Абайлықтардың жалақысы өседі

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елімізді өркендету жолында 6 басымдыққа ие бағыт арқылы берік экономикалық негіз қалыптастыра отырып, отандастарымыздың тұрмысын көтеру туралы айтты. Жолдаудың алғашқы бағытында Мемлекет басшысы халық табысын өсіруге басымдық берді.

«Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды», – деді Президент.
Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Абай ауданында да бұл мақсаттағы шаралар қарқынмен жүзеге асырылуда.
Жақында Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов өңірдегі кәсіпорын, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттар бойынша кәсіпкерлер келесі жылдың қаңтар айынан бастап өздеріне қарасты жұмыскерлердің жалақысын 20 пайызға дейін өсіруге міндеттеледі.
Өз кезегінде Бауыржан Қоңырбайұлы шағын және орта бизнес басшыларына бір кісідей қолдау танытқаны үшін ризашылық білдіріп, оңды бастамаларды жүзеге асыруда аудан жұртшылығын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Қазіргі таңда аудандық әкімдік тарапынан кәсіпорын жұмысшыларының ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары қарқынмен жалғасуда.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.