Ұлы Жеңіске - 75 жыл

1941-1945: дерек пен дәйек

Баспасөз беттерінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, II дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы жарияланымдар көптеп жариялануда. Олардың бірі тылдағылардың тынымсыз еңбегі жайлы болса, екіншісі майдан өтінде болған ардагерлердің естелігі немесе солардың ерліктері туралы жазылады. Танымдық мазмұндағы дүниелер тым сирек. Cол себепті, әдеттегі үрдістен сәл ауытқып, соғыс жылдарына қатысты деректер мен дәйектерге көңіл бөлуді, оқырман назарына қызықты мәліметтер ұсынуды жөн санадық…

Мәселен, сіз Жеңіс күні мерекесінің 17 жыл бойы тойланбай қалғаны туралы білесіз бе? Иә, сөздің тура мағынасында тойланбаған, яғни, аталып өтілмеген. соғыс біткен соң оны халық санасынан өшіру, соғысқа қатысқандарды жаппай еңбекке жегу мақсатында осындай қадамға барған кезең расымен де болған екен. 1948 жылдан бастап, бұл күн жұмыс күні ретінде белгіленген. 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығын кең көлемде атап өту қажеттілігі туындаған. Бұл – елдің етек-жеңін жинай бастаған тұсы. Содан кейін ғана 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесі күнтізбеге «Қызыл күн» ретінде енгізілген.

♦ ♦ ♦

Совет Одағының батыры атағын қанша адам алды және олар қай ұлттардың өкілдері деген сауал да оқырманға қызықты болуы мүмкін, әрине.

Бұл жоғары марапатқа ие болған жауынгер саны – 11 575. Ұлтқа бөлер болсақ, 8 182 орыс, 2 072 украин, 311 беларусь, 161 татар, 108 еврей, 96 қазақ, 91 грузин, 90 армян, 69 өзбек, 61 мордвин, 44 чуваш, 43 әзербайжан, 39 башқұрт, 32 осетин, 19 молдаван, 18 марий, 18 түркімен, 15 литвалық, 14 тәжік, 13 латыш, 12 қырғыз, 10 коми, 10 удмурт, 9 эстон, 9 карел, 8 қалмақ, 7 кабардин, 6 адыгей, 5 абхаз және 3 сахалық (якут).

Осылардың ішінде 86 адам (бір деректерде 87 деп көрсетеді) – әйел жынысынан. Cондай-ақ, жасы он беске толмаған 5 бала (Лёня Голиков, Валя Котик, Боря Цариков, Марат Казей және Зина Портнова) бар.

♦ ♦ ♦

Соғыс кезінде әйел офицерлердің саны қанша болды деп ойлайсыз? 50, 60, 100? Жоқ, олардың қатары біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Нақтылай түссек, 80 мың әйел офицер болған екен. Жалпы, соғыстың басынан аяғына дейін 1 миллионға жетеғабыл әйел адам алғы шепте ұрысқа қатысқан деген дерек бар. Тек қана әйелдерден тұратын атқыштар бригадасы, 3 авиациялық полк және тағы бір резервтегі атқыштар бригадасы құрылған. Қыз-келіншектерге арналған мергендер мектебі, сондай-ақ, теңізші әйелдер де болған.

♦ ♦ ♦

«Ит адамның досы ғой талас бар ма?» – деп басталатын ақын Свет Оразаев ағамыздың өлеңі бар еді. Сол айтпақшы, 60 мың ит соғыстың бел ортасында болған. Иә, кәдімгідей арнайы жаттығудан өтіп, соғысқа қатысқан. Олардың басым денінің мойнына, денесіне жарылғыш заттар іліп, жау танкілерін жою мақсатында пайдаланған. Жаралы жауынгерлерді майдан даласынан алып шығуға машықтанған, мейірбикелердің көмекші иттері де болған. Дегенмен, иттердің көпшілігі – саперлер бригадаларына тиесілі.

♦ ♦ ♦

Соғыс барысында ең үлкен адам шығыны болған ұрыстың бірі – Курск үшін болған шайқас. Фашистер сол ұрыста 360 мың жауынгерінен айрылған деседі.

Ал, Кеңес әскерінің шығыны бұл көрсеткіштен 7 есеге көп деген дерек те бар… Жалпы, адам саны мен оның шығыны – Кеңес Одағы тарапынан аса құпия сақталған мәліметтер санатында.

♦ ♦ ♦

Соғыс жылдарында өздігінен жүретін техниканың жеткілікті болмағаны баршамызға аян. Сондықтан да, сол кездері 350 түйе жүк тасу қызметіне пайдаланылған, яғни, арба сүйреген, техника тартқан. Тіпті, Яшка атты түйе Берлинге дейін барған. Берлин көшесінде арба сүйреген суреті де бар. Бұл түйелер Астрахан қаласында құрылған №28 Қызыл әскер резервіне тиесілі болған.

♦ ♦ ♦

Соғыс жылдары В.Лениннің Кремльдегі денесі Түмен қаласында сақталған. Ал, Кеңес Одағының басшылығы Кремльге әуеден қарағанда көрінбейтіндей етіп «маскировка» жасатқан екен. Неміс ұшқыштары өздерінің қолдарындағы картада бар Кремльдің әуеден қарағанда көзге түспейтініне таң қалған деседі… Бәлкім, таң қалмаған да шығар…

♦ ♦ ♦

Соғыс кезінде Кеңес Одағы Женева және Гаага Конвенциясына қол қоймай қояды. Мұның салдары фашистердің қолға түскен тұтқындарды аяусыз азаптауына алып келген. Неміс билігі бұл қадамға Кеңес Одағының келісімге келмегені үшін ерегісіп барған. Аталған Конвенцияда қолға түскен тұтқындардың құқықтарының сақталу мәселесі қарастырылған.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button