Жаңалықтар

Премьер-Министрдің орынбасары көпбалалы аналарды қабылдады.

Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа бағдарламалық тапсырмаларын іске асыру бағытында көпбалалы және мүгедек балалары бар аналарды қабылдады.

Үкімет мүшелері әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған іс-шараларды баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Қабылдауға алғаш кірген Сайда Жаманкереева – көп балалы, жалғызбасты ана. Ол үйге мұқтаж жандардың бірі.

Материалдық тұрғыдан көмек көрсетіліп жатыр. Шыны керек, отын, тамақ, киім жағынан жақсы көмектесуде. Үлкен рахмет айтамын. Бірақ, баспана болмаған соң қиын. Енді сол баспаналы болуға қол ұшын берсе екен, – деді ол.

– Арнайы әлеуметтік көмек мөлшері көбейген сайын жағдайыңыз жақсарады. Содан кейін, бір бөлмелі пәтер жалдауыңызға да болады, – деп жауап берді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Ал, Орал қаласының тұрғыны Жанаргүл Гупинаның ұлы Дәулет Дәнібеков бала жасынан мүгедек. Өткен жылы мектепті бітірген. Анасы осы баласына алыстан оқыту әдісімен мамандық алып шығуға көмек сұрайды.

Бұл мәселе де оң шешімін табатын болды.

Келушілердің сұрап отырғандары – үй, жәрдемақы сияқты өзекті мәселелер. Бірақ, олар жұмыс істеуге де ынталы екендіктерін көрсетіп отыр. Кәсіп ашу, үйде отырып ақша табу туралы сұрақтар болды. Біз көмектесуге уәде бердік. Ірі кәсіпкерлермен кездесу кезінде осы сұрақтарды қоямыз, – деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Ал, Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болған тұрғындар да, өз сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Орал қаласы маңындағы «Виктория» саяжайында уақытша тұрып жатқан Әсел Жұбаева да, тұрғынжайға мұқтаж. Күйеуімен ажырасқан біраз жылдардан бері, әлименті де жиналып қалған.

Өздеріңіз куә болдыңыздар, халықпен кездестік, көптеген сұрақтар қойылды. Солардың барлығына әріптестеріммен бірге жауап бердік, деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Басқа материалдар

Back to top button