Тектілік

Театр өнерінде соңғы кезде өте сирек айтылатын «травести» теген термин бар. Ол итальян тілінде «киім ауыстыру» деген мағынаны білдіреді. Сахнада көбіне ұл балаларды ойнайтын аласа бойлы, нәзік қыздарға айтылады. Қазақ сахнасында Ғ.Мүсірепов   атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көрнекті актрисаларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Аққағаз МӘМБЕТОВА «Алтын кілт» ертегісінде Буратиноны ойнаудан бастап, көптеген балалар образының галереясын шебер сомдап, ұлттық театр тарихында атын қалдырды.

1976 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры жанындағы актерлер студиясын бітіріп келген кішкене ғана сүйкімді қыз Алма Әйткенова (бұл күнде Бекболатова) Сәкен Сейфуллин театрының травести актрисасы болатын. Алғашқы аяқ алысынан-ақ сахнада ұл балаға тән шапшаң іс-әрекеті, еркелей сөйлеу мәнері, алшаңдай басқан жүріс-тұрысы режиссерлердің көзіне бірден түсті. Режиссер Т. Тұңғышбаев Шота Уәлихановтың «Ағнұр» драмасындағы ақылды, ерке Ермектің рөліне дайындағанда Алманың қуанышында шек болмады.

Өйткені, Ермек – ата-әжесінің, әке-шешесінің ортасындағы жалғыз бала, онда да асырап алған. Бәрінің алданышы да, қуанышы да, көзінің ағы мен қарасы да – Ермек. Өмірде көп кездесетін, өз замандасы, өмірін жақсы білетін Алма сахнада ерекше шабытпен, ерке болса да түсінігі мол, білуге құштар баланың образын әсерлі сомдады.

Алма – көп балалы шаңырақта тәрбиеленген, ата-анасының тұңғыштары. Әкесі Нұрмұхан Әйткенов – Павлодар облысында белгілі қоғам қайраткері. Ұлы Отан соғысы кезінде балалық бал дәуренін егіс даласында, колхоз жұмыстарында өткізіп жүріп те мектепті жақсы оқиды. 1952 жылы Талапкер орта мектебін ойдағыдай бітіріп, Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түсіп, бітірген соң, елге келіп қызметке кіріседі. 
1965 жылы Май ауданы құрылғанда, алғашқылардың бірі болып аудан экономикасы мен әлеуметтік саласының өркендеуіне атсалысқан. Өмірінің соңына дейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы жоспарлау бөлімінің бастығынан бастап, аудандық тұтынушылар одағының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары болып, абыройлы қызметтер атқарды.

Анасы Лаура Өтебайқызы – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі ақын Өтебай Тұрманжановтың қызы. Нұрмұхан аға екеуі қосылғанда тойда кемеңгер жазушы М.Әуезов те болып, екі жасқа игі тілегін білдірген. Әкесі Нұрмұхан, анасы Лаура – өз заманының алдыңғы қатарлы зиялы өкілдері. Еліміздің экономикасы мен алыс аудандар шаруашылығының көркеюіне өмірін арнаған ерекше жандар.
Алма Алматыдағы театр студиясына оқуға түскенде нағашы атасының «Отан» деген өлеңін жаттап, сол кісінің ақылымен Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесінен – үзінді, Шона Смаханұлының сатирасын оқып, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры жанындағы актерлер студиясына өте дарынды актер-режиссер Р.Сейітметовтің (Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік және жастар сыйлықтарының лауреаты) шеберханасында тәрбиеленіп, өнерге жолдама алып шықты. Нағашы атасы мен әжесі сүйікті тұңғыш немерелерін ерекше жақсы көретін. Алма да атасының қолдарында болғанын мақтаныш ететін. Атасының үйіне келген ақын-жазушылармен етене жақын білісіп, әрқайсының шығармашылығымен танысып, ой-өрісін кеңейтті. Атасының тәрбиесінің жемісі мен әдебиетке деген ынтасының арқасында бүгінгі таңда театрдың әдебиет жөніндегі меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып жүр. 
1991 жылы Павлодарда қазақ музыкалы драма театры ашылғанда театрды ұйымдастырып, алғаш ашқан талантты режиссер-педагог Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын Тәпенов Алманы әдебиет бөлімінің меңгерушілігіне, жолдасы С.Бекболатовты актерлік құрамға шақырды. Алманың тыңғылықты ізденісінің арқасында режиссерлермен келісе отырып, репертуар таңдаудағы басқа тілдерде жазылған драмалық дүниелердің төл тіліміздегі аударма сапасының көркемдігіне көп көңіл бөлініп, театр репертуарының бүгінгі күнге үндес, драмалық қойылымдары көрермендер мен сыншылардан жоғары баға алды.
2016 жылы театрдың 25 жылдық мерейтойында алғашқы қарлығаштарды сахнаға құрметпен шақырғанда, Алма Нұрмұханқызын «театрымыздың алғашқы әдебиет бөлімінің меңгерушісі» деп, сахна төріне шығарып, құрмет көрсетті. Бұл күнде Алма әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында еңбек жолын абыройлы жалғастырып келеді. Басқа ұлт өкілдеріне түсінікті болу үшін ілеспе аудармамен тікелей аударып, заман талабына сай үлкен жұмыс тындыруда.
Кішкентай ғана Алманың үлкен жүректілігі, еліне, халқына деген адалдығы 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында көрінді. Кейбіреулер сияқты «қызықтап көруге бара жатырмыз» деп жалтармай, кес-кестеп ұстап алған милицияға «қарсылығымды білдіруге бара жатырмын, ұлт саясатында өзін-өзі басқару керек деп жазылған емес пе? Неге қазақстандық басқармайды?» деп, жалтармастан жауап беріп, қоршаған шептен өтіп, митингішілерге қосылып, өзінің патриоттық
абыройын асқақтатқан жігерлі азаматша. 
Сол ерлігі үшін бірнеше ай тергеп-тексеру машақатымен, жас сәбиін жолдасына қалдырып, бірнеше сағат бойына сұрақ-жауаптың астында қалған күндері болды. Сонда да ешкімнің үгіттемегенін, өзінің жүрек қалауымен барғанын тайсалмай айтумен болды. Жан тазалығы, еліне деген сүйіспеншілігі, Отан алдындағы ары ақыры ақтап алып шықты. Міне, істеген ерлігін жалаулатпай, азаматтық борышын өтеген жан.
Театр сахнасында қойылған М. Кәрімнің «Ай тұтылған түн» драмасындағы Ешмұрза, Д.Исабековтің «Әпке» драмасында Ермек образдарын даралап, бір-біріне ұқсамайтын, есте қалатын кейіпкерлер етіп өз қолтаңбасымен қалдырды.Тек, балалар образдарын ғана ойнап қоймай, театр сахнасында классикалық шығармаларда да өз шеберлігін мойындатқан артист. Сахнада бүгінгі күнгі замандастар бейнесін жастықпен жарқырата бейнелеген образдары көңілге қонымды. Т. Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы Алма, Ш.Уәлихановтың «Ағнұр» драмасындағы Бота, Д.Исабековтің «Әпке» драмасындағы Светлана бейнелері бүгінгі жастардың бойындағы күнделікті кездесетін «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирендіретін» бейнелер. Әсіресе, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» драмасындағы Баян образы соған дәлел. Ару Баянның талшыбықтай жайқалған нәзіктігі мен инабаттылығы сол заманның қазақ қыздарына тән іс-әрекеті, жауына аттанғанда батыр сауытын кигендегі қазақтың қайсар қыздарына тән шиыршық атып шыға келетіні, бәрі де жарасымды. Қозымен алғаш кездескендегі қуанышты сәті мен Қозыдан айрылып қалғандағы трагедиялық жағдайдағы Баянның ішкі жан-дүниесін қимастықпен жүрек тебіренте жеткізеді.
Сахнада сәтті сомдалған кейіпкерлерінің ішіндегі шоқтығы биігі – Баян образы болып қалды. Көзін жасқа бұлай бермей, өмірімен қоштасар сәтіндегі ішкі жан тебіренісін, махаббаты үшін өмірден өз еркімен кетіп бара жатқан Баян сұлуды өлімге қимайсың. Бірақ, пәк сезімі үшін, махаббатты өлімнен биік қойғаны үшін қимастықпен қоштайсың, үлгі тұтасың. Асыл махаббаттың қасиетін ұғасың да, мойындайсың. Алманың «Баян сұлуы» нағыз махаббат символы болып Қарағанды
сахнасы тарихында қала береді. Бұл образдың осындай биік дәрежеге көтерілуі Алманың жан-дүниесіне ортақ.
Өмірде де өзі махаббатқа берік жан. Жүрегі таза. Ешкімге жамандық жасамақ түгілі, ойламайтын, қолында барын үлестіре салатын кеңпейіл жомарт. Жолдасын әрдайым құрмет тұтып, жоғары қоюы – қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі. Өйткені, нағашы әжесі де, анасы да – отағаларына ерекше құрметпен қараған қазақ әйелдері.
Солардың тәрбиесін көріп өскен Алма өзінің тектілігін ұл-қыздарына мирас етіп жүрген аяулы ана, саялы әже. Әйткеновтер әулеті – ұрпақтар сабақтастығын үзбей, бабалар дәстүрін сапалы сақтап, өніп келе жатқан ұлағатты жандар. Отбасынан басталған өнегелі тәрбие кең қанат жайып, өрісі ұлғайып келеді. Бір кездері тұңғыштары Алмадан басталған әулеттің үш ұл, төрт қызы бүгінгі таңда өздері де ата-әже болып, мәуелі бәйтеректей жайқалып отыр.
Әулеттің барлық балалары қандарына сіңген, саналарына ұялаған тектіліктің, балтамен шапсаң да жоғалмайтын ұлттық тәрбиенің асыл мұрасын бойларына сіңірген. Тектілігін мирас етіп, ұрпақтарына нұр шашып, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне ерекше үлес қосып жүрген әулеттер аз емес, солардың бірі де, бірегейі – біз бүгін әңгіме еткен Әйткеновтер әулеті және олардың тұңғыш қызы, өнер майталманы Алма Бекболатова.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.