Главная » Билік » Президент » «Астана жұртын айналған…»

«Астана жұртын айналған…»

«Ел астанасын көшіру бойынша Мемлекет Басшысы бәрімізбен ақылдасып жүрді. Шынымды айтсам, сол кезде мен ол кісіге «Жұрт 3-4 ай жалақысын, балалар шәкіртақысын, қарттар зейнетақысын ала алмай жүр. Қайда көшеміз? Ел жалаңаш, жалаңаяқ, жалаң бас. Қалай саласыз, қалай көшесіз? Мен қарсымын» деп едім. Мен мұндай қала болатынын білген жоқпын. Біз көшіп бара жатқан жұртты шығарып салдық. «Біз Алматыға сыймай емес, қимай кетіп бара жатырмыз» деді олар. Астананы ең қиын кезде, тәуекелге барып, Арқаның қақ төріне көшіру батырлық еді. Ол мемлекетке қажет болды. Бұны ол кезде біріміз түсінсек, біріміз түсінбедік. Мұның үлкен астары бар болатын», – дейді. Алаш ақылмандарының бірі Мырзатай Жолдасбеков. Астананы Алматыдан Арқа төсіне көшірерде Мырзатай аға бүй дегенде, басқалары не демеді?! 1994 жылдан бастап 1999 жылғы аралықтағы баспасөз беттеріне көз жүгіртсеңіз, андағайлап шыға келеді. Қарсы уәж, қайшы пікір, көлденең кес-кестеулер… Отандық басылымдарды былай қойғанда, қайшы пікірлер шетелдік баспасөз беттерінде тіптен көбірек көрініс тапты. Қасында тұрып қабылдағаннан гөрі, алыстан естілген дауыстың жаңғырығы жер жарады ғой. Шетелдік басылымдардағы мақалаларды оқысаңыз, қараптан қарап түңіліп кетуіңіз әбден мүмкін еді. Олардың ұзын-ырғасы мынау: «Қазақтар астанасын суығы бет қаратпайтын солтүстікке көшіруге қарсылық танытуда» («The Тimes»). «Қазақстанның мұз астанасы жарияланды» («Financial Times»). «Қазақстанның жаңа бұлыңғыр әрі көріксіз астанасы» («Washington Post»). «Дипломаттардың Ақмолаға көшуге байкоты» («Der Spiegel»). Ал, «The Economist» журналы: «Президент Назарбаев 2 жыл бұрын Қазақстанның солтүстігіндегі Ақмола қаласын жаңа астана ретінде таңдағанда, оның бұл шешімі көп қызығушылық оята қоймаған. Жалпы алғанда, осыған тікелей қатысты – бюрократтар, дипломаттар мен бизнес иелері өздері тұрып үйренген Алматыны алыстағы қонақжайлығы аздау Ақмолаға ауыстыруға бейілді емес. Солардың бәрі Назарбаев қайта ойланар деп үміттенеді. Бірақ, Үкіметтің көшетін кезі тез жақындап келеді. Ал Президент резиденциясы мен Парламент үйін қоса алғанда, бірде-бір ғимараттың құрылысы осы жылдың аяғына дейін бітетін емес», – деп жазған Астанаңызға бүгін әлем аузын ашып қарап отыр. Мың-миллиондаған адамдармен алыса жүріп, жай шаһар емес, әлем таң қалатын Астана тұрғызған Нұрсұлтан Әбішұлына таңырқамай көр осыдан кейін.

Қазір Қазақстанның қасиетті төріне айналған Астананы Қараөткелден тұрғызу ол баста ақылға сыймайтын әрекет болып көрінгенін тарих айтады. 1994 жылдың 6 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға қазақ елінің елордасын Алматыдан Ақмола көшіру идеясын ұсынып, оны нақты мысалдармен депутаттардың алдында дәлелдеуін дәлелдеп шығады ғой. Бірақ, бірді-екілісі болмаса, Парламент Мәжілісіндегілердің көбі мақұлдай қоймады. Себебі белгілі – естанды күйде отырған елдің экономикалық жағдайы көтермейді. Әрі-беріден соң, мемлекеттің қауқары да шамалы. Осыны қаперде ұстаған депутаттар сонда Елбасының елорда туралы ұсынысын бір ғана себеп үшін, дәл сол күні Президенттің туған күні болғандықтан қабылдап жіберген. Талқылаудан соң олар өзара сөйлескенде: «е-е, бұл жақын арада жүзеге асар іс емес. Іске асса, елу жылдан кейін бір-ақ орындалады. Оның үстіне, бүгін – туған күні. Көңілін жықпайық» деген қисынмен мақұлдаса керек. Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында да жазады. «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030-шы жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды» дейді.

Кезіндегі қарсы уәж, қайшы пікірдің бәрі бүгін далбаса. Елбасы бастап туын тіккен Астана қазір Алаштың алтын бесігі, әлемнің айтулы қалаларының бірі емес, бірегейі. Ендеше, «Астана жұртын айналған» ел де, Ер де аман болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*