Главная » Саясат » Әлеумет » Алаш рухын аспандатқан

Алаш рухын аспандатқан

   Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері азды-көпті жарты жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта ұлт болып үндеу қосып, ел болып еңселі бастаманы қолдап әкеткеніміз бар. Ал, сол мақаланың өзегіне үңіліп, тереңіне ой тастап көрсек, ел ертеңіне қосар үлесі, берер басымдылығы не дер едік? Расында, Егемен еліміз үшін рухани тұрғыдан жаңғыру қаншалықты маңызды һәм қажет? Ойланып көрдіңіз бе?

Президент аталған мақаланың кіріспе сөзінде «біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп ой түйеді. Дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей экономика мен саясат мәселесін алға тарттық. Ал, ұлттық құндылық, рухани өрлеу ше? Олар кенжелеп қалмақ па? Жоқ! Елбасы бұған дейін де су қараңғы тарихымызға сәуле жүгіртіп, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырту ісін қолға алды. Бұл аз десеңіз, «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жиналып, зерттелді. Әрине, мәдениет, тарих мәселелеріне қатысты бұдан өзге де ауқымды жұмыстар атқарылғанын жоққа шығарғымыз келмейді. Біз тек сүт бетіндегі қаймағы болған қарқынды жұмыстарға ғана тоқталып өттік. Ал, бұл мақаланың жөні тіптен бөлек. Бұл – жоғарыда атқарылған жұмыстардың бәрінен де ауқымды және іргелі бастама болмақ. Тоқ етеріне келсек, Біртұтас Ұлт болу мәселесі де осыған келіп тірелмек.

ХХІ ғасырдағы ұлттық сана һақында сөз қозғағанда Президент «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» дейді. Сондағы жаңа дәуірдің жағымды жақтары не? Айтайық. Ойлап отырсақ, өткен ғасыр екі бірдей Дүниежүзілік соғысты бастан кешкен екен. Аласапыраннан кейін кейбір мемлекет ұтылды, кейбірі жұтылды. Жұтылды дегенді, тәуелсіздігінен айырылды деп топшылауға келмес. Айтайын дегенміз, батыстық жаңғыру үлгісі өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңды. Сондықтан, бұл жаңғыру түрі бізді жарыта қоймасы белгілі. Себебі, белгілі бір деңгейде жаңғырған қоғамның тамыры тарихынан бастау алатын рухани коды болады емес пе? Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деуінің бір мәнісі – осы.  «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дей келе Президент «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп ойын толықтырған еді. Ал, ол үшін қайтпек керек? Қай бағытқа бет алу қажет? Осы орайда көреген Көшбасшымыз тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын айқындап берді.

Алаш жұртының алға басуына арқау болар ауқымды бағдарламаның арқалағаны атан түйенің белін қайыстырар еді. Неге дейсіз ғой? Бұған дейінгі ғасырда аталарымыз бен әкелеріміз барын киіп, бақанын қолына ұстап, көкжиектегі сағымға айналған коммунизм таңына тартып келді. Тартып келе жатқаны сол еді, дәуір сынына төзбеген Кеңес қоғамының шаңырағы опырылып, ортасына түсті. Сонда дейміз ғой, өкімет өлтірмейді деп сенген халқымыз сексен жылдық сүрлеудің соңына түсіп, өзге ұлтпен үзеңгі қағыстыру, бәсекелесу дегеннің не екенін ұмыт қалдырған сияқты. Тәубе, Тәуелсіздігіміз қолымызға жетіп, тобығымыздан тұсау шешілді, тіліміздің тиегі ағытылды. Ұмтыла барып «Ұлтпыз!» дедік. Жұмыла жүріп «Жұртпыз!» дедік. Сөнбей қалған «Рухпыз!» дедік. Дедік те, дегенімізден әрі аса алмадық. Сондағы өткен ғасырдың соңында Ұлт болғанымыз, Жұрт болғанымыз, Рух болғанымыз қайда қалды? Ұмыттық па? Иә. Баяғы мамыражай қалпымызға қайта түстік. Азаттық таңы маңдайымыздан өпкенімен, сексен жылғы сүрлеуге қайта түстік. Санамызда – меңіреу тыныштық. Тіпті, қорқынышты тыныштық деуге болады. «Айтарын айтып өткен абайламай, Дәриға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» деп өкініші өзегінде кеткен өзге ұлт ақыны емес, өзіміздің Мұқағали Мақатаев емес пе еді? Сондағы «абайламай» дегені айтарын ашып айтатын, рухы биік, ойы азат тұлғаларымызды, еркіндікті аңсаған болар. Ал, сол еркіндік пен рух асқақтығы қолымызға тиген біз қандай басымдылық, бәсекелестік таныттық? Ойланарлық жайт. Елбасының «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» деуінің бір қыры да осы ма деймін. Біз кейде соны түсінбей жатамыз. ««Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағ­дарламалар – ұлтымызды, яғни, барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» екенін Мемлекет басшысы бұл мақалада дәлме-дәл айтса керек.

Бұл ретте прагматизм мәселесін де айтпай  кету мүмкін емес. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді» дейді Ұлт Көшбасшысы. Бұған алып-қосарымыз шамалы. Қанағатшылдық пен ұстамдылық қанымызға сіңіп, ұлтымыздың айнасына айналғанымен, соған сай болашақты жоспарлау мәдениеті бізде әлі де қалыптаспаған. Оны жеңбей ертеңге еркін аяқ басуымыз неғайбыл.

Ал, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі – осыған дейін айтылған ойлардың біртұтас өзегі іспеттес. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп топшылаған Президент жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіретінін де тілге тиек етті. Мәселен, жершілдік мәселесі. Туған топырағымыздың тарихын танып біліп, мақтан еткеніміз дұрыс-ақ. Дегенмен, «одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайтынын» кесіп айтақан Елбасы «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Алдымен айтатын дүние – ұлттық код пен ұлттық мәдениет – біз айырылып қалуымызға һақымыз жоқ ең басты құндылық. Ал, кертартпалық кімді алға бастырды? Білмейміз. Бір білеріміз, осы екеуін ұғынса – отандастарымыз опа таппасы анық.

Бұдан кейінгі «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» сынды Елбасы ұсынған сан қырлы үш бағыт та түптеп келгенде Отанымызды от пен судан аман алып қалып, келешек ұрпағымызды кемелденуге бастар ұстаным екені айқын.

Осымен орамды ойлар түгесілді деуге болмас. Себебі, Ұлт Көшбасшысы таяу жылдардағы міндеттерді де айқындап берген болатын. «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын» дей келе Президент бірқатар жүйелі жобаны алға тартады. Мәселен, қолданыстағы әліпбиді біртіндеп латын қарпіне көшіру мәселесі. Бұл бастама – қоғамда қызу пікірталас тудырып, ел азаматтары бірауыздан бұл жобаны қолдап әкетті. Неге бұлай демеңіз. Қазіргі күні жаһан жұртшылығының ғылымы мен ілімі осы қаріпке кіріптар. Бұл туралы Елбасы «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген болатын. Көш соңында қалмаудың алғышарты да осы қаріп болмақ. Олай болса, неге біз дамудың даңғыл жолына бастар қаріп түрінен бой тасалауымыз керек? Жоқ. Бұлай бола қоймас. Бұны ХХІ ғасырдың, заманның өзі талап етіп отыр. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген де қазақ халқы емес пе еді? Ендеше, етек-жеңімізді жиып, Егемендікке қол жеткізіп, экономикамыз бен саясатымызды белгілі бір жолға қойған шақта қаріп мәселесіне де қайта үңілуіміз қажет. Бір кездері ата-бабаларымыз арабтың төте жазуынан осы латын қарпіне, одан кириллицаға қалай бейімделсе, біз де солай тез арада бейімделіп кетеміз. Діттеп қолға алсақ бірер жылдың өзінде-ақ өзге қаріпте жазып шыға келеміз. Қаріпке қатысты ойымызды осымен қайырғанымыз жөн болар.

Әрі қарай қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы менмұндалайды. Президент «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деп түйді. Оқушымыз озат, жастарымыз жалынды болсын десек, бұл жобаны қалай қолдап әкетпейміз? Әкетеміз әрине. Өзге жұрттың таңдаулы 100 оқулығын қазақшалай отырып, білім жүйесіндегі берік іргені одан сайын нығайта түскен болар едік. Бұл да – келер ұрпаққа жемісін берері сөзсіз дер едік.

Аталған бағдарламалық мақала төңірегінде айрықша атап өтерлік ендігі бір мәселе – «Туған жер» жобасы. Қала дейміз бе, дала дейміз бе, мейлі, не десек те, түндігіміз түріліп, кіндігіміз кесілген туған топыраққа атүсті қарайтын халықтан емес едік. Қайырылып соғып, аңсайтын да тұратынымыз сол – туған жер. Ал, сол туған жерге тамшыдай болсын шуағымызды төгіп көрдік пе? Қалада ауламызды, ауылда атырабымызды абаттандырсақ, қажетіне жарап, іздегенінен табылсақ, одан асқан бақыт бар демес едіңіз. Осының жалғасы – «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Әрине, санмыңжылдықтардан бері Ұлы Даланы мекен еткен жұртымыз текті топырағымыздың әр тасын, орман-көлін, жазиралы белін қасиетті санайды. Алайда, соның бәрін жіпке тізіп, картасын жасап, бейнетаспаға түсіріп, жіліктеп жатқан жан жоқ. Ал, жоба болса, айтылғандардың барлығын байыппен атқаруға мүмкіндік береді. Тиісінше бұл жұмыс «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына ұласпай қойсын ба? «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» дейді Елбасы. Ендеше, сүбелі үлес төл мәдениетімізге де бұйырмақ.

Тәуелсіздік бағымызға бұйырғаннан бері ширек ғасырдан астам мерзім өтіпті. Осы аралықта ел дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарымыз аз емес. Бұл – белігілі бір жіктеу емес. Қоғамның қай саласына болмасына қатысты. Күні кешегі алыптарымыз бен даналарымыз санамызда жатталып, жүрегіміздің төрінде орын алғанымен, Азаттық жылдарындағы жампоздардың есімдерін біле бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтырудың бір жолын Президент өзі ұсынды. Ол – «100 жаңа есім» жобасы. Жұртына жұғымды саңлақтардың есімін жаңғыртудың бірден-бір жолы да осы болмақ сынды.

Сөзімізді түйіндей келсек, өзімізді танудың, танып қана қоймай, Ел, Ұлт ретінде жаңғыруымыздың жарқын бастамасы – осы мақала дер едік. Ал, осы дүниенің келелі жұртымыздың керегіне жарары – айтпаса да ақиқат…

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*