Главная » Басты тақырып » «Қарағанды – Қазақстан өндірісінің қара нары»

«Қарағанды – Қазақстан өндірісінің қара нары»

    Қазыналы Қарағанды облысының құрылғанына 80 жыл. Мерейлі сәтте аймақ басшысы

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВПЕН облыстың тыныс-тіршілігі, атқарылған істер, алдағы жоспары жайлы сұхбаттасудың сәті түсті.

Биылғы жыл – барша қазақстандықтар үшін атаулы жыл. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұған қоса, 2016 жыл – қарағандылықтар үшін де мерейтойлы. Осынау қатарласқан мерейлі шақта жүріп өткен жолымыз бен болашағымыз туралы батыл бір байлам жасауға болатын сияқты.

Елін, жерін қалтқысыз сүйетін әрбір қазақстандық секілді мен үшін де Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы – аса мәні зор оқиға. Тарихпен таразылағанда, қас-қағым сәтті құрайтын ширек ғасырда біздің еліміз әлемнің саясат сахнасында өзінің орнын ойып алды. Қазақстанның бүгіндегі абыройлы жетістіктері Тәуелсіз еліміздің тұғырлы негізін қалаған ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ саясаттың сарабдал салиқалы жолын таңдай білуіне тікелей байланысты екенін атап өтуге тиіспіз. Біз бүгінде Ұлт Көшбасшысы өзінің еңбек жолын бастаған аймағымыздың мемлекет дамуына қосқан үлесін зор мақтанышпен айта аламыз. Оның бір жарқын айғағы – Қарағанды облысының толайым табыстары. Мәселен, 25 жылда Қарағанды облысының ішкі аймақтық өнім өндіру көлемі үш есеге артты. Ол 2015 жылы 3,1 трлн. теңгеге жетті. Сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісінің өсім көлемі айтарлықтай өскенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде, аймағымызға инвестицияның құйылуына мұрындық болуда. Айталық, 1993 жылы негізгі капиталдағы инвестицияның жалпы көлемі 3,2 трлн. теңгеден астам болған екен.

Бұған қоса, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны да артып отыр. Қазіргі таңда бизнесте облыстың жұмысқа қабілетті әрбір үшінші тұрғыны нәпақасын айырады. Тіпті, осыдан жиырма жыл бұрын, шағын компаниялар ғана бір кездері алып өнеркәсіптер шығарған өнімді өндіреді дегенді елестетудің өзі қиын еді. Ал, қазіргі таңда қарағандылық кәсіпкерлердің жылына 700 млрд. теңгенің дайын өнімін шығарғанына куәміз. Бұл өнімдер болса, облыстағы ірі кәсіпорындар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіретін өнімдердің құнымен пара-пар.

Әлбетте, өнеркәсіптің ілгерілеуін инфрақұрылымсыз дамиды деу – әсте қисынсыз. Осы 25 жылдың ішінде жүк тасымалы 12 есеге көбейді. Бұған себеп автокөлік жолдарының құрылысы, жаңа теміржол магистралі «Жезқазған-Бейнеу» желісінің іске қосылуы екені даусыз. Осы жолдардың арқасында кәсіпорындар өнімдерін аймақтан тыс нарыққа шығаруға мүмкіндік алғаны да рас.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлеуметтік саладағы қол жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Нақтыласақ, Тәуелсіздік жылдарында 66 жаңа білім беру ошағы ашылды. Оның арасында дарынды балаларға арналған, бірегей білім беру жобасы «Назарбаев зияткерлік мектебі» де бар. Денсаулық сақтау саласында 60 нысан халық игілігіне тапсырылды. Бұлардың ішінде еліміздегі үздік кардиохирургиялық орталық, қан орталығы, нейро-инсульттық орталық бар. Биылдың өзінде аймақта 27 отбасылық-дәрігерлік амбулотория пайдалануға берілді. Демек, ауылдықтарға жедел және сапалы медициналық қызмет көрсетудің алғышарттары жасалды.

Баспана мәселесі де жыл өткен сайын шешімін тауып келеді. 25 жылда облыста 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 61 мың отбасы қоныстойын атап өтуге мүмкіндік алды. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға ұлғаюда. Сондықтан да, қоғамның әлжуаз топтары үшін баспана мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолжетімді болды. Өйткені, үш үйдің екеуі мемлекеттің осы қаржылық құралдарын тарту арқылы тұрғызылған.

Облыста мәдениет пен спорттың тамаша нысандары бой көтерді. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы, теннис орталығы, мұз сарайы, Достық үйі – бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Бірақ, мен аса бір маңызды жайтқа тоқталғым келіп отыр.

Сарыарқаның сайын даласын 100-ден астам ұлт өкілі мекендейді. Оларды біздің топыраққа қандай тарихи себептер айдап келгені маңызды емес. Әрқайсысы өз мәдениетін, дәстүрін, тілін дамытуда. Олар өздерін қазақстандықтармыз деп сезінеді. Қазақстанды «Отанымыз» деп біледі. Сонау қиын-қыстау кезеңде бауырына тартып, құшағына алған қазақ халқына шынайы алғыстарын айтуды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырудан жалыққан емес. Бұл жай ғана достық емес. Біз бір бүтін отбасына айналдық. Бұл – меніңше, Тәуелсіздіктің таудай табысының бірі.

Қарағандының кеншілер астанасына айналуының өзінде тарихи тамыр жатыр. Тәуелсіздік таңы атар шақта кеніштерде 100 мыңнан астам кенші тер төкті. Бүгінгі жағдай ол кезден мүлде бөлек. Сіздіңше, Қарағанды көмір бассейнінің әлеуеті мен келешегі бар ма?

Қарағанды көмір бассейнінің болашағы туралы айтар болсақ, барланған қорларды ескере отырып, біздің көмір өнеркәсібінің әлеуеті орасан деуге толық негіз бар. Кен барлау жұмыстары Қарағандыда 10,9 млрд. тонна көмір қорын көрсетті.

Бүгінде Қарағанды облысы экономикасының бір негізі – көмір өнеркәсібі болып табылады. Біз республикалық көлем бойынша көмірдің үштен бірін және кокс маркалы көмірдің барлық көлемін өндіреміз. Облыста 11 шахта, 7 көмір разрезі, 4 шағын көміралушы кәсіпорын бар.

Көмір алуды дамытуға арналған бірқатар жобалар жүзеге асуда. Мысалы, қоры 17 млн. тоннадан астам болатын «Шахтинская» шахтасына резервтік алаңға жер қыртысын пайдалану құқы алынды. Шұбаркөл көмір кен орнында ақпанда жобалық қуаттылығы жылына 7,5 млн. тонна жоғары сұрыпты көмір алу бойынша жаңа кәсіпорын «Шұбаркөл Премиум» ЖШС іске қосылды. Жалпы, облыста биыл 33 млн. тонна көмір алынады деп күтілуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 31,5 млн. тоннаны құраған.

Сонымен бірге, қарағандылық көмірдің тек шикізат күйінде қалмай, одан әрі өңделетіндігі де қуантады. Алдыңғы қатарлы технологиялар негізінде көмірді қайта өңдеуден өткізу бойынша жобалар жиі іске асуда. Мәселен, «Шұбаркөл көмір» АҚ-да арнайы кокс өндірудің бірегей жобасы игерілді. Кәсіпорынның бұл өніміне қазақстандық ірі металлургиялық компаниялардың сұранысы өте жоғары. Өнімнің жаңа түрлері технологиясы да дайындалуда. Атап айтқанда, бұрын бізде өндірілмеген белсенді көмір мен гуминді сорбенттер өндірісі. Айтқандай, мұнда қолданылатын технологиялар жасыл экономика қағидаттарына сай болмақ. Қарағандыда осы жазда көмірді байыту фабрикасы ашылды. Мұнда жаңа экологиялық талаптарға сай энергетикалық концентраттар шығару басталды.

Қарағандылық көмірдің сапалық сипаттамасын ескеріп, олар құнды көмірхимиялық шикізат ретінде де қарастырылуда. Көмірді өңдеу арқылы сұйық күйдегі түрлі отын және өзге де химиялық өнім өндіретін зауыт салу келешектің жоспарында бар.

Сондықтан, Қарағанды – еліміздің көмірлі отаны болған, болып қала береді. Тағы бір рет баса айтқым келеді, біздің көмір саласы уақыт талабына сай өзгеріп, өркен жаюда. Бұл – оның болашағының кепілі деп ойлаймын.

Бұдан 25 жыл бұрын өңірдегі барлық қалалар тұрмысы үлкен зауыттармен тығыз байланыста болып еді. Бүгінде жағдай өзгерді. Кішігірім кәсіпорындардың саны өсіп, әсіресе, өңдеуші кәсіпорындар қатары көбейді. Осы жылдар ішінде Қарағанды облысы қандай жаңа өнімдер шығара бастады?

Алдымен 9 ай қорытындысына тоқталсақ. Өнеркәсіп саласындағы өсу қарқыны бойынша Қарағанды облысы елімізде көш бастап келеді. Өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда өсім 105,2%-ды еңсерді. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптің үлесі жоғары. Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің 80%-ын құрайды. Бұл ел өңірлерінің арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Республика көлемінде өңделген өнімнің бесінші бөлігі біздің өңірдің еншісінде.

Қарағанды – Қазақстан өн­дірісінің қара нары. Тәуелсіздік жылдары өңірде мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде бірқатар жаңа өндірістер пайда болды. Мәселен, Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған 72 жобаның ішінде «АК Алтыналмас» АҚ алтын өндіру фабрикасы, катодты мыс өндіру зауыты, «Борусан Макина Казахстан» ауыр техникаға сервистік қызмет көрсету орталығы және басқа да кәсіпорындар нақты жұмыс істеуде.

Биылғы жылы Индустрияландыру картасы аясында 10 жаңа өндірістік жоба іске қосылып, 1000-ға жуық жұмыс орны ашылады.

Бүгінде біз азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар өндіреміз және өнеркәсіп тауарларын экспорттаймыз. Мысалы, бізде тәуелсіздік жылдарында ширатпа сымдарын өндіретін «Казцентрэлектропровод» ЖШС бірегей өндіріс ошағы пайда болды. Техникалық кремнийді шығаратын зауыт «Таукен Темир» ЖШС-нің өнімі 100%-ға экспортқа жіберіледі.

Арнайы экономикалық аймаққа барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, жеңілдетілген салық режимі орнатылды. Айта кету керек, мұнда германиялық инвесторлардың қатысуымен салынған екі зауыт, бекіткіш арматура (шарлы крандар) шығаратын «Бемер Арматура» ЖШС және изоляцияланған құбырлар өндірісі бойынша «Изоплюс» ЖШС орналасқан.

Біз үшін мүлде тансық болған жаңа салалар өркендеуде. Мәселен, отандық дәрілік препараттар негізінде фармацевтикалық кластер біздің өңірде бірегей өнімдер әзірлеуде.

Қарағандының аяқ киім фабрикасы жаңғыртылып, бүгінде әртүрлі аяқкиім түрлерін шығарып отыр.

Азық-түлік, өнеркәсіп тауарларының көлемі жылына 90 млрд. теңгені құрайды. Соңғы ширек ғасырдың ішінде өңірде сүт және сүт өнімдерін, ет өнімдерін, астықты қайта өңдеуші және тағы басқа да жаңа өндірістер іске қосылды. Мысалы, май өндіруші «Еуразиан Фудс» компаниясының өнімдері ел тұрғындары мен алыс-жақын шетелдегі тұтынушыларға барынша қолайлы ахуал тудырып отыр.

Тәуелсіз еліміздің және облысымыздың мерейтойына диқандар тамаша сыйлық жасады. Шаруалардың қамбасына миллион тоннадан астам астық жиналды. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін айтарлықтай нәтиже…

Иә, биылғы берекелі күзде 1 млн. тоннадан астам астық қамбаланды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Соның нәтижесінде, диқандар келер жылға тұқым қамдап, еңбекақы төлеуге, несие өтеуге мүмкіндік алды. Бұл келесі жылы машина-трактор паркін жаңартуға, сапалы тыңайтқыштар алуға және егістік алқаптарын кеңейту мүмкіндігіне жол ашты. Көбінесе, озық агротехнологияларды қолдану есебінен мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкін болды. Мәселен, біздің фермерлер 580 мың гектар егіс алқаптарында ылғал ресурстарын үнемдейтін технологиялар қолданады. Бұл – егістік көлемінің 78%-ы. Қарағанды облысы аумағында заманауи ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Тыңайтқыштар мен гербицидтерді тиімді пайдалану, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ауа райының қолайлы жағдайы өзінің оң нәтижесін берді. Бірақ, ауыл шаруашылығындағы бүгінгі жетістіктің негізі – алдымен, еңбеккерлеріміздің еңбегі мен жоғары деңгейдегі технологияларды барынша пайдалану болып табылады.

Биылғы жылы біз шамамен 200 мың тонна картоп, 30 мың тонна көкөніс жинадық. Өңірде майлы дақылдарды өсіру кеңінен қолға алынуда.

Аграрлық саланың дамуы туралы айтқанда, мал шаруашылығы туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Біздің фермерлер ірі қара малдың санын шамамен жарты миллионға жеткізді. Әрине, бұған «Сыбаға» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар қуатты қолдау танытуда.

Қазіргі таңда бордақылау алаңдары құрылысын тұрғызу арқылы болашақтағы мал санының өсуіне негіз салудамыз. Бүгінгі уақытта Абай ауданында 3 мың малға арналған бордақылау алаңы салынып бітті. Жақын арада Бұқар жырау ауданында тағы бір бордақылау алаңы пайдалануға беріледі.

Биылғы жылы біздің фермерлер алғаш рет экспортқа ет өнімдерін шығарды. БАӘ мемлекетіне екі мың қой еті жөнелтілді. Жыл соңына дейін «Жеңіс» шаруа қожалығы 5 мың қой етін экспорттауды жоспарлап отыр.

Менің ойымша, азық-түлік өнімдерін өндіруде еліміздің, Қарағанды өңірінің болашағы – зор.

Өнеркәсіптің даму қарқынына қарағанда, қарағандылықтардың жұмыспен қамтылу деңгейі көңіл көншітерлік сияқты. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету салалары бойынша аймақ тұрғындарына қаншалықты қолайлы жағдай жасалған?

Қарағанды – ең алдымен сапалы медицина мектебімен даңқты. Бүгінгі таңда аймақтың денсаулық сақтау саласы жоғары бағаға ие. Бұл саланың жетілуіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Барлық жағымды жаңашылдықты жолға қоюға таптырмас өңір саналатын біздің облыста денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту белсенді түрде жүргізілуде.

Қарағандының мамандары республика көлемінде алғашқылардың бірі болып жүрек пен жүрек тамырларына, омыртқаға, ми мен жұлынға күрделі ота жасауды бастады. Жоғары технологиялық медицина облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар, өзге аймақтарда да қолжетімді. Балқаш пен Жезқазғанда түтікті сүйектердің аса ауыр сынығына ота жасау енгізілсе, Жезқазған қаласының орталық ауруханасында инсульт орталығы ашылды. Жезқазған, Балқаш, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау ауданында шағын инвазивті хирургиялық оталар жасалады.

Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі механизмін де белсенді қолданамыз. Сөйтіп, жекешеленген серіктестік көмегімен заманауи техникамен жабдықталған компьютерлік томография кабинеттері мен 2 диагностикалық офтальмологиялық орталық, 3 УДЗ диагностика кабинеті ашылды. Жуық арада Шахтинск қаласында гемодиализ орталығы, Қарағанды қаласындағы №1 ауруханада компьютерлік томография кабинеті қолданысқа беріледі.

Қарағанды облысы – еліміздегі 3 жылдық лизинг жүйесі бойынша 3 млрд. теңгеден астам қаражатқа заманауи аса қымбат медициналық жабдықты сатып алған жалғыз аймақ.

Адам болған соң мен де ауырамын. Мен де қарағандылық дәрігерлердің көмегіне жүгінемін. Бірден айтайын, біздің мамандар туралы менде жағымды пікір қалыптасқан.Себебі, олар өз жұмысын барынша сапалы, әрі, бар ынта-пейілдерімен орындауға тырысады.

Білім саласына келетін болсақ, біздің мектеп оқушыларымыздың жеткен жетістіктерінен құлағдар боларсыз деп ойлаймын. Түлектеріміз білімнің жоғары деңгейін көрсетіп, ҰБТ қорытындысы республикалық орташа көрсеткіштен асып түседі. Биыл жазда қарағандылық Дарья Андрейченконың Билл Гейтс тағайындаған әлемнің үздік университеттерінің бірінде білім алу құқығын беретін грантын жеңіп алғанын газеттер жарыса жазды. Біздің оқушыларымыз лайықты жағдайда білім алуда. Тәуелсіздік жылдары аймақта апаттық жағдайда тұрған мектептердің орнына жаңадан 12 білім ошағы тұрғызылды. Қарағанды өңірі мектеп бағдарламасына робототехника курстарын енгізудің тәжірибелік алаңына айналып, біздің оқушыларымыз бұл берері мол бағыт бойынша құр айналысып қана қоймай, көптеген жетістіктерге жетуде.

Мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша республикада алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі механизмін қолдануды қолға алдық. Жыл басынан бері Қарағанды қаласында 3 жекеменшік балабақша ашылса, Қарқаралы ауданында, Теміртау қаласында және облыс орталығында тағы 8 балабақшаны ашу жоспарлануда. Биыл мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша барлығы жаңадан 2000 орын ашылмақ. Менің ойымша, – бұл жаман көрсеткіш емес.

Қарағанды сонымен бірге, спортшылар аймағы ретінде де танылғаны белгілі. Оны басқарып отырған аймақ басшысы да өңірдің атақ-абыройына лайықты болып көрінеді бізге. Сіз бірнеше рет спортпен айналысатыныңыз жайында айттыңыз. Бұл тұрғыдан аймақ жетістігі қаншалықты маңызды?

Расымен де, мен күн сайын спортпен шұғылданамын. Осы тұрғыдан алғанда, мені кәдімгі қарағандылық деуге болады. Мұны статистика да растап отыр. Бүгінгі күні аймақ жұртшылығының 29%-ы спортпен айналысады. Ел көлемінде бұл – ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Қарағандылықтардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық мүмкіншіліктері болуы үшін, облысымызда қыруар жұмыс жасалады. «Аула клубтары», «Менің аулам» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында шамамен 200-ге жуық жасанды төсемелер орналастырылған спорттық алаңдар бар. Облыстың қалалары мен аудандарында сонша көлемде хоккей корттары тұрғызылған. Қазіргі күні облыста 3 мыңнан аса спорт ұйымдары мен дене шынықтыру ұжымдары жұмыс жасайды.

Спорттағы жоғары жетістіктер туралы айтар болсақ, біздің саңлақтар ел есімін әлемдік ареналарда әйгілеуде. Қазақстан Республикасының Ұлттық Құрамасы сапында 1168 спортшымыз өнер көрсетеді. Биылғы жазда Рио-де-Жанейро қаласында өткен байрақты бәсекеде әйелдер күресі бойынша Олимпиада медаліне қол жеткізген Эльмира Сыздықова есімді спортшымыздың жеткен жетістігі қуантты. Отандастарымыз үшін Қарағанды облысы былғары қолғап шеберлерімен танымал. Бізде Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы бар. Жуық арада тағы бір жаңа спорт кешені бой көтермек. Оған атақты жерлесіміз – Геннадий Головкиннің есімін беруді ұйғарып отырмыз. Бұл шаңырақтар чемпиондарымыздың орнын лайықты түрде басатын болашақ боксшыларымызды тәрбиелейді деп сенеміз.

Нұрмұхамбет Қанапияұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін рахметімді айтамын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының мерейтойы қарсаңында оқырмандарымызға қандай тілек білдіргіңіз келеді?

Ең бастысы – зор денсаулық, барлық бастамаларда амандық пен ақ жол тілеймін. Туған жерімізді, Отанымызды сүйе білейік. Біздің қуатымыз – бірлікте. Шаңырағымыздан шаттық, бейбіт өмір мен түсіністік арылмасын!

Сұхбаттасқан

Мағауия СЕМБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*