Дәулескер

   

 

     Арқаның күйшілік мектебінің қос арналы шертпесі мен желдірмесі басқа өңірлерге қарағанда ерекше сипатқа ие. Ежелден әуезі қалыптасқан көшелі өнер, әуелден тартылу мінезіне қарай ерекшеленіп келеді.

Арқадағы Тәттімбет бастаған күйшілердің құдіретті күй өнеріне ерекше қағыс қана әкеліп қоймай толыққанды күйді жетілдіріп, күрделендіріп ғажайып мәнер енгізуі еріксіз таңдандырады. Тәтекеңдей шертпе күйдің тәңірісі, саз сүлейі, теңдесі жоқ артына мол мұра қалдырды. Тәттімбетше күйге тыныс беріп, үрдісті үзбей жалғастырушы Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағауиялар. Аталған өнер иелері арқылы дамып, шертпе шеру тартты.

Осы әйгілі дәулескер күйшілердің ішінде Тәттімбет күйлерінің кейінгіге бұзылмай жетуіне жоғары роль атқарған біз қашанда Әбікен Хасенұлына қарыздармыз. Күйшіге құрмет – баршаға міндет.

Биылғы жылы туғанына 125 жыл толып отырған дәулескер домбырашы, белгілі актер Хасеннің Әбікеніне арналған игі шаралардың өткізілуіне мұрындық болып жүрген  Қарағанды облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайролла Садуақасов пен жоба үйлестірушісі Абылай Шуланбаев.  Осы уақытқа дейін, облысымыздың Мойынты, Киікті, Босаға, Ақадыр, Жарық, Ақжал, Жұмыскер ауылы, Қайрақты елді мекендерінде шарапатты шаралар ұйымдастырды. Шараның Шет ауданынан бастау алуында үлкен мән бар. Өйткені, ұлы өнердің иесі Әбікен Хасенұлы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ортау, Қызылтаумен жапсарлас Жалпақ тауының баурайында туған. Мейірім мен мейманасы тасыған елдің түлегі. Шыққан, өскен ортасы өте дәулетті болған көрінеді. Тектілігі ел бірлігін сақтаған би Көпбайдан негіз алып тұр. Қолына домбыра ұстап, күйшілік өнерге келуіне себепкер жан немере ағасы Мақаш. Мақашта сұңғыла күйші болып, Арқаның айтулы күйшілері – Қыздарбек, Сембек, Әбди, Ақмолда, Ахметжандармен үзеңгі қағыстырып ауыл-ауылды аралап, күйін шалған. Әбікен алғашқы күйлерін Мақаштан үйреніп, кейін ағасы Қыздарбек, Әбди, Сембектердің қосынына қосып, құдіретті күйге баулып, жолын ашқан. Сырласына, жақын мұңдасына айналған домбырасын қолынан түсірмеген. Қазақтың күй өнерінде, соның ішінде Арқа өңіріндегі күй мектебінде шертпе тартыста жарқырай көрінген ерен күйші Тәттімбет күйлерін жетік меңгерген. Ел ішін аралап, күй мақамдарын толық игерген шебер күйші-орындаушы ретінде басқалардан тұғыры биік тұр. «Домбыраға тіл бітірген Хасеннің Әбікені» атануы халықтың берген жоғары бағасы деп түйсінгеніміз жөн.

Әбікеннің өнеріне тәнті болған қаламгерлер Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Уәли Бекенов, Тәкен Әлімқұлов, Жүсіп Алтайбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Өмір Кәріп, Кәмел Жүнісов қалам тербеді. Бүгінде күй өнерін зерттеп жүрген белгілі күйші Жанғали Жүзбайда шығармашылығы хақында ой өрбітті. Күйшінің әдеттегі шанақтағы екі ішекті төмен қарай күрей тартумен бірге, керісінше, сол қағысты жоғарыға көтере орындау, кей-кейде үстіңгі ішекті жекелей ойнату шеберлігі ешкімге ұқсамайтындығын жарыса жазды.

Өнертанушылар оның күй табиғатында Тәттімбеттің өрнегіне, мақамдарына айқын бара алғандығын,  мерзімді шақта межелі жерінен көрінгендігін сөз етеді. Әсіресе, Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Көкейкесті», «Сылқылдақ», «Бестөре», «Азамат», «Қосбасар» күйлерін орындаудағы шеберлігі ерекше. Ал, күй өнерінің киесіне, биік белесіне көтерілген «Қоңыр­дың» шығу туралы талай тұспалды әңгімелерді зерттеушілерден оқыдық.  Этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Күй шежіре» атты кітабында «Қоңыр» күйіне байланысты жеті рет сілтеме жасаған екен. Сондай-ақ, жұртың ауызында «Қоңыр» күйінің Сәкен Сейфуллинге арналған деген деректе бар.

30 жылдардағы жаппай саяси қу­ғын-сүргінде ешбір жазықсыз  жаппай қудаланып, айдалып түрмеге тоғытылғандардың арасында Әбікен күйші де болды. Саясаттың салқыны күйшілерге де тиді, қара домбыра қара жамылды. Сонымен қатар, ашаршылық күйшінің отбасын жал­мады. Осындай қиындықты басынан өткерген азаматты ел іші сақтап қалды. Көптің айтуынша, Әбікен күйші Сәкен ақынды сағалап, шапағатын көрген екен. Сәкенге арналған деген болжам сәйкес келетін сынды. Осы тұста айта кетейік. Сәкен Әбікенді Қазақ драма театрына (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академия­лық драма театры) жұмысқа тұрғызған. Әбікен айтулы театр­да өмірінің соңына дейін актер болып қызмет істеген. Атерлік қыры осы жерде ашылып,  театр сахынасында Құнанбай (М.Әузов пен Л.Со­болевтың  «Абайында»), Қараменде (М.Әуезовтың «Еңілік кебегінде»), Қодар, Балта,  (Ғ.Мүсіреповтің  «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы» мен «Ақан сері-Ақ тоқтысында»), Мұса (С.Мұқановтың «Майрасында»), нанымды етіп, ғажап образдар жасаған. Қос өнерді тізгіндеп, ешқайсысында ақсатпаған асқақ тұлғаның еңбегі еленіп, мемлекеттік марапаттарға ие болған. Өмірде де, өнерде де толысқан, ел таныған дәулескер күйші жайлы әліде зерттеулердің жазылатындығына сенімдімін. Әзірге бізге белгілісі, Әбікен Хасенов: күйші-домбырашы, шетрпе күйдің шебері, актер, Қаз КСР-інің еңбек сіңірген әртісі деген көңіл марқайтар атан түйеге жүк болар атағы. Күйші мұрасына қатысты тереңдеу зерттеулер жасауды бүгінгі қалам ұстағандарға, уақыттың еншісіне қалдырдық.

Нұрдос КӘРІМ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*