Главная » Руханият » Тарих » «Елге би — құт»

«Елге би — құт»

Қазақтың тарихы қазіргі қазақ халқына ұйытқы болған негізгі  тайпалардың бәрі бұдан 4-5 мың жыл бұрын болғаны тарихшыларымызға белгілі. 

Тайпалардың ұлтқа бірігуі оңай болған жоқ,  себебі олардың өздерінің көшіп-қонатын жайлау, қыстаулары,  жеке бас­қарушылары, билеушілері болды. 1456 жылы Қазақ хандығы құрылғаннан бері бірде-бір елге жаугершілік жорық жасалған жоқ. Өйткені, біздің хандардың жанында алыстан ойлайтын, көргені көп, тарихты жақсы білетін ақылшылары болған. Ізеттілік пен көрегенділік болмаса, тарихи тұлға болуы мүмкін емес. Төле, Қа­зыбек, Әйтеке (Айтық) түп тұқиянынан билік үзілмеген асылдардың сынықтары. Бұл билеріміз бірліктің, татулықтың символдары.

Билерімізден қаншама асыл-маржан, тағылымы мол сөздер қалды.

«Елге бай құт емес, би құт, батыр деген барақ ит – екі қатынның бірі табады, би деген бір бұлақ – қатынның ілуде біреуі табады. Биің қылаң болса, елің ылаң болады. Әділ бидің елін дау алмайды, Әділ патшаның елін жау алмайды?»  дейді Әз Төле би.

Төле би қайтыс болғанда Қазыбек би: «Төле өлді дегенше дүниеден, әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін Хандыққа Есім жеткен. Бұл екеуіне кім жеткен?» деген екен.

Қазақ халқының алғашқы заң жүйесін жасауға ат салысқан  Төле, Қазыбек, Әйтекедей үш кемеңгер, елдігіміздің үш тіреуі, әділдіктің үш тірегі, билік пен шешендіктің жығылмайтын үш туы, оты үзілмейтін ошағымыздың үш бұты – әрқайсысы әр жүздің төбе билері болған.  Ешқашан жүзге бөлінбеген, бар қазаққа бір атаның баласындай қараған.

Орыс патшайымы Анна Иоановнаның Жоңғар қонтайшысына жіберілген сыйлықтарының ішінде қару-жарақ бар екенін біліп, керуенді Қаратау бойында тоқтатып қару-жарақты тәркілеген  Қойгелді батырды кінәлі деп тауып, арнайы сот өткізуге шешім қабылданады.

1743 жылы Керуен дауына Қазыбек би шақырылады. Түркістан қаласында өткен сотта  әркім әрқалай ұсыныстарды айтып, дауласып жатқанда ортаға қамшы тасталады: «Әз Төле, Қойгелді бауырларым, Жоңғарлардың қолында сіздер қалдыңыздар, біз Орта жүз бен Кіші жүз Орыс патшасының боданына өтіп кеттік. Керуен әкетіп бара жатқан қару-жарақ Ұлы жүздің басына қырғын ажал әкелетінін сезе тұра қиянатқа қалай барайық, Қойгелді батыр керуеншілерге мүліктің құнын қайтарсын, қару үшін айып тө­лемесін,  бұған Орыс керуен басы да кінәлі» деп түйін сөзді  Қазыбек би айтқан екен.

Үш бидің тұсы – кісіліктің салтанат құрған, қазақтың сөзге тоқтаған кезі.

Биліктің жүйесін негіздеген ұлы бабаларымызды танитын, танытатын ілімді қалыптастыруымыз  керек,  ғылыми зерттеу ор­талықтарын,  солардың дәстүрін жалғастыратын  Көсемсөз, Шешендік өнер мектептерін ашу қажет-ақ.

Есжан Әміров,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*