тіл мамандарының, заңгерлердің, оқытушылардың біріктірілген жұмысын талап етеді. Ғылыми-техникалық және адами ресурстарға ие ҚарМУ факультеттерінің тармақталған желісі жаңа, әлеуметтік және жеке маңызды гуманитарлық білім қалыптастыруда кешенді тәсілдемені жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ғылыми зерттеулер тілінің толыққанды меңгерілуін қамтамасыз ету, оның терминологиялық базасын жетілдіру және біріздендіруге байланысты университетте бакалавр мен магистр дәрежесін дайындауда бес негізгі мамандық бойынша үштілді терминологиялық сөздіктер әзірленіп, басылып шығарылады. Университетте жылдан жылға үштілді кадрларды даярлау ауқымы кеңеюде.

«Туған жер», Қазақстанның сакральдік географиясы, жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет сынды Елбасы бекіткен көптеген жобалар ел келешегін ұтымды жобалау үшін керек, мәдени-тарихи құндылықтар өзектілігін арттыру қажеттілігімен тығыз байланысты. Міне, осы жобалар тұлғалық және ұлттық сананың тарихи жағынан тұрақты жаңғыруының негізі болуы керек. Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетінің ғылыми-педагогикалық және қоғамдық-ағартушылық ісі Қазақстанның ежелгі мәдени мұрасын, «әр ұлтты жеке даралардың тобы емес, жеке ұлт ретінде қалыптастыратын мәдени-генетикалық кодтың» негізі ретінде халықтың объективті, құндылықты толыққанды тарихи жадын сақтаумен бірге зерттеумен, қалпына келтірумен тығыз байланысты. Осыған орай, қазіргі қазақ этносының ежелгі бастауы құрылған көне Сарыарқа аумағындағы тарихи-мәдени үрдістерді, этно-әлеуметтік және этно-мәдени арақатынастар мен өркениеттік дамуды зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстарымен байланысты ҚарМУ-дың зерттеу жұмыстары өте маңызды саналады. Біздің тарихшылар археологиялық, іздеу-барлау және тұрақты зерттеулердің көпжылдық тәжірибелеріне, бірегей археологиялық, палеэтнографиялық және тарихи-географиялық дереккөздерге сүйене отырып, өткен күннің маңызды беттерін анық қалпына келтіруде; Қазақстанның Еуразияның тарихи тағдырында қандай орын алғаны анықталып келеді.

«Қазақстанның киелі жерлері» немесе «Қазақстанның сакральдік географиясы» жобасы халықтың жалпыұлттық киелі жерлермен ортақ рухани байланысын, біртұтас ұлттық сәйкестік алаңын құруға бағытталған. ҚарМУ ғалымдары Сарыарқаның киелі жерлерін зерттеуде бірегей тәжірибеге ие. Қазіргі таңда «Ежелгі Еуразия өркениеттері жүйесіндегі Сарыарқаның археологиялық мәдениеттері» жобасы жасалған. Ол археологиялық зерттеу жұмыстарының жаңа сапалы деңгейге шығуын қамтамасыз етпек.

Университет қабырғасында Орталық Қазақстанның ежелгі тарихи-мәдени мұрасын дәріптеу және насихаттау бойынша, тарихи және ұлттық сана-сезімнің өсуі мен ұлы тарихи өткенге жеке тұлғаның қатысын сезіндіретін, жеке тұлғаға маңызды игілік ретінде тарату бойынша игілікті жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихшылар облысымыздағы өлкетану мен экологиялық туризмнің дамуына зор үлес қосуда, жаңа туристік маршруттар әзірлеп, туризм дағдысына өзіндік экскурсиялық бағдарламалар енгізуде. Осылайша, мәдени-тарихи мұраны дәріптеу мен жаппай экологиялық және этнографиялық туризмді дамыту үшін ғалымдар жасап шығарған Орталық Қазақстанның бірегей және эпонимдік ескерткіштерінің атласы үлкен маңызға ие. Жаңа интерактивті технологиялардың қолданысымен Сарыарқаның тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бойынша туристерге арналған жолнұсқалар әзірленуде. «Киелі Қазақстан» көшпелі көрмесі ұйымдастырылған.

Қарағанды облысының тарихи-мәдени ландшафттарын ұлттық мұра нысандары ретінде көркем-виртуалдық түрде ұсынатын «Ұшар биіктіктегі Сарыарқаның тарихи-мәдени ескерткіштері» немесе «Архелогтың ұшар көзі» жобасы ерекше қызығушылық тудырады. Ұшқышсыз биіктіктен тіркеу, электрондық құжаттау, заманауи фотограмметрия мен геомағлұмат жүйелерінің мүмкіндіктерін, ескерткіштердің 3D модельдерін, киелі жерлердің виртуалды понорамаларын қолдану олардың кешенді сақталуын және мұражай, көрме кеңістігі мен туризмде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

ҚарМУ-дың дамыған ғылыми-академиялық инфрақұрылымы ұлттық мәдени-тарихи мұраларды сақтау мәселелерін кешенді әрі жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретінін айтып өту қажет. Пәнаралық байланыс арқасында әдеби өлкетану қарқынды дамытылуда, оның аясында «Жидебай Қожаназарұлы. Ер есімі ел есінде», «Бұқар жырау» жинақтары жарық көрді.

Экономика факультетінің ғалымдары туристік саланы ұзақ мерзімдік дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының брендін қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға белсене атсалысуда. Биология-география факультетінің оқытушылары Орталық Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау және зерттеу бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы, ең алдымен, жастардың патриоттық санасының жоғарғы деңгейін қалыптастыру, қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен сәйкестікті нығайту сынды университеттік білім беру міндеттеріне кіретін жалпыұлттық патриотизмді нығайтуға бағытталған. Жас ұрпақ қоғамның маңызды стратегиялық ресурсы саналады. Жастарымыздың серпінді жаһанданған әлемге бейімделуі, өзінің мәліметтік және кәсіби жұмылғыштығын қамтамасыз ете алу қабілеті тәуелсіз Қазақстанның алдағы позициясын нығайтуға кепіл бола алады. Елбасының пікірі бойынша, халықтың тарихи санасының өзегі ретінде «жалпықазақстандық мәдениетті» дамыту жас қазақстандықтарды тәрбиелеудің ажырамас бөлігі болып табылады.

Бұл орайда ҚарМУ үлкен әлеуетке ие. Университет студенттері еліміздің қоғамдық-саяси даму мәселелерін талқылауға, ҚарМУ Студенттік Парламенті мен Баспасөз орталығының, Дебат клубының жұмысы барысында, университеттік және аймақтық акциялар аясында, «Жастар әлемі – Мир молодежи» атты университет газетінің беттерінде өздерінің азаматтық позицияларын көрсетуге, қалыптастыруға мүмкіндіктері бар. Біздің жастарымыз университетте өткізілетін көптеген акцияларда, дөңгелек үстелдерде өзекті әлеуметтік-саяси мәселелерді талқылауға қатысады, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылықтарын бойларына сіңіреді. ҚарМУ студенттері университет ұсынып отырған бар мүмкіндікті толық пайдаланып, сананы жаңғырту қағидаттары – ашықтық, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, отансүйгіштік олардың басты ұстанымдарына айналады деп сенемін.

Қоғамның гуманитарлық саласын нығайту және дамыту, мемлекеттің маңызды үдемелі тарихи дамуының маңызды факторы саналатын ұлттық мәдениеттің жасампаз және біріктірушілік ролін орнықтыру, жаңа заманның жаһандық білім әлемінде табысты түрде бәсекеге түсе алатын Қазақстанның жаңа ұрпағын тәрбиелеу – университеттің Тәуелсіз Қазақстанның заманауи әлеуметтік-саяси дамуының маңызды үрдістеріне қосқан үлесі болып табылады.

Редакциядан:

Құрметті Еркін Қинаятұлы!

Сізді ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Елбасы Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған мерейіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

ҚарМУ – Арқадағы білім мен ғылымның қарашаңырағы. Бүгінгі марапат – Ебіней Арыстанұлының аманатын арқалап, аймақ жастарының сапалы білім, саналы тәрбиемен қарулануына сіңіріп жүрген еселі еңбегіңізге берілген баға! Қашанда «Орталықтың» жанашыры, тұрақты авторы бола жүріп, біздің шығармашылық ұжыммен біте қайнасқан рухани болмысыңыз биіктерден көріне берсін! Баспасөзге жазылу науқанының биылғы маусымында да Сіз басқарып отырған ұжымдағы оқырмандарымыздың саны еселеп артып, алғашқылардың бірі болып ордалы «Орталыққа» жеделхат жолдаған Сіз едіңіз. Біз де Сізді алғашқылардың бірі болып құттықтауды жөн санадық.

Ғұмырлы, тұғырлы болыңыз!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*