Міндетіне адал жандар қызметі

Ғасырлар бойы адамзат барлық аурулардан дәрі болатын дәру іздеді. Аурулар, олардың себептері мен пайда болу салдары туралы ғылым – медицина осылай пайда болды. Қазіргі медицинаның күрделі міндеттерінің бірі – қанның қауіпсіз компоненттерін дайындауды ұйымдастыру.

80 жыл бойы облыста қан қызметі өз жұмысын сәтті атқарып келеді. Ол тарихи қысқа уақыт ішінде адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін жағдайларда медициналық көмек жүйесі ретінде қалыптасты. Бүгінде онсыз онкогематология, хирургия, онкология, травматология және ортопедия, педиатрия, акушерлік және гинекология сияқты медицинаның табысты қызметін елестету мүмкін емес.

Алғаш рет Қарағандыда қан құюды 1936 жылы республиканың еңбек сіңірген дәрігері, Денсаулық сақтау үздігі Герман Алалыкин қолданды. Екі жылдан кейін облыстық қан құю станциясы ұйымдастырылды. Оның бірінші басшысы болып Маргарита Раева тағайындалды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында станция Қарағандыда орналасқан Азаматтық емдеу мекемелері мен эвакуациялық госпитальдарды қанмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етті. Соғыстан кейінгі кезеңде қан құю станциясын Никанор Поляков, Петр Трофимов, Юрий Капилович басқарды.

Анна Тостановскаяның басшылық қызметіне кірісуімен Қарағанды қан қызметі республикада жетекші және КСРО-дағы ең үздіктердің бірі болды. Бұл кісінің таланты қан дайындау көлемін 6 есеге арттыруға ықпал етті. Осы кезеңде кәсіпорын Терешкова көшесіндегі 40 жыл бойы (1971 жылдан 2011 жылға дейін) жұмыс істеген жаңа ғимарат алды.

Қарағанды облыстық қан құю станциясы ғылым ұсынған барлық жаңалықтарды игеруде алғашқылардың бірі болды: экспресс әдіс үшін антирезус әмбебап сарысуын дайындау әдістемесі игерілді, плазманы кептіру бөлімшесі ұйымдастырылды, плазмаферез әдісі заманауи Рефрижераторлық центрифугаларда енгізілді, альбумин және криопреципитат ерітіндісінің өндірісі игерілді, протеин шығару жолға қойылды.

Республиканың дербес мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы кезеңінде облыстық қан орталығын көрнекті басшылар, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар: Ольга Степанова, Владимир Локтионов, Ерденбай Әбілқасымов басқарды.

Оралхан Әмірханов, Ізядин Төлеев, Гүлсім Смағұлова басқарған Теміртау, Балқаш және Жезқазған қалаларындағы қан орталықтарымен ауруханаларды донорлық қанмен дер кезінде қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыстар лайықты жалғасын тапты. 2002 жылдан бастап қан беруге қарсы көрсеткіштері бар тәуекел тобы тұлғаларының деректерін есепке алудың электрондық базасы табысты енгізілді, диагностикалық, зертханалық және тоңазытқыш жабдықтардың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Компоненттерді ұзақ уақыт сақтайтын қан банкі ұйымдастырылды. Осы кездерде орталықтың ескі ғимараты ыңғай ластырылса да талаптарға толық жауап бере алмады.

2011 жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа облыстық қан орталығын салтанатты түрде ашты. Нысан «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік құрылыс бағдарламасы аясында салынып, заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Бүгінде орталықта донорларды қабылдауға қолайлы жағдай жасалған, бірегей жоғары технологиялық аппаратура, қан арқылы берілетін инфекцияларды анықтауға арналған автоматты талдағыштар бар. Қан алудан бастап дайын өнім шыққанға дейінгі барлық кезеңдер орталықтың бірыңғай ақпараттық жүйесіне деректерді бере отырып, тұрақты автоматтандырылған бақылауда болады.

Қан орталығында донорлық қанды дайындаудың және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи технологияларын үздіксіз игеретін білікті мамандар жұмыс істейді. Оқу мақсатында олар жыл сайын жақын және алыс шетелдерге барады, Астана қаласының трансфузиология Ғылыми-өндірістік орталығымен және республиканың өңірлік қан қызметтеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасады.

Медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2017 жылы облыстық қан орталығы қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары үшін ұлттық стандарттарға сәйкестігін растаудан өтті. Аккредиттеу нәтижелері бойынша Қан орталығына бірінші санат берілді.

– Жыл сайын облыстың 43 медициналық ұйымында 3 мыңнан астам пациентке донорлық қан құйылады. Қан қорын толықтыруға мүмкіндік беретін қозғалысқа облыстың 8 мыңнан астам азаматы қатысады. Халықтың азаматтық ұстанымы мен қан орталығы ұжымының күшімен 100 пайыз өтеусіз донорлыққа қол жеткізілді, бұл біз үшін үлкен жетістік болды, – дейді облыстық қан орталығының басшысы Төлеген Садвакасов. – Біз осы игі миссияға көп адамдарды тартуға тырысамыз. 80-нен аса ақысыз қан тапсырушы донор «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағына ие болды, біз оларды мақтан тұтамыз. Жалпы, бай тарихы бар Қарағанды облысының Қан қызметі донорлық қозғалысты, жоғары технологияларды, зияткерлік әлеует пен кәсібилікті дамыта отырып, өзінің басты миссиясы – адам өмірін құтқаруды жалғастыруда.

 Өз тілшімізден.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.