Главная » Руханият » Тарих » Он жұмбақ

Он жұмбақ

Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаздауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендері, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда:

– Қаздауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, – дейді Төле би.

– Айтыңыз, айтыңыз?

– Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Отырғандар таң-тамаша болады.

– Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ болады екен? –дейді отырғандар.

– Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз, – дейді Қаздауысты Қазыбек.

– Рұқсат, рұқсат! – дейді Төле би.

– Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.

– Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

– Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

– Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

– Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.

– Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.

– Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

– Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

– Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.

– Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дау болмас деген, – дейді Қаздауысты Қазыбек.

– Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, – деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

 

«Орталық Қазақстан» газеті.

1990 жыл.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*