Мейірім шуағы шашылды

Сәтбаев қаласында Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекелік бағдарламасы аясында көңілге аса қонымды біршама шаралар жүзеге асырылды. Дәлірек айтсақ, қоғамның жанашыр пейіліне мұқтаж мүмкіндігі шектеулі балғындар өздеріне ересек адамдардың ерекше назар аударғанын айқын сезініп, жандары жадырады. Ізгілік және қайырымдылық қағидасымен қабысқан игі істерді жұртшылық қала аумағында биылғы жылдың сәуір айында ұйымдастырылған «Мейірім шуағы» акциясының заңды жалғасы ретінде қабылдады.

Алғашқы кезекте қала әкімі Асқар Ыдырысов «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы, қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы, Достық үйі және кәсіпкерлер қауымдастығы өкілдерімен бірге мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларының шаңырақтарына бас сұқты. Белсенді өмір сүруге құлшыныстары зор балғындардың әрқайсымен жеке пікірлесіп, оларға қаладағы этномәдени бірлестіктер әзірлеген ойыншықтар мен жеміс-жидекке толы себеттерді ұсынды.
Сол күні жеке кәсіпкер Марал Инсебаева «Балапан» ойын-сауық кешенінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 30 балаға ғажайып көңіл-күй сыйлады. Кешен табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді ертегі кейіпкерлері күтіп алып, би алаңына шақырды. Балалар түрлі аттракциондар мен автоматтарда құмарынан шыға ойнау мүмкіндігін иеленді. Мереке құрметіне жайылған көл-көсір дастарқаннан дәм татты.
Кең пейілді кәсіпкер оларға ойын-сауық кешеніне тағы бір мәрте тегін кіру сертификаттарын табыс етті. Мұндағы бағдарламаның шырайлы шығуына Оқушылар сарайының ұжымы мен қаладағы «Аманат» саяси көшбасшылар мектебінің тәлімгерлері қолғабыс жасады.
Жеке кәсіпкер Меруерт Бақбергенованың аппақ пейілінің арқасында ерекше сұраныстары бар қоғам мүшелері санатына жататын 30 балаға арналып «Асаба» мейрамханасында берілген мерекелік түскі ас кішкентай қонақтардың көңілдерін тоғайтты. Олар қала әкімі Асқар Ыдырысовтың құттықтауын қуанышпен қабылдады. Түскі астан кейін әр балаға жеміс-жидек салынған себеттер тарту етіліп, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы атынан балмұздақтар таратылды. Шадыман шаттық құшағындағы балғындар Достық үйі мен Оқушылар сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасын қызыға тамашалады.
Балалар мерекесі күні «Мұрагер» мейрамханасында аз қамтамасыз етілген отбасылары балалары үшін жеке кәсіпкер Меруерт Жағыпарова ұйымдастырған түскі қайырымдылық асы да мейірім шуағын шашқан өнегесімен есте қалды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

СӘТБАЕВ қаласы.
Суретті түсірген
Нурия ИЛЬЯСОВА.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.