Главная » Аймақ » Абай » Жарты жылда – қос нысан

Жарты жылда – қос нысан

    Абай ауданындағы Дубовка кентінде Мәдениет үйі мен «Аяла» балалар мен жасөспірімдер спорт кешені ашылды.

Дубовка кенті Абай ауданының құрамына жарты жыл бұрын енгізілді. Бір айтары, осы қысқа мерзімде жергілікті билік аталған кентте қос әлеуметтік мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұйымдастыра алды. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асқан жобалар.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде екі нысанның жөндеу жұмыстарына 18 млн. теңге қаражат жұмсалды. Ашылу салтанаттары Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі екендігін Жолдауларында айтты. Ауданда бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен көңіл бөлінеді. Жыл сайынғы қысқы және жазғы спартакиада ойындарында Абай ауданының командасы алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Әлбетте, «Аяла» балалар мен жасөспірімдер клубының ашылуы аймақтағы спорттың дамуына жаңа серпін беретіндігі анық. Бұл туралы аудандық мәслихаттың хатшысы Борис Цай балалар және жасөспірімдер клубының ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде айтты.

Салтанатты рәсімге аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин, Дубовка кентінің әкімі Серікғазы Абдулкәрімов, ауыл тұрғындары қатысты. Осы жерде жас спортшыларға спорттық құрал-жабдықтар тарту етілді. Сонымен қатар, жаңа залда Абай қаласы мен Дубовка кентінің қыздар командалары арасында баскетболдан достық кездесу өтті.

Салтанатты шараның соңында ауыл тұрғындары спорт кешенін аралап көрді. Айта кету керек, балалар мен жасөспірімдер клубы 1986 жылы мәдени-спорттық кешен ретінде тұрғызылған. Бір өкініштісі, ғимарат 1995 жылдан 2006 жылға дейін бос тұрды. 2006 жылы балалар мен жасөспірімдер клубын ашу туралы шешім қабылданғаннан кейін, мұнда спорт зал мен бөлмелерге шағын косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы уақытқа дейін жуынатын бөлмелер, терезелер, есіктер, су және кәріз құбырлары істен шығып, әбден ескірген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының арқасында ғимаратта электрмен жабдықтау, су құбыры және кәріз жүйесі қалпына келтірілді, терезелер мен есіктер ауыстырылды және қасбет толық жөнделіп, едендер жаңартылды. Жаңартылған киінетін және жуынатын бөлмелерде жас спортшылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Ал, жаңа жылда клубқа күрес кілемі алынады. Сондай-ақ, мұнда екі спорт нұсқаушысы жұмыс жасайды.

– Бүгін бізде өте қуанышты күн. Тұңғыш Президент күніне орай ауылымызда күрделі жөндеуден өткен екі ғимараттың ашылуына куә болып отырмыз. Енді, немерелерім спорт клубына баратын болады. Елбасына, аудан басшысына осындай жасап жатқан сыйларына үлкен алғысымды білдіремін, – деп Дубовка кентінің тұрғыны Әмина Жаппарова ағынан жарылды.

Сонымен қатар, кент тұрғындары ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында өткен мерекелік іс-шараны тамашалады. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен Дубовка кентінің шығармашылық топтары өз өнерлерін ортаға салды.

1982 жылы салынған ауылдық Мәдениет үйінде ғимарат іске қосылғаннан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мұнда шатыр, жылыту жүйесі, көрермен залы, есік-терезелер, дәретханалар, еден, қасбет жөнделді. Бұған қоса кітапхана, бөлмелер жаңартылып, жаңадан жарық шамдары орнатылды.

Салтанатты кеште аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин Дубовка кентіндегі Мәдениет үйінің меңгерушісі Әлия Шырынбековаға дыбыстық жабдықтарды алу үшін 1,5 млн. теңге көлеміндегі сертификатты сыйға тартты. Сондай-ақ, Мұрат Сәкенұлы келер жылы су құбырларын және жолдарды жөндеу жұмыстары біртіндеп қолға алынатындығын айтты.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*