Жаңалықтар

Білгенге маржан

Тұман

«Қысың тұман болсын, ауруың тұмау болсын» депті қазақ. Солай айта отырып «Тұманның соңы – жұт, тұмаудың соңы – құрт» деп ескертеді. Тегін емес екен. 1952 жылы Лондонды басқан төрт күнгі қалың тұманнан төрт мыңға жуық британдық көз жұмыпты. Көбі жол апатынан, біршамасы көк түтінге көмілген тұманды ауаны жұтып, көкіректен кеткен бұл өмірден.

Бізде де тұман болып тұрады. Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларын былтыр тымық күндері көк түтін мен тұман тұмшалағаны есте. Жұтпен, құртпен ойнауға болмайды.

Пигмей

Жер жүзіндегі ең тапал адамдарды пигмей дейді. Ер адамдарының ең ұзыны 140 см, әйелдерінің бойы мұнан да аласа болады екен. Мұндай ергежейлі адамдар эквадорлық Африканың Конго бассейніндегі Итури өзенінің жағалауларын мекендейтін көрінеді.

Әлем ғалымдары ергежейлі адамдарды әдейі барып, барлық жағынан медициналық, генетикалық тұрғыда егжей-тегжейлі зерттепті. Пигмейлердің өсуіне, бойына әсер ететін ішкі секрециялық органдарынан ешқандай ауытқу, ауру таппаған.

Оларды бір Алламыз осылай жаратыпты.

Лихтенштейн

Лихтенштейн княздігі Еуропаның тап ортасында Аустрия мен Швейцарияның шекарасында орналасқан. Жер аумағы небары 160 шаршы километр. Айталық Қарағанды қаласы жер көлемінің жартысындай ғана. Бар жоғы 36 мыңнан астам халық тұрады. Астанасы – Вадуц. Ең алдыңғы қатардағы өндірісі – протез тіс өндіру. Жылына 70 миллиондай алмалы-салмалы тіс жасайды. Бұл бүкіл Еуропаны жасанды тіспен қамтуға жетіп-артылатын көрінеді.

Маржан терген Мағауия СЛАНБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button