Главная » Спорт » Боксшы — балалармен бірге

Боксшы — балалармен бірге

    «Біз біргеміз!» акциясы аясында үш дүркін Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий ЛЕВИТ «Құлыншақ» балалар үйінің жеткіншектерімен кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Осымен екінші рет өткізіліп отырған акцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының  Үйлестіруші кеңесі бастамашы болып келеді. Бірінші кездесу жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің қатысуымен өткен болатын.

Кеңес төрағасы Александр Урмашов­тың айтуынша, бұл бастама – Қазақстан халқы Ассамблеясы көп көңіл бөліп отыр­ған қайырымдылық, қамқорлық пен тә­лім­герлікті дамытуға қосылған үлес.

Болашақ – жастардың қолында болғандықтан, олардың бойына төзімділік пен патриотизмді, бірлік пен келісімді сіңіруді мақсат еткен ұйым мүшелері акцияның «Біз біргеміз!» деп аталуының бекер еместігін айтты.

Вида ГРЕЙЧУТЕ, кеңес мүшесі, әлеу­меттік жобалар комиссиясының жетекшісі:

– Бүгінде біз жаңа Қазақстанның негізін салудамыз. Әрбір саланы, әрбір сананы жаңғыртып, ұлттар арасындағы ойдан шығарылған шекараларды жою – басты мақсатымыз.

Кездесу барысында балалар белсенділік танытып, спортшыға түрлі сұрақтар қойды. Осындай қызу сұрақ-жауап барысында жеткіншектер Василий Левиттен өмірдің сынына қарсы тұрып, арманға жету жолында қандай шыдамдылық таныту керектігін үйренді. Сонымен қатар, қонақтар ең кішкентай балақайлардың орындауындағы ән мен бидің куәгері болды.

Дәстүр бойынша, былғары қолғап шебері балалармен суретке түсіп, қолтаңбасын таратты.

Сондай-ақ, акция эстафетасын шоумен әрі әртіс Әнуар Нұрпейісовке тапсыр­ды.

Өз тілшімізден.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*