Главная » Руханият » Алаш идеясының ақберені

Алаш идеясының ақберені

Филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, әдебиет сыншысы, Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын  Жұртбайдың ғылыми шығармашылығының басқаларға ұқсамайтын ерекше бір қыры бар. Ғалымның  ғылыми-зерттеу қызметінің  маңызды жақтарының бірі деп оның ізденгіштігін, мұрағаттық-тарихи деректерді кеңінен пайдаланып, шебер қолдана білетіндігін айтар едік. Оның қай еңбегі болсын, шындап ізденудің, архив материалдарын тыңнан табуда тапжылмай отырып, зерттеушілік сипатта қарастырудың нәтижесі екендігін байқаймыз.

Т.Жұртбай өткен ғасырдың 20-30 жылдары орын алған қуғын-сүргіннің кінәсіз құрбандары – Алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялыларының тарихы мен тағдырын терең зерттеді. Алаш қозғалысы туралы мәселені өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап, 80-жылдардың аяғына дейін нақты тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми идеология мүмкіндік бермегені белгілі. Сондықтан, ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін Алаш қозғалысына қатысты елеулі еңбек бола қойған жоқ. Тек, 1980 жылдардың екінші жартысынан басталған қоғамдағы демократиялық жаңарулар және Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы нәтижесінде ұлттық тарихымызға терең көңіл бөлініп, ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қоғам дамуындағы алатын орнын анықтау мәселелерін көтерген мақалалар жариялана бастады. Бұл тұрғыда қазақ зиялылары тарихындағы «ақтаңдақ» беттердің сырын ашып, олардың мол мұрасын зерттеудің бағытын айқындап берген еңбектердің ішінде ғалым Т.Жұртбайдың үш томдық «Ұраным – Алаш!..» атты монографиясының алатын орны ерекше.

Ғалым монографиясында Алашорда тарихына қатысты бұрын ғылыми айналымға түспеген тарихи деректермен қатар, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов және т.б. зиялы қауым еңбектектерін зерделеу арқылы басты тарихи көзқарастар аспектілерін, аталған қайраткерлердің шығармашылық ізденістерінің жалпы бағытын, Қазақстанды кеңестік отарлауға көзқарасын, ұстанымын анықтаған. Ғасыр басындағы қазақ зиялыларының азаттыққа ұмтылысын, ел тәуелсіздігі жолындағы жанкешті еңбегін, өлкедегі қоғамдық-саяси ойлардың дамуын жаңа қырынан қарастырған. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарына қатысты деректерді талдау барысында кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің қазақ қоғамының дамуына кері әсерін анықтап, Алашорда қозғалысы, қайраткерлік, ұлтшылдық туралы шынайы дәйектер, тың қорытындылар жасалған.

«Ұраным – Алаш!..» атты үш бөлімнен («Жегі», «Тез», «Талқы») тұратын түрме әфсанасында ғалым 1922-1957 жылдар аралығындағы кеңестік идеологиялық қысым мен саяси жазалау, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытына арналған тұқым үзу (геноцид) мен халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру тұрғысындағы репрессияны «Алаш» және «Алашорда» үкіметінің мүшелерінің Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедовтің, Ж.Досмұхамедовтің, М.Тынышбаевтың, М.Есполовтың, М.Мұрзинның, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, Х.Ғаббасовтың, С.Қадырбаевтың, А.Юсуповтың, Х.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, Е.Омаровтың, Х.Болғанбаевтың, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің, К.Жәленовтің, Д.Әділевтің, А.Байтасовтың, Д.Ысқақовтың, Ә.Байділдиннің, т.б. жиыны 71 адамның үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде патшалық отарлау мен жазалау саясатының заңды жалғасы ретінде қарастырып, шынайы ашып дәлелдеп берді. Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарындағы қысымның да астарлы себептерін барынша ашып көрсетті. Т.Жұртбай өзінің «Ұраным – Алаш!..» атты 3 томдық (2008-2011) іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын жасады.

«Ұраным – Алаш!..» атты түрме әфсанасының «Тез» атты екінші кітабы – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, З.Уалиди, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі» бөлімінің заңды жалғасы болып табылады. Екінші кітапта М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасов, М.Тұрғанбаев, Ә.Байділдин, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар – тергеу деректерімен, сондай-ақ тінту кезінде тәркіленген хаттармен, құжаттармен салыстырыла отырып, Біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасы жасалған. Жазушы-ғалымның бұл еңбегі – әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, ізденушілер мен студенттердің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын, қазақтың ұлттық «Мәңгілік Ел» идеясының қалыптасу негізін жүйелеп берген іргелі де толымды зерттеу әфсанасы болып табылады

Жазушы-ғалымның «Осы үш кітап менің Алаш туралы жалпы ойымды білдіреді. Осы кітаптарға барлық жиған-тергенімнің 25-30 пайызы енді. Енді бір ойым «Біртұтас Алаш идеясы» деген тек құжаттарға құрылған бес түрлі жүйеге бөлінген тұжырымдаманы жарыққа шығару. Алда, яғни, қазақ ұлтының алдында Алаш ардагерлерінің еңбектерінің ішіндегі идеясын алып тұжырымдап шығару міндеті тұр. Біз сонда ғана ұлттық идеямызды негіздейміз. Сол Алаш идеясы тұжырымдалып біткен кезде, ортаға Алаш идеясы шығады. Сол ұлттық идея болуы тиіс. Мен сол күнді армандаймын» деген көкейтесті мақсаты да осы  «Ұраным – Алаш!..» еңбегінде жатыр. Осы пікірі арқылы ғалым өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Расында Алаш Арыстарының тіл туралы жазғандарын – тілшілер, әдебиет жөніндегесін – әдебиетшілер, тарих жайлы айтқандарын тарихшылар жан-жақты зерттеп, олардың жиынтығы  қазақтың ұлттық идеясына алып келу парызын алға тартып отыр. Шынында да бұлардың ешқайысы жүйелі түрде толықтай зерттелген жоқ. Біз көбіне-көп Алашшылдардың соталғаны, қуғындалғаны, түрмедегі өмірлерін айтумен жүрміз. Бұлар да керек, алайда, олардың әрқайсысын жан-жақты зерттеп-талдап, елге ұсына білуіміз қажеттілігі анық танылады. «Ұраным – Алаш!..» тек ғылыми ізденіс пен шабыттан ғана туындаған жоқ, ол сондай-ақ тәртіп, еңбек, табандылық атты ұштағанның қосындысынан дүниеге келеді. Оған қайтпас қайсарлық пен өзіне деген берік сенімді қоссақ, бұлар ғылымдағы  ерен ерлікке жеткізді.

Қорыта айтқанда, Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын зерттеу еңбегіне арқау еткен шындық – кешегі Кеңес дәуіріндегі ұлттық тарихи тұлғаларға жасалған саяси қысым мен қудалаудың шерлі шежіресі. Алаш арыстары туралы шындықты қалың оқырман қауым жадынан шығаруға ұмтылған, «ұлтшылдық-буржуазиялық» деген ұғым қоғамға дұшпандық саналған, идеологиялық көрсоқырлық  деп түсіндірілген заманның ақиқаты жатыр. Жас ұрпақтың ой-санасына, ұлт мүддесіне тамыр тартатын кез келген ғылыми ізденістің қоғамға неге дұшпандық болып саналғаны, ақыл-парасатқа тұсау салынғанының өзекті мәселелері ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Олай болса, Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты 3 томдық (2008-2011) іргелі зерттеу еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа бірден-бір лайықты еңбек екеніне дау жоқ.

 

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*