Главная » Руханият » Асқақ ән, өршіл өлең

Асқақ ән, өршіл өлең

     Атақты әнші, сұңғыла сазгер, ақын Мәди БӘПИҰЛЫНЫҢ суреті 1968 жылы табылып, тұңғыш рет осы «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланыпты. Авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, күйші Жарқын Шәкәрім. Ол кезде студент екен. Бұл туралы Жарқын аға Мәди Бәпиұлы атындағы ІІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қазылар алқасының төрағасы болып келген сапарында айтты. Өткен аптада.

Мәди бабамыздың асқақ болмысы – әндерінде. «Ән – халықтың өзі» дейді білетіндер. Ендеше, ол сол елдің мінез-құлқы, сана-сезімі, бүткіл болмысы деген сөз. Кең тыныспен асқақ айтылатын Мәди әндерінен біз бұғауға бағынбайтын еркіндікті анық танимыз. Әуендегі сұлу ырғақ, сырлы сезім бояулары мен күтпеген иірімдер өз алдына жеке әңгіме десек, қарапайым тыңдарман ретінде біз оның музыкалық мұраларынан қылаң ұратын ХХ ғасырдағы қазақ ұлтының күрескерлік рухын жоғары қоямыз. «Немене… Көрген қызық көрмегендей, Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей. Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе, Қайрап ап қалың жауға сермегендей?!» дейді. Осындай өр кеудеден ән болып атылған асқақ рух қазан айының 26-28 күндері Қарағанды төрінде салтанат құрды. Алаш атырабының түпкір-түпкірінен ән баптап келген өнерпаз қауым екі күн бойы «Шалқыма» концерт залын Мәди әндеріндегі тәкаппар өршіл рухқа бөледі. Дауылпаз дарын атындағы ІІІ республикалық әншілер додасына Астана, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар, Рудный, Ақмола облысы, Көкшетау, Петропавл, Жезқазған қалаларынан келген 30 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Бірінен бірі ән оздырып, дауыс ұзатып, ұлы өнердің кернейін қақты. Олардың аяқ алысын, ән айту мәнерін, дауыс ерекшелігін саралап, бағалаушы қазылар алқасының құрамы да Алашқа аты кеткен өнер майталмандары. Қазылар алқасының төрағасы Жарқын Шәкәрім Мәди Бәпиұлының суретін алғаш жарыққа шығарғанда, Қарағанды музыка училищесінің (қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжі) студенті екен. Дегдар таланттың суретін Абай қаласында тұратын, сол кезде жасы сексенге келіп қалған Тоқаш Кәдікеев атты қарттың арнайы табыстағанын айтты. «Қарағанды – облыс болғалы қасиетінен танған емес. Тәттімбет атындағы күйшілер конкурсын, Мәди Бәпиұлы, Жүсіпбек Елебеков атындағы әншілер байқауын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Аққыз күйші атындағы байқауды қолға алуда. Мұның бәрі облыстағы өнер, мәдениет саласының өсіп-өркендеп келе жатқанын аңғартса керек» деді ол облыстың 80 жылдығында жеткен жетістіктерді тілге тиек еткендей.

Жарқын Шәкәрім бастаған қазылар алқасының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, дәстүрлі әншілер Мейірхан Адамбеков пен Жақсыкелді Кемалов, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас директоры Талғат Ыдырысов, мәдениет қайраткері Ербол Айтбаев бар.

Байқаудың салтанатты ашылуы «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті. Онда Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Дәстүрлі әншілер додасының бұрынғы лауреаттары – Құрмаш Ыбышев, Медет Осатаевпен қатар, республикалық байқаулардың лауреаты Дулат Аханов та ән шырқап, әнсүйер қауымның ықыласына бөленді.

І, ІІ кезеңдері «Шалқыма» концерт залында өткен байқаудың қорытындысы К.Станиславский атындағы облыстық орыс театрында жарияланып, соңы қазылар мүшелерінің һәм осы байқау лауреаттарының қатысуымен гала-концертке ұласты. Мәдидің «Қарқаралысы» көздің жасындай үзіле барып ынтықтырса, «Үшқарасы» мен «Қаракесегі» шырқау биікке рух болып шаншылғандай еді. Әншінің бұдан да басқа әндері Алаш аспанын азаттықпен қоса айналып жүргендей әсерде қалдырды.

Сонымен, қазылар шешімі бойынша отыз үміткердің арасынан жеті әнші жүлдеге ілікті. Атап айтатын болсақ, Бауыржан Нұрмұханов, Дархан Қамашев, Сұлтан Тілеубеков дипломант аталса, Саян Бөдесов, Нариман Абдрахманов, Еркебұлан Кәріпов жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Жандос Иманбай мен Майра Жалғасова ІІ орынды иеленсе, Айнұр Дәулетбаева І орынға шықты. Ал, дәстүрлі әншілер додасының бас жүлдесін астаналық Асқар Мұқиятовқа «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекованың өзі тапсырды. Асқақ ән, өршіл өлең иесі атындағы келесі байқауда кездесуге жазсын Алаш балаларын.

Жәнібек ӘЛИМАН

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*