Руханият

Киелі сахнаның көрікті бейнесі

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының белді актрисасы,«Құрмет» орденінің иегері Гүлсара РӘШҚАЛИЕВА бұл күнде жетпістің желкенін керіп тұр. Орал облысында дүниеге келгенімен, оның барлық шығармашылық жолы Қарағандыда жалғасып, Арқа жұртына кең танылған талант. Актрисаның 70 жас мерейтойы туған жері Оралда басталды. Театрда жарты ғасырға жуық талмай еңбек етіп келе жатқан өнер майталманының репертуарында 70-тен астам түрлі образ бар. Сахна саңлағы қазір де көрермендеріне күн сайын рухани ләззат сыйлап жүр.

Сахна шебері алғаш орта мектепті тәмамдағаннан кейін, әншілік қасиетінің арқасында бір жыл Орал облыстық филармониясында жұмыс істейді. Кейіннен эстрада студиясында вокал класы бойынша білім алған болашақ актрисаны жолдамамен Қарағанды облыстық филармониясына жібереді. Осылайша Қарағандыда Гүлсараның шығармашылық ғұмыры ғана басталып қоймай, тағдыры да Қарағандыға байланады. Тұрмысқа шығып, отбасылы болады. Ендігі жерде шығармашылық қуаты филармонияда емес, театр сахнасында жалғасты.

Ол кезеңде Сәкен театрында небір талантты әртістер болды. Гүлсара мен оның замандастарының бақыты – осындай аға-апалары. Қазақстанның халық әртістері Ж.Шашкина, Ә.Абылаева, Қ.Сатаев және тағы басқаларынан сахна сырын үйрене жүріп, өнерден өзіндік жолын таба білді.

Біраз жылдан соң ол Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, жоғары білім алады. Бұл білімі мамандығына тікелей қатысты болмаса да, әлемдік әдебиет үлгілерінен сусындап, көп оқығаны түрлі образдарды шеберлікпен сомдауына септігін тигізгені анық.

Жарты ғасырдан астам театрда еңбек етіп келе жатқан, сомдаған бейнелері өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, көрермендер мен театр сыншылары тарапынан әділ бағасын алған актрисаның өмірі мен шығармашылық еңбегі әрдайым көрермендер көз алдында. Бұл күнде Г.Рашқалиева сомдаған түрлі характерлі образдар саны 70-тен асып кеткен: Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасында – Баян, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Формон, Ш.Уәлихановтың «Ақнұр» пьесасында – Ақнұр, Б.Майлиннің «Шұға» пьесасында – Шұға, С.Жакуповтың «Бажалар мен балдыздарында» – Балғыз, А.Галиннің «Қайран, жас дәурен!» пьесасында Роза Песочинскаяны сомдаса, Д.Исабековтың «Өкпек жолаушысында» – ана, Ә.Несиннің «Өлтірші мені, көгершінім» комедиясында – Сиен, тағы басқа бейнелері актрисаның өзіне тән қолтаңбасымен көрермен көңілінен шығып жүрген бейнелер.

Ол ұдайы ізденісте жүреді, күнделікті рөлдерін дайындауға әрдайым асқан жауапкершілікпен қарайды. Өз мамандығын сүйетін апамыз әрбір образды жандүниесінен өткізеді және сол бейнелерге өзі де ғашық болғандықтан, Гүлсара қатысатын спектакльдерге көрермендер де асығып тұрады.

 Өзінің жетінші ондықты артқа тастағанына қарамастан, еңбекқор өнер адамы бүгінгі шыққан биігіне еш тоқмейілсімейді. Сондықтан да өнер майталманын көрермендері әрдайым сахна атты қасиетті төрден күтеді.

Әртістік өнердің шебері екенін күш-қайраты тасып тұрған жастық шағында-ақ дәлелдеп, театр сыншыларынан жоғары баға алғанын атап өтуіміз керек. Гүлсараның әншілік өнері де оның түрлі бейнелерді әр қырынан ашып сомдауына өзіндік ықпалын тигізіп келеді. Актрисаның қоржынындағы түрлі мінездегі бейнелер бір-біріне ұқсамайтын, жан-жақтылығымен ерекшеленіп, лирикалық, комедиялық, трагедиялық образдар болып тоғысқан.

 Бүгінде ол өзінің әртістік шеберлігі мен бай тәжірибесін жас әріптестеріне үйретуден ешқашан жалықпайды. Қашанда жоғары деңгейдегі актерлік шеберлігіне сызат түсірмейтін, ойнайтын рөлдерінің жаңа қырларын тауып, оны көрермен шынайы қабылдайтындай етіп шығаруға ұмтылатын театр майталманы өнерді өмірім деп біледі.

Гүлекең театрда бірге еңбек етіп, өнердің «ыстығына күйіп, суығына тоңып» келе жатқан әріптес құрбықұрдастарына адал дос, қамқоршы, адамгершілік парызды жоғары ұстайтын жан. Олардың қатарында «тонның ішкі бауындай» араласып, елу жылға жуық уақыттан бері бірінің бірі қуанышын бөлісіп, ауыртплықты қатар көтерісіп келе жатқан Мақпуза, Мекен, Сансызбай мен Алма, Сейітжан мен Роза, Нұржібек пен Махмуд, Сапа, Шайза, Зылиха, Бижамал сонау жылдары жаз бойына шығатын үш айлық гастрольдерде бір үйдің балаларындай болып кеткен әріптестер.

Қазақ театр өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, театрдың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып жүрген өнер саңлағы бірнеше жыл театрдың кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі болды. Г.Рашқалиева жұмысына ұқыпты, аса жауапкершілікпен қарайды. Берілген кейіпкерін нанымды да тартымды етіп, көрермен жүрегінен шығатындай дәрежеде сомдауға аянбай тер төгіп, үлгі-өнеге танытып келе жатқан актриса.

Сахна саңлағының ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, театрға сіңірген еңбегінің жемісіндей, 2002 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалімен, 2009 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, 2012 жылы Қарағанды облысы әкімі сыйлығының «Үздік эпизодтық роль» номинациясымен марапатталды. Бірнеше рет ҚР мәдениет министрлігінің, облыс әкімінің, мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Өресі биік, шабыты шалқар, талғамы зор актриса алдағы уақытта да өнер додасында өрге тасы домалап, көптеген ана бейнелерін сомдайтынына сенеміз.

А. БЕКБОЛАТОВА,

С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button