Иманжүсіп

Бүгінде Иман­жүсіп Құтпанұлын білмейтін қазақ жоқ. Ерліктері ел ау­зында аңыз. От­ты жырлары көп­шіліктің рухын көтеріп, найзағайдай жар­қылдайды.

Иманжүсіп пен Қажымұқан ағайындас болып келеді. Қоянды жәрмеңкесінде болу керек, Қажекең қымызға, одан да күштірек «сусынға» қызыңқырап отырып, Иманжүсіп жақсы сыйласатын ел азаматтарымен шәлкем-шалыс келіп қалады. Әлемде жауырыны жер иіскемеген Қажымұқан сөзге жоқ болса да, күші тасып тұрғанда, алды-артына қарай ма?! Отырған күйінде әлгілерді төрден есікке қарай жастықша атып жібереді. Игі жақсылар Иманжүсіпке мұң шағып барады. Атақты қамшыгер бұзаутіс дырауын алып, атын ойнатып ойын-сауық болып жатқан жерге ертесіне келеді.

– Әй, Қажымұқан, шық далаға! – деп Иманжүсіп ақырып қалады.

Ағасының ашуы қатты болатынын, қамшысы қата тисе, өліп кететінін Қажекең біледі екен. Батырға да жан керек. Киіз­ үйден «Ағатай-ай, ағатай, кешіріңіз» деп еңбектеп шыққан Қажымұқанды жонынан тартып жіберіпті. Балуан талып қалыпты.

– Әлемге әйгілі балуанымыз ғой, батырмай тарттым. Әйтпесе, өліп кететін еді, – деп Иманжүсіп атын ойнақтатып ауылына жүріп кетіпті.

Иманжүсіп ерен қамшыгер болған. Бураларды, өгіздерді бір тартқанда сеспей қатады екен. Мұны мен 1991 жылы «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеп жүргенде кабинеті қатар Аян Нысаналиннің жазған мақаласынан оқыған едім.

Иманжүсіптің осы өнерін меңгерген Түркиядан келген қандасымыз Мұстафа Өзітүрік еді. Маңдайымызға сыймай кетті.

Маржан терген Мағауия СЛАНБЕКҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*