Главная » Басты тақырып » НЕ ҚАЙЫР — Алмас Темірбай

НЕ ҚАЙЫР — Алмас Темірбай

Алты Алашың алтыға,

Үш жүзің үшке бөлінсе.
Аждаһа төніп халқыңа,
Ажалы көзге көрінсе…

Ұлдарың кетсе Ұрымға,
Қыздарың кетсе Қырымға.
Қаларсың жалғыз, шынында,
Қолыңды тығып мұрынға.

Көшпелі қазақ баласы,
Көшіп жүр әлі қаңғырып.
«Елім -айлаған » зары ащы
Естілер бүгін күн жаңғырып.

Есеп білетін көршіміз,
Есеңді жесе не істерсің?!
Есек мінетін көршіміз
Есеңгіретсе не істерсің?!

Соншалық сені сорлы ғып,
Сорлатты екен қандай күш?!
Өрмекші — өмір тор құрып,
Шырқырар шыбын жан байғұс.

Дүниедегі ең ауыр,
Тартамын ойдың азабын.
Мен ойлағаннан не қайыр,
Сен ойланбасаң, қазағым?!.

Бұқардан қалған дүние,
Сеннен де қалар бір күні.
Мұқаңнан қалған дүние,
Меннен де қалар бір күні…

Көңілім қайтіп тынықпақ,
Көкірек — күпті, ой -алаң.
…Батысқа қарап ұйықтап,
Шығысқа қарап оянам …

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*