Главная » Басты тақырып » Адамзаттың бұлбұлы, аңыз Әсет

Адамзаттың бұлбұлы, аңыз Әсет

Алаштың бағына біткен асыл перзенттерінің бірі – теңдессіз әнші, бірегей композитор, суырыпсалма және жазба поэзияны әдемі шендестіруші ақын, шығыс және орыс әдебиетіне қанық аудармашы, ұлттық әдебиетте фантастика жанрында алғаш қалам тербеуші, сал-серілердің соңғы тұяғы Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты елімізде біраз шаралар өтуде.

Көзі тірісінде-ақ адамзаттың бұлбұлы, ән падишасы атанған Әсеттің шығармашылық мұрасы мол болуымен қатар, аса күрделілігімен ерекшеленеді. Сонымен бірге, алуан өнерінің жетелеуімен талай жерді еркін аралаған, небір жақсы-жайсаңдармен араласқан, екі ғасыр тоғысындағы қарама-қайшылыққа толы қоғамдық өзгерістерді басынан кешкен, оған өзінің азаматтық көзқарасын ашық білдірген қайраткер, мейлінше талғампаз, шыншыл, тумысы бекзат ақынның шығармашылық деңгейі асқақ, жеке тағдыры да  сырлы жұмбаққа толы.

Мерейтойға арналған түрлі шараларда, оның ішінде ғылыми-практикалық конференцияларда, жарияланған мақалаларда, айтыстарда сөзге тиек болған тақырыптардың біразы Әсеттің кіндік қаны тамған жері, ата-тегі, өскен, өнеге алған, өнерін жайған ортасы болуы жалпы көпшілік үшін де, ғылыми ізденіс пен тұжырым жасау үшін де дағдылы заңдылық. Дегенмен, түрлі басылымдарда әредік болсын бір мәселеде екіұдай пікірдің белең алуы байқалады.

Әсеттің туған жеріне келсек, оның ата-бабасының, өзінің туған жері қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы екендігіне байыпты зерттеушілер шүбә келтірмейді. Ақынның 1867 жылы әкесінің ата қонысы Найманбай қыстағында туғаны белгілі. Ол жерге бабамыздың бүгінгі намысты ұрпағының бірі ғалым-заңгер Бақытбек Сыздықов бастаған аталастары ескерткіш-сайғақ орнатқан болатын. Дегенмен, жаттанды пікірлерге  бойұрып, жаңсақтық жасалмас үшін сол өңірді және бір шолып шыққанды жөн деп есептейміз. Дәлірек тарқатсақ, аталған ескерткіш-тақта әйгілі археолог Әлкей Марғұланның назарына іліккен петроглифтерге толы Желтау шоқыларының бір сілемі Қарашоқы кезеңіне қойылды. Тақтада Әсеттің бейнесі мен өмірдеректері және ақынның өлең шумағы қашалып жазылған.  Қазірге дейін Қаршығалы өзеніне жапсарлас Найманбай сайы, Найманбай қыстағы атанып келген ұлы ақынның бабаларының атақонысы осы жер. Одан бес шақырым жерде Әлихан Бөкейханның тете інісі Смаханның қыстағы орналасқан. Осы өңірдің бір пұшпағында «бір ғасырдың асылы» атанған Қасым Аманжолов дүниеге келген «Қызыл» қыстағы бар. Кезінде Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, Халық ақыны атанған, Майлық ұрпағы Ғабдиман Игенсартов Әсетті өзінің ұстазы санаған, тұңғыш ұлын Әсет деп атаған. Сондай-ақ, Әсеттің жақын туысы, Халық суретшісі Сахи Романов (Түсіпбеков) елге келген сайын Әсетпен туыстығын мақтан етіп, сүйсіне айтып отырғанын сан естідік. Бұл өңір қазіргі Әлихан Бөкейхан селолық округінің аумағында.

Келтірілген деректерді аталған ауылдың тумалары – Шабанбай бидің ұрпағы, көзі қарақты, көкірегі ояу, тоқсаннан асқанмен жады мықты Қайырбек Байсеркин, көне сөздің көмбесі, ойы сара, батагөй Қабылбек қажы Рамазанұлы ағаларымыз және бүкіл алаш баласы шежіресінің энциклопедиясы атанған, әйгілі адамдар мен жер-су аттарын мүдірмей жатқа айтатын, жастайынан аталған өңірлерді аралап, алдыңғы ұрпақтың естеліктерін жадында сақтаумен қатар, оларды архивтік деректермен салыстыра саралап жүрген заңгер-ғалым Қабылсаят Әбішев бұлтартпас дәлелдермен растайды.

Бұларды тәптіштеп келтіруімізге негізгі себеп – Әсет өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің кейінгі легі арасында ақынның туған жері Арқаның Ақтоғайы екеніне әлі күнге шүбә келтірушілер бой көрсетуі болып отыр.

Ақынның биылғы мерейтойы қарсаңында Әсеттің Мақаншыдағы мұражайын құрудың әу бастан басы-қасында болып, барлық жәдігерлерін өз қолымен тірнектеп жинастырып, ақын ұрпағымен және көзі қарақты қариялармен кездесіп, олардың естеліктерін жылдар бойы жинақтап, ақын өмірбаянын бүге-шігесіне дейін зерттеген осы музейдің басшысы Әбен Разуев мағлұматы мол «Әсетті танып білдік пе?» атты құнды жинақ шығарды. Уақыт өте бестселлерге айналар  жинақ кіріспесінде автор «Қазақ даласын еркін кезген тұлғаларды меншіктеу де артық. Алаштың ұлы болып туған азаматтар қай жерде дүниеге келсе де, оның қазақ болып, Алаштың ұлы болып қалатыны сөзсіз. Ол сол елдің тұлғасы. Ендеше, Әсеттің де туған жері жөнінде алыпқашпа пікір айтуды қойып, оның өміріндегі қалтарыс кезеңдерін толықтыру міндет болар деп ойлаймын» деп, әдемі тұжырым жасай отырғанмен, «Әсет және оның отбасы хақында» атты тарауында: «Жақсыға әркімнің-ақ бар таласы демекші», есімі алашқа мәшһүр болған Әсеттің туған жері туралы екіұдай пікір әлі толық дәлелденіп, осы күнге дейін бір түйінге келмегенін біз осы шығарманың басында айтып кеткен болатынбыз. Біз тек «осылай болады-ау» деген жорамалды алдарыңызға тартып отырмыз. Ізденіс әлі де жалғасын таба береді. Ол, әрине, зерттеушілеріміздің, ақынның өмірі мен шығармашылығына қызыққандардың, Әсетті өнеге тұтқандардың алдағы міндеті болар» деген ойларды ортаға салған.

Ол өз әні мен өлеңдерінде «Арғынмын, атым Әсет арындаған», «Ұраным – Арғын Шордан Қаракесек» деумен қатар, өзін Ырысжанмен айтысында «Шарам кеңнен шабылған Қарашордан», Кәрібаймен айтысында «Шығады Арғынға ұран Қарқабаттан» деп таныстырған, Керімбай биге «Арқаның нудан ұшқан алғырымын, Кең қолтық Орта жүздің Арғынымын» дегені белгілі.

Енді тікелей шежіре жүйесіне жүгінелік. Орта жүз Арғыннан Қотан, одан Мейрамсопы.  Бес Мейрам атанған Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендіктен кейінгі кенже ұл Қаракесектен (Болатқожадан) ағайынды Ақша, Түйте тарайды. Түйтеден Майқы мен Танас. Танастан Тымырсқа (Шор) және Сары (Қара). Шордан Бөтей, Қырғызбай, Жансүйер. Қырғызбайдан Нәуетай. Нәуетайдан Майлық, Айтқұл, Шеру. Майлықтан Қожамберлі, Арыстанбай, Қораз, Жұрынбай, Көрпе. Айтқұлдан Қожамберлі және Сәбірәлі. Қожамберлінің үш әйелінен тоғыз ұл туған. Бірінші әйелінен Наурызбай, Байғана, Қарымбай.  Екінші әйелінен Айтқожа, Қалыбай, Жұмағұл. Үшінші әйелінен Байыс, Жаныс, Сиқым.  Айтқожадан Болтай, Ботпай. Қалыбайдан Найманбай және Қайранбай. Найманбайдан Әсет және Әсекей атты қыз. Шежіре бойынша Әсеттің анасы Кермеқас Найман ішіндегі Байыстың кенжесі Байғана руынан. Әсеттің қарындасы Әсекей 1872 жылы дүниеге келіп, 1945 жылы қайтыс болған.

Әсеттің жары Тәтежан он бір құрсақ көтерген. Олардан тек Шәмшіфару (Сәмөгей атанып кеткен) есімді қызы мен Қожеке атты ұлынан өзгесі жастай шетінеген.  Қожеке 1918 жылы Бақтыда туған, бар өмірін сонда өткізген. Әредік домбыра, сырнай тартып, аздап ән салған. Әскер қатарына 1941 жылдың қаңтарында алынған, одан соғысқа қатысып, барлаушылар бөлімшесінде  болады. Майданнан оралған соң Бақтыда мал баққан, есепші болған. 69 жасында ауырып, қайтыс болған. Қожеке үш рет үйленген. Бірінші әйелі Гауһариядан Рәзия атты қызы туған. Екінші әйелі Қажыбүбіден ұрпақ болмаған. Үшінші әйелі Қамариядан Ләйла, Ләззат, Бақыт есімді қыздары және Ардақ пен Біржан есімді ұлдары  бар. Ардақтың Тәттім мен Баян, Біржаннан Арғын, Дана, Диана және Алпамыс есімді балалары бар.

Әсеттің бүгінгі ұрпағы және қарашаңырағының иесі Біржанмен Үржардағы мерейтойда табысып, әңгімелесіп, дәмдес болудың сәті түсті. Онда Әсет музейінің қызметкері Ләззат пен оның жұбайы, Мақаншы ауылдық округінің әкімі Советхан Қалиевтің ұлы бабаларының мұрасын насихаттаудағы еңбектері мен әсерлі әңгімелеріне тәнті болдық. Ол кездесулер жеке баяндауға лайық әдемі сәттер. Жалпы, Қожекенің және оның ұрпақтары жайында Әбен Разуевтің жинағында егжей-тегжейлі тарқатылған.

Әсеттің аталас туысы, қазір Абай қаласында тұратын еңбек ардагері Шынарбек Қойшыбаев «Қызыларайдың ақиығы» тақырыбымен берілген естелігінде Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Майлық ұрпағы, бүгінді тоқсанды алқымдаған Асқар Сейдахметов пен белгілі журналист Мәсғұт Халиолламен бірлесіп жазған мақаласындағы қызықты деректерді келтірген. Әсеттің жақын туыстарының бірі Тәти Жайнақбаевтың ұлы Әбікен Тәтиев 1952 жылы Мақаншы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып жүргенде Әсеттің әйелі Тәтежанға арнайы барып, бір түн әңгімелеседі. Сонда Тәтежан анамыз Әсеттің өз еліне, кіндік қаны тамған Қызыларайды бір көрсетемін деген арманына жете алмай, ертерек кеткеніне өкінішін айтқан.

Қазіргі уақытта Әсеттің Үржар, Мақаншы өңіріндегі ұрпағынан өзге ет жақын туыстары Қарағанды облысы, оның ішінде Ақтоғай ауданының төңірегінде шоғырланған. Олардың арасында ертеден ел аузына іліккен айтулы азаматтар аз емес. Соның бір буынына ғана тоқталсақ. Байжұманның Смағұлынан Сыздық, Әбеу, Әбдірахым тарайды. Әбдірахым 1919-1922 жылдар Спасскіде еңбек еткен, орысша хат таныған, домбыра мен мандолинде ойнайтын көзі ашық, өнерлі адам болған. Кейінде Қусақ, Қызыларай, Қаратал өңірінде біраз мектеп, оның ішінде «Ақшкөлді» ашып, сабақ берген, Қарқаралы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған. Әбдірахым 1939 жылы Одақ бойынша Ленин орденімен марапатталған 13 адамның бірі болған. Сондай-ақ, ол кісіге Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атағының №4 куәлігі бұйырған. Әбдірахымнан Қайдар, Батай есімді екі ұл туған. Қайдары тарих ғылымының кандидаты болған, университетте сабақ беріп жүргенде 1978 жылы қайтыс болған. Әбдірахымды үлгі тұтып өскен бауыры Сләмия Саттаров өткен ғасырдың 50-60 жылдары Қарағанды облыстық облыстық оқу бөлімін басқарды.

Жоғарыда аталған тарихшы Асқар Сейдахметов дерексіз сөйлемейтін, аса білімді ұстаз көп жылдар бойы Ақтоғайдағы №1 Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің директоры болған, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атанған абыройлы тұлға. Осы жолдардың авторына Қазақстан ҒА Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаевтың қабылдауында болғанда, өзінің  Асқар Сейдахметовпен курстас болғанын, ол кісінің алғырлығын айта келіп, «Осы институтты мен емес, Асекең басқаруға лайық еді» дегенінен артық бағалау мүмкін емес.

Әсеттің және бір ұрпағы, жоғарыда аталған Әбдірахыммен бірге туысқан Әбеудің Мірасылының қызы ұзақ жылдар бойы Ақтоғай ауданындағы, Қарағанды облысындағы мәдениет саласын басқарған Салтанат Әбеуова қазір Ақтоғай ауданының әкімі болып қызмет атқарады. Таяуда С.Әбеуованың ұсынысымен Әсет әндерін орындаушылардың облыстық конкурсы өтті. Енді Ақтоғайда ұлы ақынға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда.

Ал Әсеттің ақтоғайлық ұрпағы, Әбдірахыммен бірге туған Сыздықтың Қапанының дарынды перзенті, ұзақ жылдар юстиция саласында қызмет атқарған  ғалым-заңгер Бақытбек Сыздықовтың ұлы бабасының өмірі мен шығармашылығына ізденіс жасау, ұрпақтарының арасындағы алтын көпір болуындағы орны мүлде бөлек. Осыдан төрт жыл бұрын Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, таяуда Еуразия ақындарының арасында лауреат атанған айтулы ақын Ғ.Жайлыбай және белгілі ақын Ғ.Қалибекұлы Қытай еліне арнайы экспедиция жасағандығы жөнінде сол жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Алты Алаш ардақтаған Әсет ақын» атты жолжазба жарияланды. Осыдан төрт жыл бұрын бір топ жерлестеріміз Қытай еліне барып Әсеттің ән айтып, сайран салған, дүниеден өткен жерлерінде болып қайтқанын жазған болатынбыз. Биыл да осы ниет сәнімен жалғастырылды. ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің тікелей қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, танымал жерлестеріміз Бақытбек Сыздықов, Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов, Амантай Жұмашев, Нұрай Танабаев Түркияға барып, Ыстамбұл және Анкара қалаларында баяндамалар жасап, концерт қойып қайтты.

Осы тұста тек шежіремен шектелмей, аса көрнекті ғалым, абайтану және шәкәрімтануды ғылыми негіздеуші, теңдессіз текстолог, Семейдегі Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, аудармашы Қайым Мұхамедханов келтірген деректерге жүгінудің реті келіп тұр. Қ.Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан алашордашы, ислам уағызшысы, ауқатты, жомарт адам болған. Кезінде көптеген қолжазбаларды, тарихи өлең-жырларды жинақтап, мәдени мұраны сақтаушы ретінде танылған. Ал Қайым Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болған. М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясына қатысты көптеген деректерді Қайымнан алып отырған. Қ.Мұхамедханов 1995 жылы басылып шыққан  «Абай шәкірттері» атты төрт томдық еңбегінде Абай мектебінен шыққан ақын шәкірттерін атаған. Дәлірек айтсақ, «Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан ақындық, әншілік өнер жолында үлкен тағылым алған талантты шәкірттердің бірі – Әсет. Қазақ даласын әнмен тербеген Әсеттің өзі өмір кешкен тұста халқының ақберен ақыны ретінде танылғаны анық еді. Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ақынның алдына келгенде 20 жаста болатын. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді. Сол кездегі Абайдың қасында ұдайы болған адамдары: Шаһкерім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Ахметбектер тобына Мұқа, Әсет келіп қосылған екен», – деп нақтылай түскен.

Сонымен бірге, автор «Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен қала тұрмысына тұрақтала алмай, Мақаншы ауданындағы Бақты ауылына көшіп барады. Осында Әсетті медресеге оқуға береді. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды»,  – деп жазады да, одан кейін  «Әсет – Абай ағасының алдында мол тағылым, үлгі алады, Пушкин шығармаларымен танысады. Әсеттің «Евгений Онегин» романының оқиғасына еркін аударма жасауы Абай әсері екені сөзсіз», – деп жалғастырады.

Бұл жерде мақаланың назар аударатын тұсы Найманбай Қалы­бай­­ұлының Семейге келді деген жылы 1875 жылы деп көрсетілуі. Өйткені, бұған дейінгі деректерде Найманбай отбасы Семейге Әсеттің бес жасқа толған шағында көшкен делініп жүр. Дәлірек нақтылау үшін Ресей империясы бойынша, оның ішінде Дала өлкесінде үш жыл сайын өткізіліп тұрған  мал-жан санағы және басқа архив деректерін іздестіріп, жүгінген абзал деп есептейміз.

Ал, енді автордың (Қайым Мұхамедхановтың) Найманбайдың отбасымен Семейге көшуіне себебін ауыр тұрмысқа тіреуі дұрыс тұжырым дей алмаймыз. Қазіргі заман емес, ол кезде атажұрттан қоныс аударуға екінің бірі беттей бермейді. Біздің пайымдауымызша, бұл шешімге бірнеше себеп негіз болған. Біріншіден, сол елге Найманбайдың туған апасы ұзатылған болатын. Екіншіден, оның қайын жұрты, яғни Кермеқастың төркіні Үржар, Мақаншы өңірінің наймандары.

Сонымен бірге, біз негізгі себепті басқа тұстан іздеуге тиіспіз. Өзіне өзі сенбеген азамат жылы орнын суытпайды. Бұған әлемдік және ұлттық тарихтан мың сан мысал келтіруге болады. Жасынан ширақ, қолы өнерлі Найманбай бір жағынан өзін сынау, екінші жағынан ұрпағының лайықты білім алуына жағдай жасау ниеті болуы әбден ықтимал. Оның әулетінің одан арғы тағдыры, оның ішінде Әсетті медресеге оқуға беруі соны дәлелдейді.

«Абай» журналының биылғы жылғы № 4 санында Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай «Абайдың ақын шәкірттері» айдарымен өткен ғасырдағы және қазіргі әсеттанушылардың бір топ мақалалары жарияланды. Оларда ақынға байланысты алуан деректер мен тұжырымдар келтірілген. Сондықтан олар жайында барынша қысқа шолу жасаған жөн деген ойдамыз.

Филолог-ғалым Балтабай Адамбаев «Әсеттің өмірбаяны мен шығармашылығын алғаш жүйелі зерттеушілердің бірі екені белгілі.  «Социалистік Қазақстан» газетінің 1987 жылғы 9 шілдедегі санында жарияланған «Сан қырлы дарын» деп атаған мақаласын «Әсет Найманбаев ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақындарының аса көрнектісі, Абай мектебінен тәлім алған және  Абайды ұстазым деп таныған гуманист ақын» деген жолдармен бастаған. Одан кейін бірден нақты деректерге көшіп, «Әсет қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты «Қызыларай» совхозының жерінде кедей шаруаның үйінде 1867 жылы июль айында дүниеге келген. Әкесі Найманбай жұмыс іздеп әуелі Семейге, кейін саудагерге жалданып, қазіргі Мақаншы ауданына барған. Замандастарының айтуы бойынша Әсет жас кезінде алдымен Бақты селосында қазақ-орыс мектебінде оқиды, сонан соң Лепсі қамалында медреседе 4-5 жыл оқып-тәрбиеленеді. Міне, осы медреседе араб, парсы тілін үйренеді. Әлеумет өміріне белсене араласады.» деп жалғастырған.

Одан әрі автор «Әсет Найманбаев тек ақын ғана емес, өзінің өлеңдеріне ән шығарған халық композиторы. Әрі оны өзі орындаушы әнші, жыршы, жырау» дей келе, «Оны замандастарының «адамзаттың бұлбұлы» деп мадақтауында осындай мән бар» деп әдемі түйіндейді. Бұдан кейін «Ол сонымен қатар таршылықта халық қасынан табылып, жасығанда ақылшысы, рухтандырар насихатшысы-үгітшісі болған» деумен бірге қазақтан соғысқа адам алу туралы бұйрығы шыққанда Әсеттің бірнеше болысты аралап, өлеңдері мен сөздерін жазып таратып, елді патшаға жігіт бермеуге, көтеріліс жасауға шақырғанын айтып, Омар есімді болысқа өлеңмен жазған хатының Төкен Кенембаев қарттың жадында қалған мәтінін  келтіреді:

Омаржан, бұл не деген

зорлық-қыспақ,

Езілген халық бар ма қазаққа ұқсап?

Басты апат Арқа, Жетісу кең өрісін,

Өмірде есіңе алсаң шын дұрыстап.

Ежелден елдің атын ер шығармақ,

Ер едің елің сүйген бетіне ұстап.

Қазаққа көтерілер заман туды,

Бергенше өңкей жасты

патшаға ұстап,

Торғайдан есебі жоқ елді жинап,

Аттанды Амангелді батыр бастап.

Еліңді ойран салып жау шапқанда,

Сен де аттан жасақ жинап,

ұран тастап.

Халқыңның жауға аттанған

ұранына,

Қосылмай лайық па босқа жатпақ?!

Еркек боп ел бағы үшін туған ерлер

Ел-жұртын жаудан қорғап бағын

ашпақ…

Б.Адамбаев осы тұста және бір құнды деректер келтіреді. Бұрыннан пікірлері ортақ Алакөлдің болысы Омар Мейірманов Әсеттен хат ала салысымен қарамағындағы елден солдатқа адам бермеу үшін елді Қытайға қарай жылыстатып көшіреді. Уездегілер мұндай хабар жетісімен 200 атты әскер жіберіп, Омарды ұстап әкеліп, Алакөлде атып кетеді. Содан жазалау отряды Әсетті іздестіреді. Бұдан Әсеттің 1916 жылы бой тасалап Қытай жеріне өтіп кетуінің және 1919 жылы отбасын өзі келіп көшіріп әкетуінің негізгі себебі осы деп қорытынды жасауға болады.

Б.Адамбаевтың бұл еңбегінің және бір құндылығы Әсеттің Бітімші деген жолдасының естелігін келтіреді. Әсеттің Қытай жерінде қалмай елге қайтар алдында сондағы Зеріп есімді әпкесімен қоштасып кетуге аттанған сапарында Ғафаридің үйінде алмастан уланып қалғаны көпшілікке белгілі. Бітімшінің айтуынша осы суық хабарды естіген Зеріп қос ат жеккен арбамен келіп, Әсетті үйіне алып кетеді. Онда барғаннан кейін үшінші күні Әсеттің әпкесіне қарата айтқан ақырғы сөздерін Бітімші жадында сақтап қалған:  «Үш арманым бар. Бірінші, екі балам жастай қалды. Қызымды ұзатып, ұлымды бастап-баулып ел қатарына қоса алмадым. Екінші – өлеңімді жинастырып жазып, басуға бере алмадым. Үшінші – өзімнің туған елімде қала алмадым» дейді де, Бітімшіге қарап: «Тәтежанға сәлем де, дереу Совет жеріне көшсін, екі баланы өз еліне жеткізсін!» деген аманаттан кейін әпкесі Зеріпке қарап: «Көзім жұмылысымен кешіктірмей жамбасымды жерге тигіз» деген соң ұлы ақын көз жұмған.

Филолог-ғалым Арап Еспенбетов өзінің «Зерттеле түсуге лайық тұлға» атты мақаласында Әсеттің өмірбаянына қатысты Қайым Мұхамедханов келтірген деректерге сүйеніп, ал шығармашылығына байланысты оны «…қазақ өлеңіндегі өз тұғырын өзі белгілеп кеткен ірі ақын» деп тұжырым жасаған. Бұдан соң автор «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» ең алғаш Семейде шығып тұрған «Таң» журналына (1925 ж.), содан кейін С.Сейфуллин құрастырған «Ескі әдебиет нұсқаларына» (1931 ж.), І.Жансүгіровтің «Сағанақ» кітабы (1928 ж.) мен толық жинағына (1933 ж.) енгізілгені, 1945 жылы Қытайдаға Үрімжіде «Шығармалары» атауымен өлеңдері мен «Сәлиха-Сәмен» поэмасы енгізілгені,  1968 жылы Б.Адамбаев пен С.Ордалиевтің алғысөзімен, 1988 жылы Б.Нұржекеұлы мен Б.Абылқасымов толықтырған жинағы шыққандығы туралы жазған. Сонымен бірге, көрнекті музыкатанушы Қ.Жүзбасов Әсет әндерін түрлі варианттарын жинақтап, нотаға түсіріп, 1992 жылы «Әсет. Інжу-маржан» әндер жинағын шығарғандығын айтқан. Сондай-ақ, Қ.Нұртазин мен А.Игенұлы жинап, реттеген «Әсет. Шығармалары» атты екі томдық Бейжіңде «Ұлттар баспасынан» 2000 жылы шыққандығы, ал жас зерттеуші-ғалым Жанар Аитова жинақтаған «Әсет. Шығармалары. Алашқа атым шыққан Әсет ақын» жинағы 2008 жылы Алматыда шыққандығы жайында шолу жасаған.  Сол сияқты, филолог-ғалым Бауыржан Ердембеков «Ішінде көп сөз кетті терілмеген» атты мақаласында «Жалпы Әсет – өмірі де, әдеби мұрасы да аса аз зерттелген, әлі де өз бағасын ала қоймаған әдебиет қайраткерлерінің бірі» дей келе, ақын шығармаларын зерттеудегі даулы тұстарын талдап, соңында «Әсет ақын көз жұмғаннан соң да көп уақытқа дейін өлең-сөзі жарыққа шықпады. Ең алдымен, Әсет – діндар ақын, кеңес өкіметін ашық жамандап жазған, оның үстіне Қытайға қашып кеткен адам ретінде қараланды. 1951 жылы Абай шәкірттерінің тізімінен сызылды. Абайдың қасында үш жыл жүріп, ортасын ән мен күйге бөлеген, тамаша туындылар қалдырған Әсеттің аты «Абай жолы» эпопеясында аталмауы, бәлкім, содан болар» деген түйін жасаған.

Биылғы мерейтой қарсаңында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директоры Болат Жүнісбековтің жалпы редакциясымен «Әсет Найманбайұлы. Шығармалары» атауымен екі томдық жинақ шығарылуы әсеттанушылар үшін айтулы олжа болды. Қостомдықты құрастырушылар Жанар Аитова мен Әбен Разуевтің еңбектері зор. Жинақтың алғысөзін және түсініктемелерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Жанар Аитованың тың деректер келтіргені қуантады. Мысалы, Әсеттің «Беташар» және «Аужар» атты шығармаларының ең алғаш белгілі тарихшы Құрбанғали Халидтің 1910 жылы қазан баспасынан шыққан «Тауарих-и-хамса» еңбегінде жарияланғаны, одан кейін ақын өлеңдерін белгілі фольлоршы Ә.Диваетың 20 жылдары ел аузынан жинағаны жайында, сондай-ақ, «…Әсеттің өлерінде арман еткен тұңғыш жинағы 1945 жылы Сарсүмбе қаласында шыққан» деп жазғандары тұщымды дәйектер. Дегенмен, кіріспе авторы Ж.Аитованың Әсеттің нақты туған жері деп танылған Қарағанды облысының Ақтоғай ауданын алдыңғы мақаласында да, осы жинақтың кіріспесінде де мүлде атамауы ойландырады.  Олардың орнына «Әсет Найманбайұлының Мақаншы жерінде дүниеге, шығармашылық өмір жолын осы өңір мен Қытай жерінде өткізгенін нақты әрі дәйекті баяндағанын Әсет Найманбайұлы мұражайының меңгерушісі Оразбек Бекбосыновтың мақаласы болды» (Бекбосынов О. Әсет қайда туған?, «Семей таңы», 1992, 29 ақпан) деп жазумен шектелуі де ақиқатқа саналы түрде қиянат жасау деуден басқа шара жоқ.

Әсет шығармаларын Қытай елінде жинақтауда көп жылдан еңбек етіп жүрген белгілі фольлоршы-әсеттанушы, таяуда ғана Қазақтан азаматтығын алған Асқар Игенұлының «Әсет мұрасы – асыл мұра» атты 2016 жылы «Мерей» баспасынан шыққан  көлемді жинағы құнды еңбектер қатарына жатқызатын еңбек деуге тұрарлық.

Әсет әндерінің диапазонының кеңдігі әлем тамсануға тұрарлық екендігін бұрынғы-қазіргі музыка танушылар дәлелдеп отыр. Әсет мұрасына дәстүрлі әншілерден бастап, классикалық музыка майталмандарын да тартуға болады. Мысалы, оның күрделі де асқақ әндерін ізденімпаз ұстаз шұғылданса, есімі әлем шарлай бастаған аса дарынды ұлт мақтанышы Димаш Құдайбергеновтің репертуарына да қосуға болады деп ойлаймыз. Бейнелеп айтсақ, әнші мен ән бірінің бірі бағын ашар еді. Жалпы, Әсеттің әншілік, музыкалық мұрасын кеңірек насихаттау мақсатында оның бүгінге дейін жеткен әндерінің барлық нұсқадағы мәтіндерін ноталарымен бірге толық жинағын, Дәнеш Рақышевтен бастап бүгінгі әншілердің орындауындағы ән антологиясын шығару, музыкалық оқу орындары мен орта мектеп, колледждердің музыка пәндерінің бағдарламаларына енгізу қайтарымы мол істердің ірі бастамасы болар еді.

Ең алдымен, Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Әсет Найманбайұлының мұрасын сақтау, зерттеу, насихаттау, есімін мәңгілік қалдыру жөнінде кешенді шараларын бекіткен шешімін шығару керек деп есептейміз.

Оған Әсеттің туған, өскен, өнер шашқан жерлерінде ескерткіштер орнату, көшелер,  мәдени ошақтар мен оқу орындарына есімін беру, бар музейлерді экспонаттармен толықтыру, жаңадан музейлер ашу, әдеби шығармаларының, әндерінің толықтырылған жинақтарын, аудио және бейнеклиптерін шығару сияқты шаралар енгізілгені абзал. Сондай-ақ, Әсеттің өнердегі үлесі мен қоғамдағы белсенділігі, қайсарлық пен күреске толы өмірі музыкалық-драмалық шығармаға да, көркем фильмге де сұранып тұрғаны айдан анық. Ал енді, теңдессіз әнші-ақынның туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына келетін болсақ, бір Әсеттің өзіне арнап музей ашса да тұрарлық тұлға. Дегенмен, бұл жерде басқаша көзқарас пен жеке пайым керек сияқты.  Өйткені, осы ауданның аумағында бүкіл қазаққа ортақ, барша алашқа әйгілі ондаған тұлғалардың дүниеге келгені белгілі. Сондықтан аудан орталығында мүлде жаңа тұрпаттағы республикалық «Алашқа әйгілі ақтоғайлықтар» атты тұлғалар музейін ашу керек деген ұсыныс енгіземіз. Ол үшін Республика Үкіметінің шешімімен музей концепциясын жасау, жаңа ғимаратының жобасына конкурс жариялау, қаражат көздерін қарастыру, тағы басқа көптеген мәселелерді қоса ескеру қажет болады. Бұл тез арада бітетін шаруа емес. Бірақ мұндай ауқымды шешім кейінге қалдырылмай, мерейтой дабылы суымай қабылданса, нұр үстіне нұр болары хақ. Бұндай салмағы ауыр, бірақ  абыройлы істі кезіндегі Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды өз заманымыздың табанды тұлғалары қолға алар деген ойдан ел-жұрт дәмелі және үмітті.

Балапан басына, тұрымтай тұсына қарай тартатын заман келмеске кетті. Әсеттің мол мұрасын ақтара тексеріп, зерделеп зерттейтін шақ жаңа туды. Өйткені ғылыми ізденістің тереңдігі мен дәлелдігінің алды даусыз, арты шаңсыз болуы шарт. Әсеттей алып тұлғаны алты алаш әз тұтатын мезгіл жетті. Бұл жерде біз Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіні директоры, танымал қаламгер, журналист Болат Жүнісбековтің биылғы тамыз айында «Ана тілі» газетінің тілшісіне берген сұхбатындағы «Негізі Әсет ақын толық зерттеліп біткен жоқ» деген тұжырымымен толық келісеміз және бұл бағыттағы ізденіс тарамдана және тереңдей түсетіні күмән тудырмайды. Жалпы, бұл бағыттағы ізденіс толастамау керек. Өйткені, бұл бір адамның, бір облыс, тіпті бір ел төңірегінде жүргізетін шаруа емес. Барша алаш жұмылатын іс. Бір ғана мысал, ғалым жерлесіміз Азат Бабашев шәкірттерінің бірі Нұржан Дәулеткелдіұлының Қытайдан Әсеттің ешқайда жарияланбаған қолжазба өлеңдерін жинап әкелгендігі және онда ұлы әншінің өзі ұстаған домбырасы табылғанын хабарлаған болатын.

Жалпы, Әсетті Алаштың ұлы перзенті деп атауға орынсыз сыпайылық көрсетіп жүргендігімізді бәріміз мойындауға тиіспіз. Қазақ барда, оның поэзиясы мен өнері, қазақи дәстүрлі әні  барда барша алаштың асыл перзенті, Ұлы даланың ән падишасы Әсет Найманбайұлының есімі халқының жүрек төрінде мәңгі боларына  сенімдеміз.

Қайырбек СӘДУАҚАСОВ,

«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*