Жаңалықтар

Керемет оқиға…

1994 жыл. Ауылда жұмыс жоқ. Жарық өшкен. Нан пiсiретiн ұн таппаған адамдар кебекті илеп жей бастаған кез. Бұл ауыл аудан орталығынан 40-50 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қыста қар басқан жолды ашатын техника жоқ. Сондықтан, ауыл адамдары қар қалыңдамай тұрып, қыстың басында аудан орталығынан азық-түлiктерiн тасып алып, көктемге дейiн жан бағады. Ауқаттылары атына шана жегіп, керегін ауданнан алдыртып жататын. Сол жылдың күзiнде араға аз уақыт салып бiрiнен соң бiрi ерлі-зайыпты адамдар қайтыс болып, артында улап-шулап 5 қыз жетiм қалды. О дүниелiк болған ата-аналарының туыстары ақылдаса келiп, қыздарды жетiмдер үйiне өткiзбек болып, ауданнан автобус шақыртады. Отыз жылдан астам совхоздың қойын бағып, адал еңбегімен үлесін қосқан сол ауылдың тұрғыны Тiлектес ”жетiм қыздарды өз қамқорлығыма аламын” деп елдiң iшiн дүр сiлкiндiрдi. Мұндайды күтпеген ауыл басшысы:

– Сiздiң бұл шешіміңiз сауапты iс. Бiрақ, өзiңнiң 4 қыз бен 1 ұлың бар, оның үстіне мынау 5 қызды алсаң қалай асырамақсың? Жұрт өзiнiң 1-2 баласына азық пен киiмдi қайдан аларын бiлмей жүргенде, он баланың салмағы ауыр тимей ме? -деп тоқтатпақ болды. Белдi бекем буған Тiлектестiң алған бетiнен қайтпайтынына көзi жеткен ауыл басшысы жалғыз өзi шешім қабылдауға шамасы жетпеген соң аудан әкiмiне хабарласады. Көп күттірмей аудан әкiмi де ауылға келеді. Ол да ары-берi айтып көндiре алмаған соң:

– Олай болса, Сiз бiр қызды алыңыз! Бiреуiн ауыл басшысы, бiреуiн мектеп басшысы, тағы бiреуiн аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы алсын, – деп шұбырта жөнеледі. Соңына дейiн сабырлық сақтап тыңдап болған Тiлектес:

– ”Бiр қой егiз тапса, шөптiң басы айыр шығады”. Ауыз жаратқан Құдай оны нәпақасыз калдырмайды! Асыраушы – АЛЛА! Ал мен, себепкер ғанамын. Жетiмдiктiң не екендiгiн мен жақсы бiлемiн. Әкемнен 3 жаста, анамнан 12 жасымда айырылып қалдым. Сондықтан, бұл балалардың барлығын мен аламын. Бөлiп беретiндей сендерге бұлар мал емес, – деп сөзiн түйдi.

Келiспеске амалы қалмаған атқамінерлер өз жөндеріне кетті. Ал ауылдың сөз аңдып, өсек терiп, қыңыр сөйлеп қалғандары:
– Байқа, Тiлектес! Ертең тамақ таппай он баламен шұбырып, ел кезiп кетiп жүрме, -деп қағытып жатты.

5 қыз жаңа қонысқа жайғасқан соң, бiр ай өтер-өтпес уақыт шамасында бейтаныс бiр жiгiт ауылға келiп диiрмен сала бастады. Темiржол мен тас жолдардың бойына жайғасқан ауылдарға қарамай, жолсыз жатқан ауылға диiрмен салуы талайды таңғалдырды. Десек те, бидайларын үктірiп алуға келiп-кететiн көлiктермен баратын жерiне жетiп алатын мүмкіндікке қол жеткiзген ауыл тұрғындары үшін бұл диiрмен құтты болды. Диiрмен иесi ауылдағы Тiлектестiң шаңырағында жақында болған оқиғаны ести салысымен сол үйге барды. Естiгенiн көзбен көрген соң разы болып:

– Сiздiң бұл жасағаныңыз үлкен ерлік екен! Ұн жағын уайымдамаңыз! Ай сайын 5 қап ұн және наубайханадан күнде қалағанша нан алып тұрыңыздар! Қарсы болмасаңыз мен Сiздi жұмысқа қабылдап жалақы да төлеп тұрайын, -деп аяқ астынан жарылқап тастады. 
Бiр қызығы – әу баста күле қарап, ”тамақ таппай ел кезiп кетпе” деп мазақ еткендер керiсiнше осы үйден қолдарына ыдыстарын ұстап ұн сұрап келетiн болды.

Осыдан соң 6-7 жылдай ауылда тұрған Тiлектес балаларын оқыту үшiн қалаға көшуге мәжбүр болды. Жетімдердi қанатының астына алғанына бiр ай өтер-өтпес уақытта диiрмен ашылып, бұлар ауылдан көшкен соң сонша уақыттан соң диiрмен жабылды. Түсiнген адам үшін бұл оқиғада зор хикмет бар. АЛЛА ТАҒАЛА жетiм қыздарды ризықтандыру үшін бiр құлына диiрмен салдырып қойып, оның iсiне береке берiп қойды. 
Ал, осы оқиғадағы Тiлектес атты кейiпкер -менiң марқұм әкем едi…

Арман Тілектесұлы Бердалин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button