Жаңалықтар

Қауіпсіз еңбек – әркімнің құқығы

Қарашаның басында Қарағандыда халықаралық конференция өтті. «Қазақстанда еңбек медицинасының өзекті мәселелері: хризотил және денсаулық» деп аталған шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Үндістаннан және еліміздің әр аймағынан осы мәселемен айналысып жүрген жүзден астам қатысушы жиналды. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің мұрындық болуымен өткен шара екі күнге созылды.

– Медицина қызметкерлерінің еңбек медицинасына қатысты концептуалды мәселелерді талқылауға қатысуы еңбек адамының денсаулығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді шешімдерін бірлесіп айқындауға мүмкіндік береді. Сол себепті де мұндай шаралардың маңыздылығы зор. Қауіпсіз еңбек жағдайы – өнімді еңбектің кепілі. Кәсіби қауіпті басқару концепциясын бекіту мәселесі – өндірістегі жұмысшылардың денсаулығын қорғау және нығайту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, гигиеналық жағдайларды болжап, тиімді шешім қабылдау үшін бүгінгі медицина саласындағы аса маңызды ғылыми зерттеулер бағыты, – деді оқу орны ректоры Раушан Досмағамбетова.

Конференцияда еліміздегі еңбек медицинасына, оның ішінде, асбетпен жұмыс жасау кезіндегі кәсіби аурулар туралы гигиеналық, клиникалық-эпидемиологиялық және тәжірибелік зерттеулердің нәтижесі айтылды. Кәсіби тәуекелдерді бағалау, хризотилды кәсіпорындарда еңбек ететін жұмыскерлердің денсаулығының жайы, әсіресе, құрамында хризотилы бар шаң-тозаңның адам ағзасына әсерін бағалау бойынша жасалған тәжірибелік-зерттеу жұмысы талқыланды. Конференцияға қатысқан ғалымдар өздерінің зерттеу нәтижелерін алға тарта отырып, еңбек ететін тұрғындардың денсаулығын қорғау мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болуы керек екенін сөз етті.

2004 жылдан бері хризотилдың адам денсаулығына әсерін жан-жақты зерттеумен айналысып келе жатқан Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ғалымдары жұмыстарының нәтижесін ұсынды.

– Хризотил-асбест әсерінен болуы мүмкін қауіптердің алдын алу және жою бойынша ұлттық бағдарлама дайындау қажет. Ол үшін республика аумағында хризотил-асбестті материалдарды өндіруге, пайдалануға, қайта өңдеуге қойылатын гигиеналық талаптарды негізге алып, тұрғындар мен жұмысшылардың денсаулығына келетін қауіпті ескере отырып нормативтік-құқықтық заңнамаларды жетілдіру керек. Қоршаған ортада, атмосфералық ауада, жұмыс аймағы ауасында хризотил-асбестті шаңның мөлшерін бақылаудың заманауи әдістерін қарастыру, сондай-ақ жұмысшылар мен кен орнына жақын орналасқан тұрғындардың денсаулығын бағалау мақсатында кең көлемді эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу керек, – дейді оқу орнының ғылыми-зерттеу санитарлық-гигиеналық лабораториясының жетекші ғылыми қызметкері Жеңісбек Жарылқасын.

Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды облыстық филиалы директоры Ертай Отаров еліміздің еңбек әлеуетін дамыту, жұмыскерлердің кәсіби ауруларын азайту әлеуметтік саясаттың басым бағыттары екенін айта келіп, бірқатар деректерді алға тартты.

– Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемде аса қатерлі жұмыс орындарында 2 млн. 400 мың адам көз жұмады, ал, 380 мың адам жазатайым оқиғалардан қайтыс болады. Ресми статистикалық мәліметтер бойынша өткен жылы елімізде медициналық тексерістен өткен 1 млн. 700 мың адамның 370 мыңы, яғни, әр төртіншісі денсаулығына зиян келтіретін жұмыс орындарда істейтіндігі анықталды. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда кемімей келеді. Осы жылдарда 2300 адамда кәсіби аурулар алғаш рет анықталған, – деді Е.Отаров.

Профессор сонымен қатар, хризотилдың қатаң бақылаумен өндірілген және тиісті мөлшерден аспаған жағдайда ағзаға зиян келтірмейтіндігін алға тартты. Хризотил-асбет шығатын әлем бойынша бесінші орындағы кен орны және Орталық Азиядағы жалғыз шикізат базасы Қостанай облысы, Жетіқара қаласында орналасқан. «Қостанай минералдары» АҚ – хризотил өндіретін және өңдейтін еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Кәсіпорын жылына 200 тонна өнім өндіреді, онда 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнім құрылыста, жол жөндеуде, көлік бөлшектерін жасауда таптырмас шикізат болып табылады.

– Қазіргі таңда хризотилді қолданудың денсаулық пен қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша бірыңғай көзқарас жоқ. АҚШ пен Еуроодақта хризотилді-асбестті қолдануға тыйым салынған. Конференция аясындағы зерттеулер әлемдік деңгейдегі талқылауда біздің елдің көзқарасын білдіруге негіз болады, – деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменттің басшысы Қайрат Баймұхамбетов.

Келер жылы өтетін Роттердам конвенциясында асбетті тыйым салынған тізімге қосу мәселесі көтерілмекші. Соның қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі шара мәселені жан-жақты қарастыруға шақырды. Бұл мәселеде Ресейдің саясатын білдірген Н.Измеров атындағы еңбек медицинасы ғылыми-зерттеу институты өкілі Евгений Зибраев та біздің ғалымдардың көзқарасын бөліседі. Ғалым баяндамасында қолданыстағы асбеттің екі түрінің, адам денсаулығына зияны мейлінше аз – хризотилды асбеттің қатаң бақылау негізінде тұрмыста да, өндірісте де қолданылуы мүмкін екенін атап өтті. Үндістанның асбетті өндірісі туралы доктор Вивек Чандра тоқталды.

Пленарлық отырыс түстен кейін де жалғасын тапты. Бас қосудың екінші күнінде ғалымдар бірнеше секциялар бойынша жұмыс жасады. Конференция соңында ғалымдар резолюция әзірлеп, оны еліміздің министрліктеріне ұсынбаққа келісті.

Әлеуметтік қауіпсіздік пен азаматтардың бақуаттылығын бірінші орынға қоятын еліміз үшін бұл мәселе аса маңызды. Қоғамдық денсаулық сақтаудың инновациялық жолдарын іздеу 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында қарастырылған. Елбасының Ұлт жоспары – 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 қадамның бірінде «Еңбек қатынастарын ырықтандыру» деп атап көрсетілген болатын.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button